АҚШАЛАЙ ТАБЫСТЫ ИНДЕКСТЕУ — халықты әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесінің бір бөлігі. Ол тұрғындардың ақшалай табысының сатып алу қабілетін қолдауға бағытталып, тұтыну тауарлары мен қызмет бағаларының өсуіне байланысты шығындарды толық немесе ішінара өтеуді көздейді. Меншік формасына, шаруашылықты жүргізу жағдайына және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан, кәсіпорындар, мекемелер және басқа да заңды ұйымдар тұтыну тауарлары мен тұтыну бағасының өсуін есепке ала отырып, азаматтардың ақшалай табысын индекстеуді ұштастыра қолданады немесе еңбекақының мөлшерін бір мезгілде қайта караумен ауыстыра алады. Индекстеуге азаматтардың Қазақстанда ақшалай алатын, өмір сүру қаражатының негізгі көзі болып табылатын ақшалай табысы: еңбекақы, зейнетақы, стипендиялар, көп балалы отбасына, жұмыссыздығына, уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты төленетін әлеум. жәрдемақы жатады. Зейнетақының, жәрдемақының, стипендияның және басқа әлеум. төлемдердің мөлшерін индекстеп отыруды мемл. басқару органдары немесе зейнетақы қорлары жүзеге асырады. Тұтыну сапасының барлық секторларында тауарлар мен қызмет бағаларының ең төменгі деңгейін есептеп шығару үшін қабылданған тұтыну тауарлары мен қызметтің жиынтығы бойынша белгіленген баға индексінің мөлшері (шегі) негіз больш табылады. ҚР-нда халықтың ең төменгі тұтыну бюджетінің (ең төменгі күнкөріс көзінің) бір жарым мөлшері көлеміндегі нақты ақшалай табысы толық индекстеуге жатады (1998). Ал ақшалай табыстың ең төменгі мөлшері индекстелмейді.