- Педагогикалық психология пәні, мақсат-міндеттері
- Педагогикалық психологияның құрылымы
- Педагогикалық психологияның қалыптасу кезеңдері
- Педагогикалық психология ұғымы зерттеушілердің пікірлері бойынша ғылыми айналымға 1877 жылы орыс педагогы П.Ф.Каптеревтің (1849-1922) «Педагогикалық психология» атты кітабы жарық көрген соң енгізілген.
Педагогикалық психология – оқыту мен тәрбиелеу барысында солардың болмысының даму заңдылықтарын зерттейтін, танымдық қызметі мен қоғамдық қасиеттерін жүйелейтін психология ғылымының саласы.
«Педагогикалық психология жалпы психологияның заңдылықтарын, баланың оқу – тәрбие ісінде психикасын түсінуге тікелей әкеліп қана қоймай, оқушының психикасын оқу әрекеті үстінде зерттеп, оның ерекшеліктерін, заңдылықтарын өзінше бөлек мақсат деп есептейді» (Л.С.Выготский).
«Педагогикалық психология білімді, іскерлікті, дағдыны меңгеру заңдылықтарын, осы процестердегі жеке даралық өзгешеліктерді, оқушылардың өз бетімен шығармашылық ойлауын қалыптастыру заңдылықтарын, бала психикасында оқыту мен тәрбиелеу әсерінен пайда болатын өзгерістерді зерттейді» (В.А.Крутецкий).
«Педагогикалық психология оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын зерттейді» (А.В.Петровский).
«Педагогикалық психология белгілі даму кезеңдеріне сәйкес қоғамда қалыптасқан іс-әрекет тәсілдерін меңгеру заңдылықтарын зерттейді.Сонымен қатар ол үйрету процесі мен даму процесі арасында байланыс орнатып, қандай жағдайда үйрету даму мүмкіндіктерін тудыратындығын анықтайды» (Т.В.Габай).
«Педагогикалық психология оқыту мен тәрбиелеу жағдайындағы адамның даму заңдылықтарын зерттейді» (Л.И.Божович).
«Әлеуметтік – мәдени тәжірибені адам тарапынан игеру фактілері, механизмдері, заңдылықтары және осыдан туындаған оқу әрекеті субъектісі ретінде адамның интеллектуалдық және жеке тұлғалық даму деңгейіндегі өзгерістерді меңгеру, білім беру процесінің әр түрлі жағдайда ұйымдастарылуы педагогикалық психологияның пәні болып табылады» (И.А.Зимняя).
«Педагогикалық психологияның пәні – білім алушы, тәрбиеленуші сондай-ақ, осы оқыту мен тәрбие процестерін ұйымдастырушылар (педагог,тәрбиеші) тарапынан оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын зерттеу» (И.Логвинов, С.Сарычев,А.Силаков).
«Педагогикалық психология балалар психикасының оқу – тәрбие жұмысындағы өзіндік ерекшеліктерін зерттеп, мектеп тәжірибесінің дамуына үлес қосып отырады. Педагогикалық психология сабақ үстінде оқу материалдарын балалар қалай ұғынады, не тәрбие жұмысында үлкендердің тілін алып, тәртіп сақтауға қалай көнеді, міне осымен шұғылданады.Осыған орай педагогикалық психология бұл мәселелермен айналыса отырып, өзінің ізденетін объектісін мынадай үш түрге бөледі: оқыту психологиясына, тәрбие психологиясына және ұстаздық психологияға» (М.М.Мұқанов).
Педагогикалық психология тәрбие мен оқытудың психологиялық заңдылықтарын зерттейтіндіктен осы ұғымдарға тоқтала кетейік.
Тәрбие мен оқытуға әр тұрғыда түсінік берілгенімен олар педагогикалық әрекеттің бір – бірімен тығыз байланысқан екі жағы. Ақиқатта тәрбие мен оқыту үнемі бірге жүзеге асырылады, сондықтан оларды бір-бірінен ажырату да мүмкін емес. Баланы тәрбиелей отырып, біз оны бірдеңеңге үйретеміз,оқытамыз,оқыта отырып тәрбиелейміз. Әйтсе де, мақсаттары, мазмұндары, әдістері және т.б әр түрлі болғандықтан болар осы прцестер педагогикалық психологияда жеке – дара оқытылады. Мәселен, оқыту әдістері адамның әлемді,материалдық мәдениетті қабылдауымен түсінуіне негізделсе, тәрбие әдістері – адамның адамды, адам моралын, рухани мәдениетті қабылдауы мен түсінуіне негізделген.
Тәрбие көбінекей адамдардың өзара іс-әрекеттері арқылы жүзеге асады да дүниеге көзқарасты, мотивацияның және жеке тұлғаның мінезін дамытуды, сондай – ақ оның қасиет – сапалары мен адами қылықтарын қалыптастыруды көздейді. Оқыту пәндік теориялық және практикалық іс-әрекеттің әр түрлері арқылы жүзеге асырыла отырылып, баланың интеллектуалдық және когнитивті дамуына бағытталған.
Педагогикалық психологияның зерттейтін мәселелері:
- Оқыту мен тәрбиелеудің өзара байланысы мәселесі;
- Дамудағы сензитивтік кезең мәселелері;
- Балалар дарындылығы мәселесі;
- Бала дамуының жүйелік сипаты және педагогикалық ықпал етудің кешенділігі мәселесі;
- Баланы педагогикалық қараусыз қалдыру мәселесі;
- Балаларды мектептегі оқуға даярлау мәселесі;
- Оқытуды жекелендіру (индивидуалдандыру) мәселесі;
- Психологиялық – педагогикалық диагностика мәселесі;
- Мұғалім мен тәрбиешіні психологиялық – педагогикалық даярлау мәселесі;
- Әлеуметтік адаптация және әлеуметтік реабилитация мәселелері және т.б.
Педагогикалық психологияның міндеттері:
- Оқу – тәрбие процесінде білім алушылардың интеллектуалдық және жеке тұлғалық даму заңдылықтары мен психологиялық ерекшеліктерін зерттеу,анықтау;
- Білім алушылардың әлеуметтік – мәдени тәжірибені, оның құрылымын меңгеру механизмдері мен заңдылықтарын анықтау, өзіндік санасында сақтау;
- Оқыту мен тәрбиелік әсер ету форма, әдістерінің білім алушының интеллектуалдық және жеке тұлғалық даму деңгейлері арасындағы байланысына әсерін анықтау;
- Білім алушылардың оқу әрекетін ұйымдастыру мен басқару ерекшеліктерін және осы процестердің интеллектуалдық, жеке тұлғалық дамуы мен іс-әрекеттің психологиялық негізін зерттеу;
- Дамыта оқытудың фактілерін, заңдылықтарын, механизмдерін анықтау;
- Білімді меңгеру, заңдылықтарын, шарттарын, критерийлерін (өлшем), осылар негізінде іс-әрекеттің құрамын анықтау;
- Меңгерудің диагностикалық деңгейі мен сапасының психологиялық негізін анықтау және білім беру стандартына сәйкестендіру.
- Педагогикалық психология принциптері:
- Детерминизм принципі;
- Сана мен іс-әрекеттің бірлігі принципі;
- Жеке тұлғаның дамуы принципі және т.б.
- Педагогикалық психология құрылымы:
- Оқыту психологиясы;
- Оқу психологиясы;
- Тәрбие және өзін-өзі тәрбиелеу психологиясы;
- Педагогикалық іс-әрекет және ұстаз тұлғасы психологиясы.
- Оқыту психологиясы
Пәні: Жүйелі оқыту (білім беру) жағдайында танымдық сфераның дамуы.
Негізгі міндеттері:
- Әр түрлі дидактикалық жүйе жағдайында танымдық әрекеттің ерекшелігін ажырататын сыртқы және ішкі факторлардың өзара байланысын ашу;
- Оқыту жағдайында мотивациялық жіне тұлғалық дамудың өзара байланысын зерттеу;
- Баланың дамуы мен оқыту процесін басқару мүмкіндіктерін ашу;
- Оқыту тиімділігінің психологиялық – педагогикалық критерийлерін бөліп алу.
- Тәрбие психологиясы
Пәні: Бала мен ұжым іс-әрекеттерін мақсатты үйымдастыру жағдайында жеке тұлғаның дамуы.
Негізгі міндеттері:
- Оқушының мотивациялық сферасы мазмұнын, оның бағытын,адамгершілігін,т.б, зерттеу;
- Әр түрлі жағдайда тәрбиеленіп жатқан тәрбиеленушілердің өзіндік санасының ерекшелігін анықтау;
- Балалар мен жасөспірімдер ұжымының құрылымы мен олардың жеке тұлғаның қалыптасуына әсерін зерттеу.
- Педагогикалық іс – әрекет және ұстаз психологиясы
Пәні ; Кәсіптік педагогикалық іс-әрекеттің қалыптасуының психологиялық аспектілері, сондай-ақ осы әрекеттің қарқынды дамуына немесе тежелуіне әсер ететін жеке тұлғалық ерекшеліктер.
Негізгі міндеттері:
- Педагогтың шығармашылық әлеуетін және олар арқылы педагогикалық стереотиптерді жою мүмкіндіктерін анықтау;
- Ұстаздың эмоционалдық тұрақтылығын зерттеу;
- Ұстаз бен оқушы қарым – қатынасы даралық стилінің оңды ерекшеліктерін анықтау.
- Педагогикалық психологияның басқа ғылым салаларымен байланысы. Педагогикалық психологияның басқа ғылым салаларымен байланысу себептері:
Біріншіден, ол ғылыми білім үшбұрышының ортасында орналасқан жалпы психологиялық білімнің нақты саласы болып табылады.Ғылыми білім үшбұрышының Б.М.Кедров ұсынған түсіндірмесі (оның шыңы – жаратылыстану ғылымдары,оның тағандарының бұрыштары – философия және қоғамдық ғылымдар, ал ортасында осы ғылымдармен психология түйісіп тұр).
Екіншіден,білім беру процесі өз мақсаты мен мазмұнына сәйкес әлеуметтік мәдени тәжірибені тасымалдаушы болып табылатындығында және осындай мәдениетте өркениеттік білімдердің таңбалық,тілдік формада шоғырлануында.
Үшіншіден, пәннің өзі танып білуші, тануға үйретілуші, басқа да көптеген ғылымдар тарапынан зерттелетін адам болып табылуында.
- Педагогикалық жас ерекшелігі психологиясының өзара байланысы зерттелу объектісі – бала, жеткіншек,жасөспірім – ортақтығымен түсіндіріледі.Жас ерекшелігі психологиясы әр жас кезеңдеріндегі адам психикасының дамуын зерттесе, педагогикалық психология оқыту мен тәрбиелеу жағдайындағы адамның даму заңдылығын зерттейді.
- Жас ерекшелігі психологиясының принциптері:
- Белгілі бір жас кезеңі жеке дара зерттелмейді, ол жалпы тенденция бойынша осы жасқа дейінгі мен кейінгілерді ескере зерттеледі;
- Жас ерекшелігі (хронологиялық шеңбер және мазмұн) статистикалық емес, олар қоғамдық – тарихи факторлар арқылы анықталады;
- Әрбір жастың қоршаған ақиқат орта мен өзінің іс-әрекетіне қатысты ұйымдастырылған даму резервтері болады;
- Бір жастан екінші жасқа өту ондағы психологиялық жаңа сапалардың қалыптасуымен, яки басты әрекет типінің өзгеруімен, дамудың әлеуметтік жағдаяттарымен, адамның қоршаған ортамен қатынас типімен және т.б. анықталады.
- Педагогикалық психологияның қалыптасу кезеңдері.
I кезең. XVIIғ.ортасы – XIX ғ.аяғы (жалпы дидактикалық) Ян- Амос- Коменский (1592-1670), Жан – Жак-Руссо (1713-1778), Генрих Песталоцци (1746-1827), Иоганн Гербарт (1776-1841); Адольф Дистервег (1790-1866), П.Ф.Каптерев (1849-1922). Қарастырылған проблемалар даму,оқыту және тәрбие ұғымдарының өзара байланысы,оқушының шығармашылық белсенділігі,баланың қабілеттілігі және оны дамыту,мұғалімнің рөлі,оқытуды ұйымдастыру.Демек, аталған ұғымдардың мәнін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге алғашқы әрекеттердің жасалуы.
II кезең. XIX ғасырдың аяғы мен ХХғ.ортасы.Бұл кезеңде педагогикалық психология алдыңғы кезең ғалымдарының педагогикалық ойларының жетістіктерін пайдаланып, психологиялық , психофизиологиялық, эксприменталдық зерттеулердің нәтижелеріне бағытталып, дербес сала болып қалыптаса бастады.А.П.Нечаев, А.Бине (1896-1990) мен француз психологы Бергсон Анри (1859-1941),М.Оффнер, Э.Мейман,В.А.Лай,Г.Эббингауз, Женевадағы генетикалық психология мектебінің негізін салушы швейцар психологы Ж.Пиаже (1886-1980), француз психологы Анри Валлон (1872-1962), Дж.Дьюи (1859-1952), С.Фрэне өз зерттеулерінде есте сақтау ерекшеліктері, тіл дамыту,интеллектіні дамыту,дағды қалыптастыру ерекшеліктері және т.б. мәселелерді қарастырды.
ІІ кезең ерекше психологиялық-педагогикалық бағыт — педологияның пайда болуымен сипатталады.Педология (грек. Paidos-бала, logos- ілім) ұғымын 1893 жылы американдық психолог О.Хризман ұсынды.Осы ағымның негізін қалаушылар — С.Холл, Дж.М.Болдуин, Э.Киркпатрик, неміс психологы Эрнст Мейман (1862-1915), В.Прейер,П.П.Блонский (1884-1941), Л.С.Выготский (1896-1934) және т.б. Бұл ағымның мазмұның жасөспірімдердің дамуы туралы психологиялық анатомиялық – физиологиялық,биологиялық,әлеуметтік сияқты көзқарастардың жиынтығы құрады.
Негізгі идеясы: бала – тұтас жүйе. Ол жеке – жеке зерттелуге, демек бір бөлігін физиология, бір бөлігін психология, бір бөлігін неврология зерттеуге тиіс емес.
- Баланы оның психикасына ғана емес, дамудың антропоморфиялық көрсеткішіне әсер ететін әлеуметтік ортасын ескере отырып қана зерттеуге болады.
- Бала туралы ғылым теориялық қана емес, практикалық та болуы тиіс.
- Баланы, оның үнемі даму үстінде екендігін ескерген кезде ғана түсінуге болады.
Генетикалық принцип дамудың динамикасы мен тенденциясына зейін қоюды білдіреді.
ІІІ кезең. ХХғ. 50-60-90 жылдары.Б.Ф.Скиннер, Л.Н.Ланда, В.Оконь, М.М.Махмутов, П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов және т.б.
Оқытудың психологиялық теорияларының, яғни педагогикалық психологияның теориялық негізін қалау кезеңінде 1954 жылы Б.Ф.Скиннер бағдарламалық оқыту идеясын ұсынса, 60-жылдары Л.Н.Ланда алгоритмдеу теориясын ұсынды, 70-80 жылдары В.Оконь, М.М.Махмутовтар проблемалық оқытудың тұтастай жүйесін құрды. Ол бір жағынан Дж.Дьюидің оқыту проблеманы шешу арқылы жүргізілуі қажет деген жүйесін жалғастырушы болса, екінші жағынан – О.Зельц, К.Дункер, С.Л.Рубейнштейн, А.М.Матюшкиндердің ойлаудың проблемалық сипатының, оның кезеңдерінің, проблемалық жағдайда әрбір ойдың пайда болу мүмкіндігі туралы көзқарастармен байланыста болды.
1957-1958 жж. П.Я.Гальпериннің, 70-жылдардың басында Н.Ф.Талызинаның ақыл – ой әрекетінің кезеңдеп қалыптасу теориясының негізгі позициялары жарық көрді,онда педагогикалық психологияның негізгі жетістіктері мен өрістері көрсетілгенді. Осы кезеңде Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдовтардың еңбектерінде дамыта оқыту теориясы да пайда болды.
Қазақстанда педагогикалық психологиядан тұғғыш рет еңбектер жазып, педагогикалық, психологиялық ғылымдар саласында ғылыми қызметкерлер даярлауға үлес қосқан қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы, жоғары және арнаулы орта білім Министрлігінің педагогика және психология саласындағы ғылыми – әдістемелік кеңестің төрағасы болған және т.б. қоғамдық жұмыстар атқарған, Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, профессор Т.Т.Тәжібаев (1910-1964). Педагогикалық және жас ерекшелігі психологиясы саласында адамның сөйлеу, ойлау және рефлексивтік іс-әрекетін кең тұрғыда зерттеген ғалым – зерттеуші, психология ғылымдарының докторы М.М.Мұқанов. Әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, 2003 жылы «Қазақ психологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты психологиядандокторлық диссертация қорғаған психология ғылымдарының докторы Қ.Б.Жарықбаев .Әлеуметтік — психологиялық жағдайларды және оқыту процесіндегі танымдық іс-әрекеттің тиімділік механизмдерін зерттеумен; полиэтностық орта құндылық бағдарлардың қалыптасу және даму механизмдерін кешенді зерттеумен; адамдардың бірлескен іс – әрекетіндегі, соның ішіндегі моноэтностық және полиэтностық өзара әрекет пен қарым-қатынастағы мағына, мотив, және мақсат құрылым механизмдерін зерттеумен кең көлемде айналысушы психолог – ғалым С.М.Жақыпов . Қазіргі психологияның өзекті мәселелерімен айналысушы ғалымдар психология ғылымдарының докторлары Ж.Ы.Намазбаев,Х.Т.Шерьязданова, және т.б.
Негізгі ұғымдар: педагогикалық психология, оқыту психологиясы, тәрбие психологиясы, ұстаз психологиясы.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
- Педагогикалық психология пәнін анықтаудағы педагог ғалымдардың анықтамалары.
- Педагогикалық психологияның құрылымы қандай?
- Педагогикалық психологияның қалыптасу кезеңдерін атаңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- Столяренко Л.Д.Педагогическая психология для студентов вузов. Ростов-на-Дону, 2004
- Айсмантас Б.Б. Педагогическая психология. Схемы и тесты. Москва, ВЛАДОС, 2002
- Крутецкий В.А.Основы педагогической психологии.М.,1972
- Курс общей, возрастной и педагогической психологии.Вып.3/Под ред.М.В.Гамезо.М.1982.Гл.ХХ
- Талызина Н.Ф. Педагогическая психология.М.,1998.
- Выготский Л.С. Педагогическая психология.
- Сламбекова Т.С. Педагогикалық психология. Оқу құралы. Семей, 2008