Зейіннің анатомиялық және физиологиялық өзін-өзі басқаратын құрылымына сүйеніп басқа таным үрдістерінің міндетін атқаруды қамтамасыз ететіндігі туралы.
У.Джемс зейіннің физиологиялық механизмін зерттеуші. И.П.Павлов зейіннің физиологиялық табиғаты туралы.
Н.Н.Ланге зейіннің моторлық теориясын құрастырушы. Д.Бродбент зейінді сүзгімен (фильтр) теңестіруі, Н.Лейтес, И.Страхов, Е.Хомская, П.Блонский, Ю.Гиппенрейтер, В.Зинченко, Б.Ломов, А.Ярбус еңбектеріндегі зейіннің физиологиялық теориялары.
Зейіннің қасиеттерін зерттеуді жалғастырған Челпанов Г. И. (1914), Ланге Н. Н. ал, психофизиологиялық бағытта доминанта туралы ілімді Ухтомский А. А. еңбектерінде терең, әрі жан-жақты қарастырылған [135, б.119–191].
Ухтомский А. А. доминанта принципін дамытудың әдіснамалық негізі ретінде Н. Е. Веденскийдің идеясын, Шеррингтонның жалпы жолымен, конвергенция принципін және «қозудың шоғырлануы» деген ғылыми бағыттарға (Бехтеревтің) сүйенген.
Психология тарихында зейіннің моторлық теориясына үлкен орын беріп, құрастырған Н.Н.Ланге. Ол өзінің «Психологиялық зерттеулер» еңбегінде ос мәселе туралы жазды. Н.Н.Ланге зейіннің моторлық теориясын тек қана оның бейімделуге қозғалысы деп есептемейді, еріктік зейін ол «моторлық және апперцепциялық үрдіс» түйсіктің қозғалыстық және еске түсірудің арасындағы байланыстарды дәлелдейді.
Д.Е. Бродбент зейінді сүзгімен теңестірді, өзінің зерттеулерінде зейіннің моделін физикалық шамалардың негізінде «барлығы немесе ештеңе» деген қағидамен іріктеуді ұсынды. Ол адамды пассивті қабылдағыш деп түсінді, бірақ онымен келісуге болмайды.
Адамға тән әрекеттің кез–келген түрінде зейін орын алмаса, оның нәтижелі болуы қиын. Ушинский К. Д. зейіннің маңызын былайшы көрсеткен еді: «Зейін адам санасынан қорытылып өтетін барлық ойды аңғартатын, адам жанының жалғыз ғана есігі болып табылады, демек, бұл есікке ілімнің бірде-бір сөзі соқпай өте алмайды, егерде ол соқпай өтсе, онда баланың санасында ештеңе де қалмайды». Зейінді психикалық үрдістердің тобына жатқызу дұрыс болмас еді. Өйткені адам өз өмірінің әрбір сәттерінде бір нәрсені қабылдайды не есіне түсіреді, бірер нәрсені қиялдайды.
Психикалық құбылыстар зейінге түрліше әсер етеді. Сезім зейінді күшейте түсуге не оны бөліп жіберуге себепші болады.
Зейіннің физиологиялық негіздерін И.П. Павлов ашқан жүйке үрдістерінің өзара индукция заңына байланысты түсінуге болады.
И.П. Павлов, егер ми қабығының бір алабында қозу үрдісі пайда болса, осымен байланысты қалған алаптарында тежелу үрдістері пайда болатындығын айтқан. Мәселен, адам бар ойымен іске қызу берілсе, басқа жөнінде ойлай алмайды. Осы кезде мидың бір алыбында күшті қозу үрдісі болып жатады да, айналасындағы алаптарда тежелу үрдісі болады.
Зейіннің физиологиялық негіздерін орыс физиологы, академик А.А Ухтомскийдің (1875-1942 ж.) доминанта теориясы жақсы түсіндіреді. Сыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біреуі миға көбірек әсер етеді де, мидың бір алабын қаттырақ, күштірек қоздырады, осындай алабты доминанта деп атайды. Мидың осы күшті қозғыш алабы қалған алабтардағы әлсіз қозу үрдістерін өзіне тартып отырады. Осыдан мидың күшті қозған алабы одан ары күшейеді. Мәселен, қызық кітапқа беріле оқығанда адамға кейбір бөгде тітіркендіргіштердің бөгет жасамайтыны, қайта олардың адамның ойының күшеюіне жәрдемдесетіні байқалады. Сондықтан адам бар зейінін қойып кітап оқыған кезде қасындағы бөгде тітіркендіргіштерден қашпауы керек. Бұл біздің басқа нәрсеге көңіл аудармай үңіліп отырған әрекетімізге мейлінше беріле түсуге жәрдемдеседі. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, мидағы басыңқы қозу әлсіз тітіркендіргіштерден болған қозуларды өзіне тартып алып, солардың есебінен күшейіп отырады.
А.А. Ухтомскийдің доминанта теориясының мәнін И.П. Павловтың «қозудың оптималдық алабы» дейтін теориясы одан әрі толықтыра түседі [134]. И.П. Павловтың оптималдық қозу алабы теориясы ырықты зейіннің табиғатын физиологиялық тұрғыдан өте жақсы түсіндіреді. Қозу үрдісі ешқашанда ми қабығына біркелкі тарамайды, өйткені онда әр уақытта қозу пайда болатындай жағымды «оптималдық жағдай» жасалып отырады. Оптималдық қозуы бар осы алап – ми қабығының шығармашылық бөлімі, ырықты зейіннің физиологиялық негізі. Бұл күйді И. П. Павлов былайша сипаттаған: «Бас сүйегінің сыртынан біз іштегі миды байқай алатын болсақ, онда ми сыңарларының оптималдық қозу пайда болатын жері жарқылдап көрінсе, біз ойлап отырған саналы адамның ми сыңарларында түрі және шамасы өне бойы өзгеретін тамаша тұрлаусыз жарқылдаған сәуле дағын көрер едік, бұлар ми сыңарларының барлық жерлерін алып жатқан азды-көпті қара көлеңкенің ішінде үздіксіз қозғалып жүрген болар еді».
Ұлы физиолог оптималдық қозу үнемі қозғалыста болатындығын айта келіп, оның мида ауысып отыруының өзі зейін бағытының да өзгеріп отыруы деп түсіндірді.Мидағы тежелулерінің бірінен екінші сапқа түсуі, біреулерінің күшейіп, алдыңғы сапқа шығуы осы оптималдық қозу алабының жұмысы болады. Оптималдық қозу алабы бар алаб мидың басқа бөліктеріндегі тежелуді күшейтеді. Мұндай жағдайда адам зейіні бір жерге күшті шоғырланады да, ол қалған объектілерде байқалмайтын болады