АЛЕУТТЕР

АЛЕУТТЕР (өз атауы унанган) АҚШ-тың байырғы халықтарының бірі. Алеут аралдарында, Аляска түбегінде, соған жапсарлас аралдарда, Ресейге қарасты Командор аралдарында (550 адам) тұрады. Жалпы саны 6 мың (1996). Үлкен монғол нәсілінің арктикалық (эскимос) бұтағына жатады. Тілі алеут-эскимос шоғырын құрайды. Ағылшын, орыс тілдерінде сөйлейді. Ертеде Азиядан келіп қоныстанған. Орыс географтары 1747 ж. Алеут аралдарын ашқанда жергілікті тұрғындарға А. атауын берген. 1867 ж. Алеут аралдары мен Аляска АҚШ- қа сатылды. Дәстүрлі шаруашылығы — теңіз хайуанаттарын (теңіз мысығы, сивуч, капан) аулау, балықшылық. Тастан, сүйектен еңбек құралдарын жасайды, көп ескекті байдаркалармен жүзеді. Ирокездермен туыстас. Ұлттық киімдері: парка — теңіз мысығы терісінен тігілген тұйық тон, кампейка — теңіз хайуандары ішегінен жасаған күрте, аяқ киімі — теңіз хайуанаттары терісінен тігілген — торбастар. Негізгі тамақтары: теңіз хайуанаттары, құс, балық еттері. Діні — аруаққа сену, шамандық. Қазіргі уақытта теңіз мысықтарын (күзен) асыраумен, мал өсірумен, бақша егумен айналысады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *