АЛЖИР (“Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері”, “Акмолинский лагерь жен изменников Родины”) — Сталиндік тоталитарлық жүйе кезінде “халық жаулары” саналып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, шаруашылық, партия-кеңес басшыларының, қарапайым адамдардың әйелдері мен қыздары жазықсыз жазасын өтеген Ақмола облысындағы лагерь. Ол Қарағанды лагерінің (“Карлаг”) 26 бөлімшесі ретінде қазіргі Астана қ-ның оңт.-батысында, Төңкеріс (Малиновка) елді мекенінде КСРО Ішкі Істер Халық Комиссариатының (НКВД) 1937 ж. 15 тамыздағы 00486 бұйрығы негізінде құрылған. КСРО ОАК-нің 1934 ж. 8 маусымдағы қаулысына сәйкес “отанын сатқандардың” отбасы мүшелеріне 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5 жылға Сібірдің алыс аудандарына жер аудару жазасы белгіленген. А. лагері 30 мың га жерді алып жатты. Оның Қарағанды, Ақмола өңірінде бірнеше бөлімшелері болды. А. тұтқындары егін екті, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты. Ұлы Отан соғысы жылдары А-де 8 мыңнан астам тұтқын әйел ұсталды. Лагерьде КСРО мемл. басшыларының, әскери қолбасшылардың әйелдері мен жақын туыстары, Қазақстан басшы қызметкерлерінің әйелдері мен балалары, жақын туыстары жапа шекті. Онда маршал М.Н. Тухачевскийдің қарындасы Е.Н. Тухачевская, А.С. Енукидзенің әйелі мен қызы, С. Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б. Майлиннің әйелі Күнжамал, Т. Рысқұловтың әйелі Әзиза, С. Қожановтың әйелі Күләндам, С. Меңдешевтің әйелі Рәзия, Т. Жүргеновтің әйелі Дәмеш, Н. Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, С. Асфендияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Сағадат Тәштитова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Кира Нұрмағамбетова (лагерьде атылды), Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Сақыпжамал Назарова (Зарап Темірбековтың әйелі), Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қалменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина, т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар “жазасын” өтеді. Лагерьге анасымен бірге түскен сәбилер 2 — 3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып алынып, балалар үйлерінің “тәрбиесіне” берілді.
А. 1950 жылдың басында таратылып, оның тұтқындары басқа лагерьлерге ауыстырылды, жер аударылды, мерзімін өтегендер босатылды. Бірақ 1956 — 57 ж. саяси репрессия құрбандары ақтала бастаған кезге дейін олардың көпшілігі өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайтып оралуға құқы болмады. А. туралы тек 80- жылдардың соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады. Ол жөнінде деректі “АЛЖИР” фильмі түсіріліп, “Кебенек киген арулар” пьесасы жазылған.