АҚЫҚ

АҚЫҚ, халцедон — оксидтер класына жататын кварц минералының жасырын кристалды, талшық құрылымды түрі. Ол іркінді агрегаттар, бүйрек тәрізді жалбырлар, тұтас жүмыр кесек түрінде болады. Шыны, май, балауыз секілді жылтыр, қатт. 6,5 — 7; меншікті салм. 2,5—2,8 г/см3. Түсі құрамындағы темір, марганец, кобальт, никель, т.б. қоспаларына байланысты. Соған сәйкес сердолик (сарғылт қызыл, қызыл, қою қызыл), хризопраз (жасыл), гелиотроп (қызыл сары жолақты қою жасыл), сардер (коңыр, қызыл қоңыр), сапфирин (сұр, көгілдір сүр), плазма (жасыл), кахалонг (сүттей ақ), т.б. түрлері, сондай-ақ агат және оникс сияқты нақышты түрлері бар. А. төмен темп-ралы гидротермальдық және салқын ерітінділерден түзіледі. Ол үгілу қыртысы мен тотығу белдемінде, шөгінді және эффузивті жыныстардың қуыстары мен жарықтарында кездеседі. А. яшма, кремнийлі тақтатас, шақпақтас, т.б. жыныстарды құрайды. А-тан хим. ыдыс, дәл өлшейтін аспаптардың үйкелетін, салмақ түсетін бөлшектері, әдемі түрлерінен зергерлік бұйымдар жасалады. А-тың ірі кен орындары Орт. Қазақстанда, Қаратауда орналасан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *