АЛДЫН АЛА КЕРНЕЛГЕН ҚҰРАЛЫМДАР — жеке бөліктеріне кернеу алдына ала (дайындау не құрастыру кезінде) тиімді бөлініп түсірілген құрылыс құралымдары. Материалға (құйматасқа, арматураға) алдын ала кернеу түсіру процесі қазіргі заманғы құрылыстың әр түрлі темір-құйматас құралымдары мен бұйымдарында, сондай-ақ металл құралымдарында кеңінен қолданылады. Әдетте темір-құйматасты А. а. к. қ-да құйматас сығылады да, арматура созылады. Мұның нәтижесінде арматуралық болаттар үнемделіп (70%-ке дейін), құралымның беріктілігі, т.б. артады. Темір- құйматасты А. а. к. қ-ды үйлер мен инж. құрылыстарда (мыс., көпірлерде) пайдалану тиімді. Ал металдық А. а. к. қ. көпір құрылысында, кран балқаларында, мұнараларда, электр жеткізу желілерінің тіректерінде, т.б. қолданылады.