АЛДАСПАН — ерекше ауыр қылыш. Қынға салып алып жүретін жеңіл қылыштармен қоса, қынсыз, ауыр қылыштар да болған. Олар алмас, болаттан соғылып, бас жағы үлкен, жалманы (жүзі) жалпақ болады. Сондықтан оны қынсыз ұстайды. Тым салмақты болғандықтан А-ды тек қарулы батырлар ғана ұстаған. Оны белге байлап, не иығына асып жүрген. А. қылыштың ішіндегі ең таңдаулысы, асылы саналады. Ауыз әдебиетінде мықты батырларды бір шапқаннан кесіп түсер А-ға теңейді. Қылыштың ерекше түрі ретінде А. ерте заманда пайда болған. Көшпелі халықтардың өнер ескерткіштерінде, шығыс халықтарының бейнелеу өнері жәдігерліктерінде А. ұстаған батырлар бейнесі жиі кездеседі.