АЛБАНИЯ

АЛБАНИЯ — Балкан түбегінің оңт.-батыс бөлігінде, Адрия, Ион т-дері жағалауын- да орналасқан мемлекет. Үкімет басшысы — президент. Жер аум. 28,7 мың км2. Халқы 3,2 млн. адам (1995), астанасы — Тирана к, (243 мың). Әкімш. -аумақтық тұрғысынан 35 округке бөлінеді. Албанияның негізгі халқы — албандар (96%-ке жуық). Халықтың 75%-і мұсылмандар. Ірі қалалары: Тирана, Дурри, Шкодер, Влера, Корча, Эльбасан.  

Табиғаты. Елдің Адрия т-і жағалауы ойпатты (ені 40 — 45 км) және едәуір бөлігі орманды келеді. Өсімдігі мен топырағына қарай т ө м е н г і белдеу (1700 — 2000 м-ге дейін), таудағы орманды белдеу (2000м-ден астам), биік альпілік ш а л ғ ы н д ы белдеулерге бөлінеді. Климаты субтропиктік жерортатеңіздік. Жазық жерлерде жазда ауа райы құрғақ және ыстық; шілденің орташа темп-расы 24 — 25°С, қысы жылы, ылғалды, қаңтар айының орташа темп-расы 8 — 9°С-ты көрсетеді. Таулы жерлерде күн суық, әрі ылғалды. Жылдық жауын-шашын мөлш. 1000 мм-ден астам. Ірі өзендері: Дрин, Мати, Шкумбини, Семани, Вьоса; басты көлдері: Шкодер, Охрид, Преспа. Негізгі кен байлықтары — хромит, мыс, никель рудалары; тау етектерінде мұнай, битум шығатын жерлер бар. 

Тарихы. А. жеріндегі ежелгі халық — пеласгилер неолит дәуірінде өмір сүрген. Б.з.б. 2- мыңжылдықтан бастап бұлар иллириялықтар деп аталды. 2 ғ. өткеннен кейін оларды римдіктер жаулап алды. Рим империясы тарағаннан кейін А. Византия құрамына кірді (4 — 5 ғ.). Кейін Византия қарамағында қалған Даррахи қ-нан басқа жері Болғар мемл-не қосылды. 11 — 14 ғ-да да А. территориясы түрлі өзгерістерге ұшырады. 14 ғ-дың ақырында түріктер А-ны өздеріне бағындырғаннан кейінгі мерзімде елде ислам діні тарала бастады. А. 20 ғ-дың бас кезіне дейін Осман империясының құрамында болды. 1- Балқан соғысында Түркия жеңілгеннен кейін, 1912 ж. 28 қарашада Влерада А-ның тәуелсіздігі жарияланды. Бірақ іс жүзінде басқа мемл-терге тәуелді күйінде қала берді. 1- дүн. жүз. соғыстың соңында А-ға грек, серб, италия әскерлері басып кірді. Кең көлемдегі халық қозғалысының нәтижесінде 1920 ж. 21 — 31 қаңтарда А-ның тәуелсіздігі қалпына келтірілді. 1939 ж. 7 сәуірде фашистік Италия А- ны басып алды. Елде қайтадан ұлт-азаттық қозғалыс өрістеді. Неміс басқыншылары жеңілгеннен кейін 1944 ж. 20 қазанда Уақытша демокр. үкімет құрылып, 1946 ж. 11 қаңтарда А. халықресп. болып жарияланды, наурызда конституция қабылданды. 1946 — 91 ж. А-да бір партиялы (Албан еңбек партиясы, 1985 жылға дейін Э. Ходжа басқарған) режим өмір сүрді. Соғыстан кейінгі жылдары жер реформасы жүргізілді, кәсіпорындар, банктер, көлік және байланыс құралдары национализацияланып, ел экономикасы шаруашылықты жүргізудің жоспарлы жүйесіне көшірілді. 1944 — 48 ж. А. Югославиямен, кейін КСРО және Шығ. Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынаста болды. 1949 ж. Экон. өзара көмек кеңесіне мүше болып қабылданды, 1955 ж. Варшава келісім шартына қол қойды, БҰҰ-на қабылданды. 60-жылдардың бас кезінен А КСРО-мен қарым-қатынастарын үзді, 1968 ж. Варшава ұйымынан шықты. 1976 ж. желтоқсаннан бұл мемл. Албания Халық Социалистік Республикасы болып аталды. 1989 жылдан А-да жүргізіле бастаған түбірлі өзгерістер тоталитарлық, жүйенің жойылуына әкелді. Елдің қоғамдық- саяси өмірін демократияландыру мемл.-құқықтық құрылымдардың жаңалануымен қатар жүрді. 1991 ж. сәуір айында А. респ-сы болып жарияланды. 1992 ж. наурыз айында өткізілген кезектен тыс парламент сайлауында ел басқару тізгіні Демокр. партияға ауысты. 1996 ж. мамыр — маусым айларында өткен парламент сайлауында да Демокр. партия Халық жиналысында 87% орынға ие болды. Сыртқы саясатының басым бағыттары АҚШ және Батыс Еуропа елдерімен ынтымақтастық қатынастар орнату деп жарияланды. 

