1 БАҚ-тың қоғамдық пікірге әсері
2 Сөзбен сендiру және өзiн-өзi нандыру
3 Адресанттың (журналисттің) ақпаратты жеткізудегі психологиялық аспектісі
Санада сендіру. Қоғамдық санадағы стеротиптер. Әлеуметтік және саяси типтер.Имидж; Образдылық жағынан және түр жағынан бейнелеу.Нақты психологиялық зерттеудің бағдарламасы мен жүргізілуі,түрлері,кезеңдері.Нақты зерттеудің социология мен журналистикадағы әдістемелік негізі. Құжаттарды талдау, бақылау, сұрақ, эксперимент- нақты психологиялық зерттеудің негізгі әдістері.
БАҚ «инфо-ноо» аясындағы көрініске айналды деген сөз жиі естілетін болды. Ақпараттық қатынас жүйесінің жаһандануы бүкіләлем халықтары мәдениетінің өзара ықпал етуіне, байытылып дамуына, ақпаратты дүниенің қай бұрышына да жедел жеткізуге лайықталған ашық қоғамның қалыптасуына қолайлы жағдай тудырып отыр. Сонымен қатар елдер мен халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуына, санасын бір қалыпқа салып теңестіруіне ықпал етуі де ғажап емес.
Бұқаралық ақпарат қарым-қатынасының тарихи дамуы қайшылыққа толы, күрделі болса да қазіргі өркениет үшін оның алар орны, маңыздылығы ерекше екендігі дау тудырмаса керек. Журналистика адамзат тағдырына маңызды ықпал жасаумен қатар оның ақпаратының жаһандық кеңістігі қалыптасып келеді.
Ақпараттық қарым-қатынастың жаһандық жүйесі пайда болып, іс қимылының қарқын алуы адам қолымен жасалған жаһандық аумақтың белгілі бөлігі дербестеніп «ноо сфера»-ны, оның ақпараттық аясын тудырып отыр. Бұл жайында ресейлік ғалым Е.А.Корниловтың «Ақпараттық ноо-сфера — адам баласының жасаған білімі, танымы секілді руханияттың, өркениеттік дамудың, жаңа технологияның жетістігі, қоғамдық мәдени дамудың нәтижесі әрі журналистика теориясының мен кейбір нақты ғылыми зерттеудің кешенді нысандарының бірі болуға тиіс» — деп ерекше атап көрсеткені бар.
Соңғы кездері БАҚ-тың іс-әрекеттеріне байланысты барлық проблемаларды заң жүзінде атқарушы биліктің құзыретінен алып, арнайы қоғамдық ұйымға беру туралы ұсыныстар айтылуда. Бұл әлемдік озық тәжірибеде кездеспейтін және еліміздің ішкі тұрақтылығына нұқсан тигізуі мүмкін жаңалық. Атқарушы биліктің міндеті қабылданған заңдар шеңберінде мемлекет жұмыстарын орындау, заңды және жеке тұлғалардың арақатынасын реттеу, тиісті инфрақұрылымды дайындау болып табылады. БАҚ-ты атқарушы биліктің қарамағынан шығарып, «қоғамдық» ұйымға бағындыру практикада мүмкін емес. Ал, Қазақстан сияқты күрделі трансформациялық процестер қарқынды жүріп жатқан алуан этникалық топтар уә мәдениеттерді, тілдер уә діндерді қамтитын, әлемдік деңгейдегі қақтығыс аймақтарының кіндігінде орналасқан мемлекетте бұл қадамның қауіпті нәтижелер беруі әбден мүмкін. Осындай ахуалда БАҚ-тың қоғамдық пікірге әсерін ескеруге міндеттіміз.
Сөзбен сендiру және өзiн-өзi нандыру
Қызыл тiлiмен даңқы жайылған ежелгi грек софисi Георгий былай деген екен: “Сөз деген – ұлы әмiршi, қол-аяғы, денесi болмаса да ол аса ғажайып iс атқара алады. Өйткенi сөз үрейдi де басады, қайғыны да тарқатады, қуанышқа батырып, аяныш сезiмiн оятады… Айтылған сөздердiң бiрi – қайғыға шомдырады, екiншiсi – қуанышқа бөлейдi, үшiншiсi – қорқытады, төртiншiсi – өзiңдi мадақтап, мақұлдайды, ал қайсыбiреулерi жаныңды уландырып, сиқырлап алады, сөйтiп, оны басқа жолға да бұрып жiбередi”.
