АЛАШТАНУ 

АЛАШТАНУ — Алаш партиясы, Алаш автономиясы және Алашорда үкіметі деген ұғымдарды қамтитын Алаш қозғалысының тарихнамасы немесе зерттелу жағдайы. А-ға арналған алғашқы пікірлер мен зерттеулер 1919 — 20 жылдарда мерзімді баспасөз беттерінде жарияланды. Осы мәселе бойынша алғашқы қалам тартушылар көшінің басында Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынов пен қоғам және мемл. кайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин тұрды. 1919 ж. тамызда “Жизнь национальностей” апталығында (Ресей Ұлт істері жөніндегі комиссариатының органы) Байтұрсыновтың “Революция және қазақтар” атты мақаласы жарияланды. Онда Алаш қозғалысының бастау көздері, Алаш автономиясын жариялау мен оның үкіметін құрудағы себептер ашып көрсетілді. Алашорданың құрылуын 1917 жылғы Қазан революциясының жеңісі әкелген анархияға қарсы тосқауыл болған еді деп бағалады. Мұны Байтұрсынов қазақтар арасында “таптық жіктелудің жоқтығына және жеке меншіктік заттарда белгілі меже болмауына байланысты … оларға әзірше социалистік қоғамға деген қажеттіліктің жоқтығымен” түсіндірді. А Байтұрсыновтың мақаласы жарияланысымен және сол “Жизнь национальностей” апталығында Сейфуллиннің “Манап Шамиль” деген бүркеншік атпен “Қырғыз интеллигенциясы туралы” атты мақаласы жарық көрді. Өз тағдырын, сан қырлы қоғамдық және шығармашылық қызметін социализм мен коммунизм идеяларымен тығыз байланыстырған С. Сейфуллин бұл мақаласында Алаш қозғалысы жалпы алғанда қазақхалқының мақсат-мүддесіне жат құбылыс деген ойдың ұшығын аңғартады. 20- жылдардың басынан Қазақстанның мерзімді баспасөзінде Алаш қозғалысы туралы белгілі бір дәрежеде пікір-талас орын алды. Бұл дискуссияға “Н. Ш.” деген лақап есімімен жасырылған автордың “Шығыс Киргизиядағы (Қазақстандағы — К.Н.) революциялық қозғалыстың тарихына” (“Степная правда”, Орынбор, 1922, 26 және 27 шілде), Ә. Байділдиннің “Шығыс Киргизиядағы революциялық қозғалыс жөнінде”, А. Кенжиннің “Киргизиядағы революциялық қозғалыс” атты мақалаларын жатқызуға болады. Байділдин мен Кенжин Алашорда тарихын біржақты жамандауға қарсы шықты. 

1925 ж. Қазақстанды басқаруға Ф. Голощекин келгеннен кейін кезінде Алаш қозғалысына қатысқан адамдарды саяси тұрғыдан қудалаумен қатар ол қозғалыстың тарихын бұрмалау науқаны басталды. 1926 ж. 25 — 30 қарашада өткен БК(б)П Қазақ өлкелік к-тінің II пленумы респ. партия ұйымдарын “Алашорда идеологиясына қарсы күресті күшейтуге” шақырды. Жекелеген зерттеуші-сымақтарға Алашорданың “контррев. ұлтшылдық мәнін” әшкерелейтін еңбектер жазуға арнайы тапсырмалар берілді. Осындай тапсырмамен жазылған еңбектің бірі А.К. Бочаговтың 1927 ж. Қызылордада жарық көрген (орыс тілінде) “Алашорда” атты кітапшасы еді. Автор кейбір дұрыс пікірлер айтқанына қарамастан, жалпы алғанда, Алашорданы жамандап, оның тарихының әр түрлі кезеңдері мен қызметіне әділ баға бере алмады. Арнайы тапсырмамен дайындалған екінші еңбек 1929 ж. Н. Мартыненконың құрастыруымен Қызылордада жарық көрген “Алашорда” атты құжаттар жинағы еді. Кітап сол кездегі Қазақстан үкіметінің басшысы 0. Исаевтың редакциясымен шықты. Жинақтың алғы сөзінде және оған енген құжаттарға берілген құрастырушының түсініктемелерінде комм. идеология мен таптық принцип тұрғысынан Алаш қозғалысы теріс бағаланғанына қарамастан, онда жарияланған деректер Алаш тарихының жекелеген кезеңдері мен оның қызметі туралы нақтылы мәліметтер береді. 1935 ж. БК(б)П Қазақ өлкелік к-ті жанындағы партия тарихы ин-тының қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафиро “Алашорда тарихының очерктері” деген кітап жариялады. Авторлар Алаш қозғалысының жетекшілері мен оған катынасушыларды орыс патшалығы мен Уақытша үкіметтің қолшоқпарлары, қазақ халқының қас жаулары деп бағалап, Алашордаға ұлтшыл контррев-ның үкіметі деген анықтама берді. Осыған қарамастан кітаптың негізгі мәтініне қосымша ретінде Алаш қозғалысының тарихы жөнінде берілген құжаттар тізбегі ойлы оқырманның осы тарихтан шындыққа сай мәліметтер алуына көмектесті. 

1930 — 32 ж. әміршіл-әкімшіл жүйе ұйымдастырған сот процестерінің үкімі бойынша бұрынғы Алаш қозғалысы белсенділерінің басым көпшілігі сотталды. Одан елге оралғандары “халық жаулары” деген айыппен 1937 — 38 ж. атылып кетті. Сол 30-жылдардың ортасынан 80-жылдардың соңына дейін отандық тарихнамада Алаш қозғалысына байланысты зерттеулер жүргізілген жоқ. 20 ғ-дың бас кезіндегі Ресейдегі қоғамдық-саяси өмір тарихы, оның ішінде Алаш қозғалысының да мәселелері жөнінде шетелдерге эмиграцияға кеткен ресейлік, ортаазиялық, қазақстаңдық және кавказдықхалықтардың, сол сияқты шетелдерде өмір сүріп, қызмет істеп жүрген отандастарымыздың еңбектерінде молынан кездеседі (А.Ф. Керенский, М. Шоқай, З.У. Тоған, А. Авторханов, X. Оралтай, т.б. еңбектерінде). ҚР өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан кейінгі кезеңде зерттеуге ондаған жылдар тыйым салынған Алаш тақырыбы жөнінде тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған талпыныстар жасалды. 1989 ж. шілдеде Қазақстан КП ОК жанындағы партия тарихы ин-ты “Алашорда: пайда болуының, қызметі мен күйреуінің тарихы” деген тақырыпта пікір алысу ұйымдастырды. Оған қатысушылардың пікірлері көп жағдайда әр қилы болғанына қарамастан, бас қосу жаңа тарихи кезеңде бұл тақырыптың бірінші кезекте зерттелуі қажет мәселелерінің басын ашуда оңды рөл атқарды. Алаш қозғалысына жаңа көзқарас қалыптастыруда соны пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков белсенділік көрсетті. Кейін А. мәселелері жекелеген моногр. зерттеулерге арқау болды. 1994 — 95 ж. осы такырыпқа арналған К. Нұрпейісовтың, М. Қойгелдиевтің моногр. еңбектері жарық көрді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *