АЛАТАУ БӨДЕНЕШӨБІ (Veronica alatavica) — сабынкөк тұқымдасының бөденешөп туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Іле Алатауы мен Шелек өз-нің жоғарғы сағасында кездеседі. А. б-нің биікт. 30 — 50 см. Бұтақталған тамыр сабағы бар. Тік сабағының түсі сұр келеді, себебі сыртын бұйраланған түк басқан. Ланцет тәрізді үшкірленген, жай жапырағы қарама-қарсы орналасады. Ақшыл, қоңырау тәрізді гүлдері масақ, кейде сыпырғыш гүл шоғырына топталады. Тұқымынан көбейеді. Шілде айында гүлдейді. Тамызда жеміс береді. Жемісі жұмыртқа тәрізді қауашақ, ұз. 3 мм-дей, түкті, қара түсті болады. Өте сирек кездесетін түр болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.