Адамға сөзбен әсер етудi «сендiру, көндiру» деп атайды. Нерв жүйесi әлсiреген, әсерге соншама берiле кететiн адамдар бiреудiң сендiру, иландыру сияқты әрекетiн ерекше тез қабыл алады. Мұндай кiсiнi, мәселен, бiрдеңеден қорқыту онша қиындыққа түспейдi. Не болмаса оның көңiлiн көтеру, мүлде жадыратып жiберу де оңай болады. В.М.Бехтеревтiң бейнелеп айтуы бойынша, иландыру (көзiн жеткiзуден өзгеше) адам санасына “есiктен емес, тесiктен кiрiп алады”.
Сол сияқты, өзiн-өзi иландыру, нандыру организмге бұдан әлдеқайда күштi, тiптi мейлiнше әсерлi ықпал жасай алады. Оның әсерiмен белгiлi бiр адамдардың ауруға шалдығуы немесе дертiнен айығуы – әбден мүмкiн нәрсе. Сонда ол қалай болады дейсiздер ғой? Жүйкесi тозып жүрген, әр нәрседен күдiк ала беретiн адам сәл ғана дiмкәстанды делiк. Бiрақ ол аса елеулi науқас жайында ойлана бастайды. Мәселен, оның жоғары тыныс мүшелерiне суық тиiп, тамағы ептеп қарлығыңқырады делiк, ал өзiне дауысы мүлде шықпай қалған сияқты болып көрiнедi. Бұл ой күдiкшiл адамның соңынан қалмайды, бiраздан кейiн ол өзiн-өзi “үнсiз қалмасам жарар едi” деп иландыра бастайды. Ақыры келiп ол дауысынан айырылады да!
Өлiм жазасына кесiлген бiр қылмыскер жайындағы мынандай әңгiме бар. Оның көзi орамалмен байланып, “күре тамырың кесiлдi, ендi қансырап өлесiң” деп сендiрiлген екен. Бiрнеше минуттан кейiн ол, шынында да, өлiп кетiптi. Бiрақ оның күре тамырын кескен ешкiм болмаған, денесiне тек сыздықтатып жылы су құйылып тұрған.
Бiр дәрiгер адамның өзiн-өзi сендiруiне байланысты мына бiр таңғаларлық жағдайды баяндайды. Ол жүрек аурулары жайында лекция оқып тұрып, өз жүрегiнiң соғуына құлақ салады. Сонда лектор жүрегiнiң бiрқалыпты соғып тұрмағанын сезгендей болады. Дәрiгер жүрегiнде ауру барын қатты ойланып, сол жайында қам жей бастайды. Оның бұл қорқынышы организмге жетпей қоймайды, шынында да, дәрiгердiң жүрегi ауруға шалдығады.
Белгiлi совет актерi И.Н.Певцов тұтықпасы бар кiсi екен, бiрақ сахнаға шыға келгенде оның бұл кемiстiгi еш уақытта бiлiнген емес. Қалай дейсiздер ғой? Актер “сахнада тұрған және онда әртүрлi қимыл көрсетiп жүрген мен емеспiн, басқа адам – пьесаның кей3керi, оның тұтықпасы жоқ” деп өзiн-өзi кәмiл сендiрiп қойған. Бұл оған қашанда әсер ететiн болған. Париждiң туберкулезге шалдыққан сырқаттар жататын емханаларының бiрiнде дәрiгер Матье мынандай тәжiрибе жасайды. Ол өзi емдеп жүрген ауруларға: “Германиядан жақында жаңа дәрi алдыратын болдым, ол туберкулездi заматта-ақ жұлып алады екен» деп жариялайды. Ол кезде бұл ауруға қарсы ешқандай дәрi әлi табылмаған болатын.
Дәрiгердiң сөзi науқастарға қатты әсер етедi. Мұны “дәрiгердiң ойдан шығарып алған қулығы” деп ешкiм, әрине, ойламайды. Дәргердiң жұртты сендiруi науқас адамдарға шипа болады; ол «дәрiнi алдым» деп ауруларды емдей бастағанда солардың көбiнiң жағдайы күннен-күнге жақсара бередi, ал қайсыбiреулерi құлан-таза жазылып кетедi. Сонда дәрiгер науқас адамдарды немен емдеген? Кәдiмгi жай сумен! Міне, осындай мысалдар адамға қандай да бір жағдайды сөзбен сендіру болатындығын дәлелдейді. Ендеше, БАҚ-да ең негізгі қару – сөз, оны адресатқа психологиялық аспектіде қолданып, оны тиімді қолдана білгені жөн.
Адресанттың (журналисттің) ақпаратты жеткізудегі психологиялық аспектісі
Аудиторияның мәтінді барынша дұрыс түсінуі үшін адресант ақпаратты жеткізу барысында оқырман қауымның қажеттіліктерін, мүдделерін, білім деңгейін, әлеуметтік ұстанымдарын ескереді. Сөз субъектісі коммуникативтік ниетін жүзеге асыру үшін мәтін түзбес бұрын адресаттың а) тілдік біліміне, ә) дәстүрлі біліміне сүйенеді . Осыған байланысты мәтіннің психологиялық — прагматикалық сипаттамасын арнайы қарастыру қажеттілігі туындайды. Өйткені мәтіннің прагматикалық компоненті тілдік құралдардың жұмсалуына қатысты заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Газет мәтінінде адресанттың белгілі бір прагматикалық ұстанымы көрініс табады.
Зерттеушілер оны 3 түрге жіктейді:
Ақпараттық ұстаным (мәліметті іріктеп ұсыну); Фатикалық ұстаным (материалды оқырман назарын аударту үшін пайдалану); Манипулятивтік ұстаным (мәтінде баяндалатын оқиғаларға қатысты оқырман көзқарасын қалыптастыруды мақсат ету) [7,21].
Мәтінде прагматикалық ұстаным бірнеше саты арқылы жүзеге асырылады.
Болмыстағы оқиғалар БАҚ арқылы реципиент санасында белгілі бір бейнеде көрініс табады. Осы бейненің қалыптасу жолдарын былайша көрсетуге болады:
Мәтін ақиқат болмыстағы қандай да бір оқиғаға, фактіге негізделеді; ол фактілерге қатысты материал іріктеледі; адресант ақпаратты іріктейді және оған өз субъективті бағасын береді; ақпараттың мәтін түрінде ұсынылуы үшін белгілі бір тілдік құралдар таңдалып, модельге түсіріледі, сөйтіп мәтін түзіледі;
- Дайын мәтін реципиентке ұсынылады.
Газет мақаласына арқау болған ақпарат бастапқы, пайда болған сәтінен оқырманға ұсынылғанға дейін осындай басқыштардан өтеді. Мұнда негізгі күш те, жауапкершілік те адресантқа (журналистке) түседі.
Яғни публицистикалық мәтінге баға бергенде біріншіден, журналист шешімін табуды мақсат еткен нақты проблемалар мен мақала жарияланғаннан кейін қол жеткізілуі тиіс нәтижелер ескерілуі тиіс; екіншіден, мәтінде көрініс тапқан идеологиялық ұстанымдар мен этикалық нормалардың рөлі дұрыс түсінілуі қажет; үшіншіден, материал аудиторияға тән мәдени дәстүрмен байланыста алынуы керек.
Қазіргі қазақ баспасөзінде жарияланған оқырмандар хаттарына, әртүрлі сауалнамалар нәтижелеріне шолу жасай отырып және жеке тәжірибе нәтижесіне сүйене отырып, бүгінгі қазақ оқырманын шартты түрде мынадай топтарға бөлуге болады деп ойлаймыз:
- Ымырашыл топқа жататын оқырман мәтін авторының ой-пікірімен келісе отырып, ондағы ақпаратты немесе ұсынысты қабылдауға дайын екендігін білдіреді, сөйтіп, мақалаға арқау болған проблемаға қатысты өзіндік ой-пікірін де ұсынады.
- Шартты түрде даукестер деп аталатын топқа адресантпен қайткен күнде де келіспеуді мақсат ететін, мақала авторының әрбір сөзінің астарына үңіліп, оны жағымсыз мәнде интерпретациялауға ұмтылатын оқырмандар жатқызылды;
- Бейтарап оқырмандар тобын газетті уақыт өткізу үшін парақтайтын, ондағы материалдарға көз жүгіртіп шыққанымен, ден қоймайтын, оны талдап-саралап жатпайтын пассив адресат құрайды;
- Төртінші топқа жеке бас мүддесін бәрінен жоғары қоятын, өзінің немесе отбасының әлеуметтік жағдайына тікелей қатысы бар проблема жайында сөз қозғалған мақалаға ғана көңіл бөлетін, өз шеңберінде ғана қалуды жөн көретін шектеулі оқырмандар жатқызылды.
Бақылау сұрақтары:
- Қоғамдық санадағы стеротиптер дегеніміз не?
- Құжаттарды зерттеудің негізгі әдістерін атаңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- Аитов Н.А. Основы социологии. Алматы.,1990.
- Буданцев Ю.Г. Социология массовой коммунации. М.,1995.
- Габдуллина К.Г. Социология и социальная жизнь. Алматы., 1996.
- Баркер А. Как еще лучше… управлять людми. М.,2002