Экономикасы. А. – аграрлы-индустриялы ел. Ұлттық табыстың 14%-і өнеркәсіптің, 55%-і а.ш. үлесіне тиеді (1990). Пайдалы кен қазбалары: мұнай, табиғи газ, лигнит, хром, мыс және темір-никель кендері. А.ш-ның негізгі саласы — егін ш. (барлық егістік жерінің 60%-інде дәнді дақылдар өсіріледі). Экспорт сыртқы сауда айналымының үштен бірін ққрайды. Сыртқа тау-кен өнеркәсібі мен а.ш. өнімдері шығарылады. Басқа елдерден түрлі машиналар мен құралдар, өнеркәсіпке қажетті шикізат, тағам әкелінеді. Әкімш.- әміршілдік жүйені нарықтық қатынастар механизмімен ауыстыруға бағытталған экон. реформалар шаруашылық және қаржы-қаражат жүйесінің дағдарысы, тұрмыс нарқының қымбаттауы жағдайында жүзеге асырылуда. Жан басына шаққанда ұлттық табыс жылына 300 — 400 долларға дейін төмендеді (1996).  

Әдебиеті мен өнері. Батырлар туралы эпик. баяндар топтамасынан, тарихи, тұрмыс- салт, лирик. жырлардан, мақал-мәтел, жұмбақтардан тұратын бай фольклоры бар. Сақталып қалған жазба ескерткіштерінің ең ежелгісі — “ІІІоқыну формуласы” (1462). Албан тіліндегі алғашқы кітап 1555 ж. шықты (Е. Бузукудың діни мазмұндағы аудармалардан тұратын “Мэшари” деген кітабы). 18 — 19 ғ-да Берат, Элбасан қ-нда бәйітшілер (өлеңшілер) поэзиясы өзінің гүлдену шегіне жетті. Олар араб жазуын пайдаланды.  

Албан әдебиетінің маңызды бір бөлігі — 16 ғ-дан бастап Оңт. Италияда дами бастаған арберештер (Албаниядан қоныс аударғандар) әдебиеті. Ұлттық-мәдени дәстүрлердің қайта өркендеуі дәуірінде (1840 жылдан бастап Албания азаттық алған 1912 жылға дейін) италиялық арберештер әдебиетінде романтизм басым болды. Биік патриотизм, демократияшылдық, халық өміріне, фольклорға баса назар аудару бұл әдебиеттің басты сипаты болды (И.Де Рада, 3. Серембе, Ф.А. Санотри, В. Стратико). Жаңа Албан әдебиетінің негізін қалаушы — Н. Фрашери саналады (“Отарлар мен егістер” поэмасы, “Жазғы гүлдер” өлеңдер жинағы). Оның терең патриоттық шығармаларында ағартушылық дәстүрі, романтизм мен сентиментализм элементтері реализм нышандарымен тығыз ұштасып жатты. Ақын А. Чаюпи (“Томори әке” жин.) албан поэзиясында Фрашериден басталған сыншыл реализм бағытын одан әрі тереңдетіп, түбегейлі орнықтырды. 

1900 жылдан бастап новелла, повестер пайда болды. 40 — 50 ж. роман жанры туып, қалыптасты. Алғашқы ұлттық театрлардың құрылуы драматургиялық жанрлардың өркендеуіне жол ашты. Киносценарийлер, муз. шығармаларға либреттолар жазыла бастады. Өмірбаяндық роман, повестер, тарихи шығармалар көптеп басылады. 

Албан халқының муз. өнері әр түрлі аймақтың муз. стилімен ерекшеленеді (солт. орт., оңт. облыстардың). Көрші елдер мәдениетінің (славян, итальян, түрік) әсеріне қарамастан албан муз-сы өзіндік ерекшелігін сақтаған. Олардың халықтық муз-сында үш дауыстылық басым келеді. Ән фольклорында эпик., патриоттық, салттық, би және лирик. әндер басым. Салтанатты, терең ойлы эпик. әндері ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады. Ал лирик. әндері әуенді, ырғақты (албан муз-сына әр түрлі ырғақтылық тән) болып келеді. Ұлттық муз. құралдары ішекті аспаптар — чифтели, ляхута; үрлемелі ас- паптар — гайда, зумара, фюэлы; ұрмалы аспап — даулэ.  

Тиранада ұлттық филармония, опера және балет театры, халық театры бар. Онда албан авторларының, Шекспир, Шиллер, Мольердің шығармалары қойылды. А. өнерінде халықтық қолөнер туындыларының орны ерекше. Киім-кешектерін ұлттық үлгіде сәндеу әшекейлері, ағаштан, күмістен оюлап жасалатын бұйымдар ежелден сақталған әдістермен өңделеді. Жүннен тоқылатын тықыр кілемдері әлемдік қолөнер бұйымдары арасында ерекше бағаланады. А-ның кескіндеу өнерінде тарихи, тұрмыс-салттық, портреттік, табиғат көріністерін бейнелеу 20 ғ-дың ортасынан дами бастады (С. Кацели, Н. Займи, В. Мио, С. Рота). Сол кезеңнен графика тарихы басталады (кітап безендіру, карикатура, плакат). Портреттік, жанрлық композициялар, монументтік мүсін жасау дамып келеді (А. Мано, О. Паскали, Я. Пачо, К. Хоши, т.б.). 

1954 ж. “Албанияның ұлы жауынгері Скандербек” (реж. С. Юткевич) фильмі түсірілді.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *