АЛАМЕСЕК — көне мекен орны. Қызылорда обл. Жалағаш ауд. орталығынан 45 км жерде, Аламесек к-нің жағасына орналасқан. Іргесі 19 ғ- дың ақырында қаланған. 1928-30 ж. аудан орталығы болды. Жері құнарлы, шөбі шүйгін, балық, аң-құсы мол болғандықтан, бұл аймақтың халқы ашаршылыққа ұрынбаған. Шымбай, Төрткүл, Қазалы уездерінің саудагерлері А-те сауда жәрмеңкелерін өткізіп, “Жаңа базар” аталып кеткен. 1900 ж. А-те 220 үйдей қазақ, 50 — 60 үй өзбек, 20 — 30 үй ноғай тұрған. 2 сыныптық орыс-қазақ түземдік мектебі (1898), кірпіш зауыты (1903), қасапхана жұмыс істеді. 1925 ж. А. болысына 44 ауылдық кеңес қарады. Аудан орталығы болып тұрған кезде мектеп, интернат, почта, аурухана, кітапхана, клуб, астық қабылдау пункті жұмыс істеді. А. МТС-ы ұйымдастырылды. 1932 — 33 ж. Тереңөзек ауд-ның жетім балалар үйі, 1941-44 ж. Украина мен Белоруссиядан әкелінген балалардың мектеп-интернаты болды. А. көліне құятын сулар бөгеліп, көл табаны құрғаған соң, А-тен ел еріксіз көшіп кетті.