АЛГЕБРА 

АЛГЕБРА (араб.әл— джәбр) — математиканың теңдеулерді шешу жөніндегі есептерге байланысты дамыған негізгі бөлімдерінің бірі. А. атау және жеке ғылым саласы ретінде Әбу Абдаллаһ эл-Хорезмидің (9ғ.) 1-, 2-дәрежелі теңдеулерге келтірілетін есептердің жалпы шешімі көрсетілген “әл-джәбр уә-л-мұқабала” атты еңбегінен бастау алады. Ал, Омар һайям (1038/48 — 1123/24) 3-дәрежелі теңдеулерді зерттеуді жүйелеп, өзінің “Алгебрасын” жазған. Ортағасырлық Шығыс ғұламалары гректер мен үнділіктер математикасын түрлендіріп, қайта өңдеп Еуропаға табыс еткен. Амалдарды белгілейтін таңбалар енгізу нәтижесінде А. одан әрі дамыды. 17 ғ-дың ортасында қазіргі А-да қолданылатын таңбалар, әріптер толық орнықты, ал 18 ғ-дың басында А. математиканың жеке бөлімі ретінде қалыптасты. 17 —18 ғ-ларда теңдеулердің жалпы теориясы (көпмүшелер А-сы) шапшаң қарқынмен дамыды. Оған сол кездегі аса ірі ғалымдар — француз ғалымы Р. Декарт, ағылшын ғалымы И. Ньютон, француз ғалымдары Ж. Даламбер (1717 — 1783) мен Ж. Лагранж (1736 — 1813) үлкен үлес қосты. Неміс математигі К. Гаусс (1777 — 1855) кез келген п дәрежелі алгебралық теңдеудің нақты не жорамал п түбірі (шешуі) болатындығын анықтаған (1799). 19 ғ- дың басында норвег математигі Н. Абель (1802 — 1829) және франц. математигі Э. Галуа (1811 — 1832) дәрежесі 4-тен жоғары болатын тендеулердің шешуін алгебр. амалдар көмегімен теңдеудің коэффициенті арқылы өрнектеуге болмайтындығын дәлелдеген. Тендеулердің радикалда шешілуінің шарттары туралы мәселенің түбегейлі шешімін Э. Галуа берді. Норвег математигі С. Ли (1842 — 1899) зерттеулері үзіліссіз топтар теориясына жол ашты. Ағылшын ғалымы У. Гамильтон (1805 — 1865) мен неміс математигі Г. Грассман (1809 — 1877) еңбектерінен гиперкомплекс жүйелер теориясы (алгебралар теориясы) бастау алды. 20 ғ-да А- ның өрістер теориясы, сақиналар теориясы мен топтардың жалпы теориясы, топологиялық А. мен құрылымдар теориясы, 1940 — 50 жылдары жартытоптар мен квазитоптар теориясы, әмбебап А- лар теориясы, категориялар теориясы сияқты жаңа бөлімдері пайда болды. Қазақстанда 1950 ж-дан бастап алгебр. сандар теориясының кейбір мәселелері Б.М. Оразбаевтың басшылығымен ҚазПИ-де зерттелді. 1967 жылдан Қазақстан ЕА-ның Математика және механика ин-тында, Қаз-МУ-де, ҚарМУ-де, ҚазПИ-де модельдер теориясының кейбір мәселелері зерттелуде. 1980 ж-дан бастап А-ның топ- тар теориясы (В.С. Молдағалиев), А-лық геометрия (Ғ. Мұстафин), Ли А-сы (А.С. Жұмаділдаев), К-теория (М.М. Телемтаев) және А-ның алгоритмдік мәселелері (У.У. Өмірбаев) салаларынан зерттеу жұмыстары жүргізілуде. А. негізінен: сызықты А., көпмүшеліктер А-сы, векторлық А., тензорлық А., өрістер теориясы, сақиналар теориясы, топтар теориясы, құрылымдар теориясы, т.б. салалардан тұрады. А. физикада, кибернетикада, матем. экономикада, т.б. кеңінен қолданылады. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *