АЛБАН — қазақ халқын құраған ежелгі ірі тайпалардың бірі. Шежіре бойынша, Ұлы жүз құрамына енеді. А. атауы көне жазба тарихи деректерден белгілі. 5 — 6 ғ-да А-дар Жетісу өңіріндегі Үрбі (Юебань) қауымдастығында чубань тайпасы аталып дулу одағында болған. Қытай деректері бойынша чубань тайпасы 7 ғ- да Тянь-Шань мен Алтайдың арасын мекендеген. Н. Аристов “чубань” дегеніміз дулаттарға туыс А. және суан тай- палары деген пікір білдіреді. Бұлардың бәріне ортақ таңба — дөңгелек. А., суан екеуінің атауы да көне түріктік “алп” (“алып”), “суб” (“су”) сөзде- ріне “ел”, “мекен” мағынасын білдіретін “ан” сөзін қосу арқылы жасалған сыңайлы, яғни “албан” — “Алып тау елі”, “суан” — “Су елі”. Осыған қарағанда А., суан, дулат ежелден іргесі бөлінбеген туыстас тайпалар болса керек. Мұны қазақ шежірелері де дәлелдейді. Бұл үш тайпа 5 ғ- дан бүгінге дейін Жетісуды мекен етіп келеді. Орыс ғалымдары еңбектерінде А. — Атбан, Адман, Адбан, Абдан түрінде кездеседі. 19 ғ- дың аяғы мен 20 ғ-дың басында А. тайпасынын рулары Жаркент, Верный уезін мекендеген. Верный уезінің оңт,-шығысын А. тайпасының қызылбөрік және сегізсары ру бірлестіктері қоныстанған. Сегізсары руының көпшілігі Іле өз-нің сол жағасында Алабайтал, Сарыбұлақ, Сауысқан, Сарымсақты деген қыстауларды қоныс етіп, ал жаз айларында Асы, Қарқара жайлауларын жайлаған. Олардың қоныс еткен жерлерінің оңт-нде қызылбөрік руы көршілес отырған. Қыстаулары — Шелек өз- нің жоғарғы ағысы, Далашық, Биесыймас, Айдасу, Жая, Қызылмойнақ, Қараарша, Қондық, Сарыбұлақ, Қызылауыз, Бақалыда болған. Жаркент уезін А-ның қоңырбөрік және айт, бозым рулары мекен еткен. Қыстаулары Алтынемел жотасының оңт. бөктерінде, Тізгін, Шылбыр, Үшбұлақ деген кішігірім өзендердің бойында, Іле өз-нің сол жақ жағалауының Қаратөбе, Қызылжиде, Үшқоңыр. Қоянды, Айдарлы деген жерлерде орналасқан. Кеген және Мерке өз-дерінің өңірін әлжан, айт, бозым, Текес пен Шылқыдысу жағалауын құрман, әлжан рулары қоныс еткен. А-дар 1889 жылғы деректер бойынша 15420 түтін болған. Одан бергі жүз жыл мерзімде едәуір өсті. 20 ғ-дың 20 — 30 ж. А-дар шекара асып, Қытайдың Іле аймағына қоныс тепкен. Кеңес өкіметі орнағанда жеріне қайта үдере көшті, біразы қалып қойды. Қазақ шежіресінде А. — Үйсіннің Бәйдібек тармағынан тарайтын дулат, суан, шапырашты, ошақты, ысты тайпаларының ағасы болып есептеледі. Шежіре деректері бойынша Домалақ енеден (Нұрила) жалғыз ұл болған. Оның атын Тілеуберді қойып, Жарықшақ атандырған себебі, бала туғанда жарық шеке болып дүниеге келген. Содан оны алғашында Жарықшеке, кейінірек Жарықшақ деп атап кеткен. Сол Жарықшақтан үш ұл — А., суан, дулат тарайды. А., негізінен, сары және шыбыл деген екі ру бірлестігіне бөлінеді. Сарыдан — Сүйерқұл және Сүйменді. М. Тынышбаевтың шежіре-кестесінде Сүйерқұлдан туған төрт баланы (Шоған, Досалы, Қожмамбет, Жарты) және қызы Әлжаннан туған төрт жиенін ортақ атаумен “ сегіз сары” деп атап кеткенін көрсетеді. Өзге шежірелерде Сүйерқұлдан туған төртеуге, олардан өрбіген төрт ұрпақты (Сырымбет, Шағыр, Аламан немесе Алман, Хангелді) қосып, бәрін “сегіз сары әулеті” атағандығы туралы мағлұмат бар. Сүймендіден айт, бозым, қыстық рулар бірлестігі өрбіген. Сол Сүймендіні кейбір шежірелерде “Таубұзар”, ал В.В. Востров пен М.С. Мұқанов жазбасындағы Ережеп шежіресінде “Таубасар” атаған. Сарыдан тараған аталардан шоған, қожмамбет, жарты, досалы, шажа, әлжан, құрман, қыстық, тоқан, баба, жәнібек, қара кісі, сары таз деген рулар қалыптасқан. Шыбылдан – қызылбөрік (қөтей), қоңырбөрік (өтей), бойдақ өрбіген.
А. Орта Азия халықтарының этногенезіне елеулі ықпал жасады. Мыс., қарақалпақ елінің қолдауылы, қытай деген тайпаларында қалқаман руы бар. Қырғыздың мұндыз, шерік тармағында жолболды, күшчі тобында — хангелді, басызда – шыбыл атасы бар. А. өзбектер құрамында да кездеседі. Өзбек — қатаған арасында қызылбөрік тармағынан тараған сақау руы кездеседі.
А. тайпасынан аттары аңызға айналған Шоған, Жұман, Қожағұл сынды әділ билер, Хангелді Түкеұлы, Райымбек, Рыскелді, Төлесұлы Байсейіт, Диқанбай Қажаланұлы, Малайсары, Оңқа, Мамай сияқты батырлар шыққан. А-ның ұраны Бақтияр, тайпалық ұраны — Райымбек, Бәйдібек, таңбасы — дөңгелек.