Тараз көне қытай, араб, парсы және ұрым (Бизантия) деректерінде жиі кезігетін мәшһүр қала. Қытай саяхатшылары мен араб тарихшыларының еңбектерінде әбден суреттеліп аталатын Тараз қаласы Иран уә Тұран далалары тоғысқан жердегі үлкен сауда орталығы және Жібек жолы бойымен жүретін керуен жолдарының торабы ретінде көрінеді. 576 жылы өлген Истеми қағанға елшілікке жіберілген Земархтың саяхаты туралы деректерді жазған Бизантия тарихшысы Менандре Протектордың еңбегінде бұл қала “Талас”, қытай саяхаткері Хиеюен-Тсаңның еңбегінде “Та-лұ-си”, кейбір қытай авторлардың еңбектерінде “Та-ла-за” ретінде, ал араб авторлардың еңбектерінде “Тараз”, “Тираз”, “Талас” формасында аталған. Белгілі шығыстанушы Хоуорттың пікірінше Тараз ХХ ғасырдың басындағы Әулие Ата қаласының орнында болған Академик В.В. Бартольд бұл пікірді қолдайды, ал Шаваннестің пікірінше Тараз қаласы Әулие Атаның 5 фәрсах түстігінде болған. Осы деректердің барлығы да Тараздың VI-XIII ғасырларда қаншалықты мәшһүр болғандығын көрсетеді.Алайда, Тараздың мұсылмандыққа бет бұруындағы шешуші уақиға 751 жылы осы өңірде болған және тарихи әдебиеттерде “Талас ғазауаты” деп аталған соғысқа тікелей байланысты. Өйткені, Таласта болған ғазауат, түрiк қағандығындағы iшкi қырқыстарды пайдаланған қытайлардың Жетiсу өңiрiн жаулап алып, Шашқа (Ташкент) дейiн барған кезінде болған еді. Талас ғазауатынан кейiн Орталық Азия халықтары лек-лек болып мұсылмандықты қабылдайды. Олар өздерiн қытай шапқыншылығынан қорғаған мұсылмандарды жақсы көредi, елдер арасында махаббат, достық пайда болады. Мұсылмандар мен басқа дін өкілдерінің арасында оң өзгерістер, жылы мұғамалалар хасіл болады. Алайда, қытайлық авторлар, Талас ғазауатын Орта Азиядан күдер үзген соғыс деп бағалайды. Өйткенi, олар жеңiп алғанда, Орта Азияның қытай билігіне қосылары анық еді. Мұның табиғи нәтижесі түрiк-соғдылар жаппай бұддашылықты қабылдауға мәжбүр болар еді. Демек, Талас ғазауаты тек саяси-әскери тағдырды емес, Орталық Азияның діни тағдырын да шешкен бек маңызды уақиға.
775-875 жылдары қарлұқ қағандығы хақ дiн Исламды қабылдап, ел арасында мұсылманшылық сенiм кең тарайды. Қалаларда мешiттер салынып медреселер ашылды. Мысалға, аталмыш дәуірге жататын Ақыртас керуенсарайын (VIII ғ.) айтуға болады. Тараз қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан ғимарат 751 жылы болған Талас ғазауатынан кейін қарлұқтардың басым көпшілігі мен басмыл, шығыл тайпалары Исламиятты қабылдаған тұста салынған. Археологтардың болжауынша осы керуенсарайды алғашқы мұсылман түркілер салған. Көне дәуір тарихшылары Ибн Хұрдадбих (820-886) пен Ибн Құдамның еңбектерінде “қасрибас” деп аталған ғимарат осы болуы мүмкін. Сөйтiп, осы өңірде алғаш рет оқу-бiлiм ордалары бой көтереді.
Қарлұқ мемлекетi 766-940 жылдары өмiр сүрiп, X ғасырдың бiрiншi ширегiнен бастап йағма уә шығыл тайпаларының жиілеп кеткен одақтық шабуылдарынан күш-қуаты әлсiрейдi. 940 жылы Баласағұн қаласы одақтық күштердiң қолына түсiп, қарлұқ қағандығы құлайды да билiк Қарахан әулетiне өтеді. Қарлұқтардың басым көпшiлiгi көшпелi болғанымен отырқшылары да бар-тұғын. Тараз қаласы қарлұқ дәуiрiндегi Ислам мәдениетiнiң ең көрікті орталығы болды. Табылған заттарда адам және хайуан сұлбаларының азайып, гүл-шешектердiң көбеюi мұсылмандықтың бұл өңірде кең тарағандығының белгiсi. Түрiк және қарлұқ дәуiрінде Шу алқабының маңызы арта түскені белгілі. Шу өңiрiнiң белгiлi қалалары Асбара, Құлан және Мирки (Мерке) болатұғын. Осы аймақтың байырғы тұрғындары соғды тiлiнде сөйлейтұғын соғдақ халқы едi. Соғдылардың түрiктер мен түргештерге ықпалы әр уақытта күшті болған. Мұның белгiсi – түрiк қағандары Бизантияға жiберген елшiлердi соғдылардан таңдаған. Түргеш қағандары өз теңгелерін соғды әлiппесiмен басып шығарған. Соғдылар қай жағынан қарағанда да көшпелi түркiлердiң отырықшы өмiрге аууына басшылық еткен.Сарық деген жерде табылған алғашқы мұсылман-түркi мазарлары хақ дiн Исламның саты-саты таралғанының ең айқын айғағы. Мұнда мұсылман өлiктер әшекей бұйымдарымен бiрге көмiлген .Исламнан бұрынғы өлікпен бірге жеке заттарын көрге салу салты байқалады. Қарахан мемлекетi ресми түрде Ислам дiнiн қабылдағанымен, халықтарда осы сықылды бұрынғы әдеттер алғашқы дәуірде сақталған. Бүгінгі Тоқмақ ауданы тұсындағы Бұрана ескерткіші алғашқы дәуір мұсылман архитектурасының керемет туындысы. Бұрана сөзi мұнара сөзiнiң өзгерген формасы болуы керек. Бұранада көптеген Ислам мұраларын кездестiруге болады. Қала Қарахан кезеңiнiкi деп болжануда.
Тұран халықтарының VII ғасырда Исламмен танысқаннан кейiн адамзат тарихының ең жарқын өркениетiн қалыптастырғанын мақтанышпен айта аламыз. Ма-уера-ән-Нәһірде уә Түркістанда бой көтерген Тараз, Исфижаб, Отырар (Фараб), Сығанақ, Баласағұн, Алмалық, Йесе, Бұхара, Самарқанд, Мәру (Мары), Хиуа, Тiрмiз, Ташкент, Балх т.т. және Орта Шығыстағы Мекке, Мәдине, Шам, Бағдад, Басра, Кұфа, Қаһира, Ыстамбұл т.т. қалалары күллі адам баласы шоғырланатұғын мәдениет, ғылым, өркениет туындыларына толған. Түркiлер Ислам мәдениетi мен ғылымдары негiзiнде қалыптастырған әскери, саяси, ғылыми, хұқұқи жүйелер, әдебиет туындылары түгел дерлiктей Исламияттың iзiн сiңiрген айрықша қазыналарымыз. Қала басқару жүйесi, бiлiм беру (мағариф) низамдары, ғылыми зерттеулер (тахқиқат) және тариқаттары, қазылық билiгi, көркемөнер уә тiл ғылымдары (лұғат), ғарыштану, дәрiгерлiк (тыб) уә химия пәндерi, кәсiби iсмерлер дайындау тәсiлдерi (санағат), әлеуметтiк қайырымдылық қорлары және рабаттар, уақыптар, тәккелер, денсаулықты сақтау (хифз-ұс-сыхха, шифахана) және сауықтыру шаралары, мұсылман (түрiк) моншалары, қолөнер туындылары, ғашықтық сарындары, даналық шиырлары, теңiз зерттеулерi, жағырапиялық ашулар, зергерлiк өнерi т.т. мiне, осылардың көбiсі Тараз сияқты дамыған қалаларда дүниеге келген.
Ислам тарихының алуан түрлiлiгi, орасан зор байлығы уә жан-жақтылығы тiкелей еліміз орналасқан Орталық Азияға қатысты. Орталық Азияда Ислам тарихының ең мәшһүр тұлғалары, Құран мен Хадис ғалымдары өмір сүрді, шаирлар, қаламгерлер, даналар, өнерпаздар керемет туындыларымен ислами мұрағаттарға өз үлесiн қосты. Ертедегі Қазақстан жерінен шыққан әл-Фараби (870-950) әйгілі математик, философ, музыка зерттеушісі, тарихшы болған. Туған жері -Отырар (Фараб) қаласы. Өмірін араб елдерінде өткізген. Ол Аристотель еңбектерін араб тіліне аударып, оған түсініктемелер жазған. Сол үшін оны «екінші ұстаз» (Аристотельден кейінгі) деп атаған. Мәселен, Аристотельдің «Жан туралы» трактатын ол 200 рет қайталап оқыдым, деп жазып қалдырған. Философияда идеалист болғанымен, Құдайға сенсе де, әл-Фараби ғылыми жұмыстар жүргізіп, оны материализмнің пайдасына шешті. Ол дүниені алты бөлшектен тұрады деді. Олар – жәй бөлшектер (от, су, ауа, жер), минералдар, өсімдіктер, жануарлар, адамдар, аспан денелері. Оның ойынша, дүниені тануға болады, ал танымды тудыратын — сезім мүшелері. Заттардың түр-сипаты туралы түсінік түрлі әдістен құралады дейді: а) сезу; б) ойлау; в) заттың өзі арқылы. Әлемде бөлшектенбейтін еш нәрсе жоқ екенін айтты. Қозғалыстың бастамасы да, шегі де жоқ деген пікірді уағыздады. «Қайырымды қала» басшысы болу үшін іштен туған он екі қасиет қажет дейді. Олар: жақсы дене құрылымы, ұғымталдық, естігенді, көргенді есте сақтай білу, сезімталдық, сөзшеңдік, оқуға ұқыптылық, қанағаттылық, адалдықты сүю және өтірікті жек көру, қайырымдылық жасау, байлықты жек көру, әділеттікті сүю, қысымшылдықты және қысымдық жасаушыны жек көру, табандылық.Әл-Фараби қалдырған рухани қазына 130-дай трактаттан тұрады. Қазақстан Ғылым академиясы оның философиялық, логикалық, жаратылыс ғылымы, әлеуметтік – этикалық, музыкалық трактаттарын қазақ, орыс тілдерінде жеке – жеке кітап етіп шығарды.
Қожа Ахмет Иассауи (1094 — 1167) – ақын, дана ойшыл, сопылық бағыт ұстаған. Туған жері Сайрам, ал өмір сүрген жері – Яссы, қазіргі Түркістан қаласы. Сол жерде дүние салған. Ислам дінін насихаттаушы. Мұхаммед пайғамбар жолынан ауытқып, байлыққа, басқа қызықтарға берілген бай, молда, ишан, бек, сұлтандарды сынаған. Пайғамьар жасына жеткен соң жер астынан үңгір қаздырып, қалған өмірін сонда өткізген. Аңыз бойынша, жер астында да сонша жыл өмір сүрген. Ел осы «Әзірет Сұлтан» дейді. Арада екі ғасыр өткен соң Әмір темір ол кісінің қабірі басына атақты кесене орнатқанын айтқан едік. Меккеге бара алмаған кісілер Түркістандағы кесенеге келіп, дұға оқытса, жеткілікті деген де сөз бар. Негізгі еңбегі – «Диуани хикмет» (Даналық кітап). Қожа Ахмет Иассаудің қазақ жерінде зор беделге ие болғанын айттық. Білімін Бұхарада толықтырған. Өзін Арыстан Бабтың шәкірті деп есептеген. Дүние жинамаған. «Құдайдың құлымын, Мұхаммедтің үмбетімін» деп санаған, басқаларды соған шақырған. Арыстан Бабпен өзі арасында сабақтастықты ұстаған.Қожа Ахмет Иассауи ислам дінінің қазақ арасында кең тарауына үлкен үлес қосқан, шығармасын елге түсінікті етіп, түркі тілінде жазған. Ол жергілікті халықтардың ескі дінін жоққа шығармаған, қайта оны ислам дінімен ұщтастырған. Сондықтан Қожа Ахмет Иассауи шығармаларында Алла (ислам), Құдай (Зороастра), тәңір (шамандық) діндеріндегі түсініктер бірін – бірі жалғастырып, бірдей, қатар қолданылады. Әулиелерге сиыну, түнеу әдеттерін де қабылдап, елге таратады. Бұл да Қожа Ахмет Иассауидің ел арасында беделінің артуына себепкер болды.