АЛАША ХАН КҮМБЕЗІ — Ұлытаудағы сәулет өнерінің ескерткіші. Шоқан Уәлихановтың пікірінше, Түркістанның бір ханы (Қызыл Арслан) баласы ала болып туғандықтан, оны ұнатпай “Алаша” деген ат беріп, Сыр бойынан Арқаға жібереді. Аз уақыттың ішінде оның қасына жігіттер жиналып, елде беделі асады. Алаша білімпаз, кемеңгер кісі болғандықтан, оны қадірлеп хан көтереді. А. х. к. Ұлытаудың Қаракеңгір өз. жағасында (Сарыкеңгір өз-нің құярлық саласында) биік жотаның үстінде тұр. Ғалымдар күмбезді Қарахан әулетіне, оғыз-қыпшақ заманындағы (10 — 13 ғ.) сәулет өнерінің қатарына қосады. Зерттеушілер әлі де жаңа болжамдар (15 — 16 ғ. деушілер де бар) айтқанымен, күмбездің уақыт зардабынан мүжіліп тозған түрі мен басқа ешбір ескерткішке ұқсамайтын көркемдеу тәсілі арғы замандарға сілтейді. А. х. к. порталды-күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатады. Аумағы 9,73х 11,9. Биікт. 10 м. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Олардың көлемі 230x14x60 мм, 260×230 мм, 320x320x60 мм, т.с.с әр түрлі болып келеді. Құрылыс үстінен биікт. екі жарым метрге жуық (231 см) барабан — күмбез мойындығы салынып, одан күмбез шығарылған. Барабан сатыланып кішірейе түсетін төрт белдеуден тұрады. Көп қырлы және цилиндр тәрізді етіп жасалған бұл белдеулердің диам. — ; 743, 673, 643 см. Кіреберіс қақпа-портал аркасы мен екі жақ ұстынды мұнаралық бөліктерінің биікт. қандай болғаны белгісіз. Олардың күмбез барабандары басталатын тұстан жоғарғы жағы жойылып кеткен. Кіреберіс сол жақ бұрышта баспалдақты тар қуыс бар. Сол арқылы жоғары көтеріліп барып, күмбездік екінші айналма қабатқа (барабан галереясы), одан портал арқасының желке тұсынан кесене үстіне шығуға болады. Портал мен күмбездің шыны сырлы қаптама жұқа өрнектерінен еш нәрсе қалмаған. Ары-бері өткен жолаушылар тәбәрік етіп алып кеткен болуы керек. А. х. к-нің шынайы қалпын онымен тұстас, сәулеттік үлгілері ортақ жәдігерліктермен салыстыру арқылы елестетуге болады. Бұл орайда ол, негізінен, Қарахан әулеті дәуірі сәулет үлгілерінің Салжұқ өнері аталатын түрлерімен байланыстырылады. Бұл үлгідегі ескерткіштер көбіне-көп Түрікменстанда кездеседі. А. х. к-н, сондай-ақ, Қазақстан жеріндегі Айша бибі (11 — 12 ғ.), Жошы хан (13 ғ.), Қожа Ахмет Иасауи (14 ғ.) мазарлары үлгілерімен де салыстыруға болады. Әсіресе, көне Сығанақ маңындағы Көк кесене ғимаратының көркемдік нақыштарымен үндестік бірден көзге түседі. А. х. к-нің әр түсті және әр көлемді кірпіштерді қиюластыра қалау арқылы геом. бейне жасап, күмбездің барлық беттерін масаты кілемінің түріне ұқсатып өрнектеуі өзінен кейінгі Талмас ата, Жұбан ана, Болған ана, Қайып ата, Дүзен, Ерден мазарларына үлгі болған. 1894 ж. жарық көрген “Қырғыз даласының очерктерінде” орыс ориенталисі Е.И. Шмидт жазған шыны сияқты ақ сылақ пен көк сылақ, төрт құбыласы сай ғажайып пропорция Айша бибі, Қожа Ахмет Иасауи кесенелерінде кездеседі.