АЛЕКСАНДРИЯ ШАМШЫРАҒЫ — “Әлемнің жеті кереметінің”бірі саналатын, б.з.б. 280 ж. салынған архитектуралық құрылыс. А. ш-н Ніл аңғарына таяу, Фарос аралының шығыс бөлігіне Мысырт патшасының (Птоломей әулетінің өкілі) бұйрығымен книдтік Сострат тұрғызған. Кейінгі ұрпаққа өз атын қалдырғысы келген сәулетші шамшырақтың мәрмәр қабырғасына “Книдтен шыққан Декстифонұлы Сострат, теңізшілердің амандығы үшін құтқарушы- құдайларға бағыштайды” деп жазған. Бірақ патшаның қаһарынан қорқып, жазудың үстін сылап бетіне әміршінің атын жазған. Уақыт өте келе сылақ түсіп қалып, ел сәулетшінің өз атын білді.
А. ш. өз заманындағы өнер мен ғылымның ғажайып үлгісі болып табылады. Биікт. 120 м шамасындағы үш қабатты мұнараның бірінші қабаты орасан зор шаршы көлемде әктастан тұрғызылған. Екінші қабат сегіз қырлы мұнарадан тұрады, оның сегіз қыры белгілі сегіз желдің бағытына қарай орналастырылған. Бізге жеткен деректерден осы екінші қабатта флюгер (желдің бағыты мен жылдамдығын анықтайтын құрал) міндетін атқарған ескерткіш-мүсіндердің болғаны анықталды. Мәрмәрмен қапталған мұнара зәулім шамшырақпен аяқталады. Осы үшінші қабат гранит колонналар тіреп тұрған күмбезбен жабылған. Күмбез басына өте алыстан анық көрініп тұрған теңіз құдайы Посейдонның 7 метрлік қола мүсіні қойылған. А. ш. өзінің негізгі міндеті — теңізшілерге жол көрсетуден басқа, бекініс қызметін де атқарған. Құрылыстың ішінде ауыз су құйылған күбі сақталған. Ішкі бұрама баспалдақ арқылы алауға жанармай беріліп тұрған. Темір айналарды шебер қолдану нәтижесінде алау оты бірнеше еселеніп, өте алыстан көрінетін болған. А. ш. 14 ғ- да жер сілкінісінен қираған.