АЛҒАШҚЫ ҚАУЫМ

АЛҒАШҚЫ ҚАУЫМ — адамзат тарихындағы алғашқы қоғамдық-экономикалық бірлестіктердің әлеуметтік ғылымдағы атауы. А. қ-ды жер шарын мекендеген барлық халықтар өз дамуының бастау сатысында басынан кешкен. А. қ-да еңбек қатынастары құрал-жабдықтарға қоғамдық меншікке негізделді. Шаруашылық ұжымды түрде және қарапайым еңбек құралдарының көмегімен жүргізілді. Ол адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шыққан кезеңінен мемл-тің пайда болу кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. А. к. даму кезеңінің басты мақсаты — қауымның және оның мүшесі болып табылатын әрбір адамның өмір сүруінің негізгі шарты болып табылатын қажетті өнімді өндіру және тұтыну болды. Өндіргіш күштердің нашар дамуы жағдайында бұл мақсатқа жетудің жолы ұжымдық (қауым шеңберіндегі) еңбек еді. А. қ-дық қоғам өндірістің материалдық жағдайларының теңдігімен, еңбектің жалпыға бірдей міндеттілігімен, қоғам және қауым мүшелері мүдделерінің бірлігімен және негізгі құрал-жабдықтарға қауымдық меншіктің болуымен сипатталады. Қауым барлық ұжым мүддесіне сәйкес оның мүшелерінің өнімді тұтынуын реттеп отырды. Өнімді қауым мүшелері арасында тең бөлу, теңдестіру бұл қоғамда алғашқы қауымдық адамның барынша қиын өмір сүруінің салдары болды. Олардың ешқайсысы жалғыз-жарым жүріп күн көре алмады. 

Неолиттік дәуірде еңбек құралдарының дамуы нәтижесінде ең қарапайым шаруашылықтан (аңшылық, терімшілік, балықаулау) өндіруші шарушылыққа (жер өңдеу, мал өсіру) өту процесі іске асты. Өндіріс қуатының өсуі тұрақты артық өнім шығаруға, қауым ішінде әлеум. қатынастардың өзгеріске ұшырауына, сыйлық алмасу жүйесінің дамуына негіз қалады. Әйел үстемдігіне негізделген некеден патриархаттық некеге, кейіннен моногам. некеге өтуге байланысты отбасының нығаюы және оның қауым шеңберінен дербестігі бірте-бірте арта түсті. Қауымдық меншік жеке меншікпен толықтырылды. Өндірістің жекешеленуі және отбасының нығаюы А.қ-дық ұжымшылдықпен қауымның тұтастай әлсіреуінің белгісі еді. Өндіргіш күштердің дамуына қарай (қола және темірден жасалған еңбек құрал-жабдықтарына көшу) және отбасы арасында терр. (көршілік) байланыстардың орнауына байланысты бірте- бірте А. қ-ның ыдырауына әкелген көршілік, кейіннен жер өңдеуші қауым дүниеге келді. Жерге жеке меншік пен қауымдық меншік арасында ішкі қайшылық пайда болды. Мұндай ішкі қайшылыктың шиеленісуі қоғамдық әлеум. жіктелу мен мемл-тің пайда болуына жағдайлар жасап берді. Алайда адамзат тарихының бастауындағы қауымдаса өмір сүріп, шаруашылық жүргізу үрдісі әр түрлі үлгіде дамып, жалғасып келді. Әсіресе, шығыс халықтары дәстүрінде, табиғаты қатал аймақтарда қоныстанған өзге де халықтар тұрмысында өндірісті жүргізудің қауымдық түрі 20 ғ-дың соңына дейін сақталып отыр. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *