АҚША ЖҮЙЕСІ — белгілі бір елде қалыптасып, әдетте заңмен бекітілетін ақша айналымын ұйымдастыру түрі. Елдегі жалпыға бірдей балама ретінде қабылданған асыл металға және ақша айналысының негізіне қарай А. ж. екі түрге бөлінеді: 1) монометалдық — валюталық металл рөлін бір қымбат металдың атқаруы; 2) бейметалдық — әлгі рөлді екі валюталық металдың (алтын мен күміс) атқаруы. Алтын аса құнды болғандықтан алтын монометалдығы күміс монометалдығы мен бейметалдықты ығыстырып, 19 ғ-дың аяғында А. ж-нің негізіне айналды. Монометалдық жүйеде А. ж-н құрушы бір металдан істелген шақалар ғана төлем құралы болып саналады және айналымда жаппай қабылданады. А. ж-нің негізі — алтын, ол тауардың қай түріне де айырбастала береді. Экон. дағдарыстар кезінде А. ж. құлдырауға ұшырайды. 1-дүн. жүз. соғыс кезінде банкноттарды ақшаға еркін айырбастау тоқтатылды, алтын ақша айналыстан шығып, банкноттар қағаз ақшаға айналды. Ал оларды аса көп, мөлшерсіз шығару ақшаның құнын төмендетті. 1924 — 28 жылғы валюталардың ішінара тұрақтануы дәуірінде алтын монометалдығы уақытша қалпына келтірілді. Кейін қайтадан қағаз ақшалар айналымы қалыптасты. А. ж. валютаның алтын баламасы заңмен белгіленетін А.ж. (мыс., АҚШ-та доллар таза алтынның 0,888671 г-на теңгеріледі) және валютаның алтын баламасы заңмен белгіленбейтін А. ж. болып бөлінеді. Соңғы жағдайда ақшаның алтындық курсы тұрақты алтын баламасы бар валютаға байланысты анықталады. Халықар. валюта қорының шешімі бойынша фунт стерлингтің алғашқы курсы АҚШ-тың 4 доллары, 1949 ж. қағаз ақшаның ресми құны тұрақгағаннан кейін — 2,8, ал 1967 ж. — 2,4 долл. болды. А. ж. әр елде тарихи қалыптасқан және сол елдің заңымен бекітілген ақша айналысын ұйымдастырудың бір түрі болып табылады. А.ж- не валюталық металды, ақша бірлігін, шақаларды шығару және қағаз ақшаларды эмиссиялау тәртібі кіреді.
Ақша бірлігі (стерлинг, теңге, доллар, марка, франк, т.б.) одан әрі бөлшектеніп, баға көлемінің рөлін атқарады. Ақша массасы банктік және қағаз ақшадан, тиын ақшадан тұрады. Банктік билет пен қазыналық билеттің шығару тәртіптері бірдей. Олардың айырмашылығы банктік билеттер 25% бағалы металмен және 75% мемл. банктің басқа активтерімен, ал қазыналық билет мемл-тің барлық мүлкімен қамтамасыз етіледі.
Ақша айналымын ұйымдастыру ақша кеңістігі, ақша рыногы және ақша реформасы сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Ақшаның белгілі бір аймақта өз күшін сақтауы ақша кеңістігін құрайды. Әр мемл-тің ақшасы сол елдің аумағында пайдаланылады. Кейбір елдер өзара келісім бойынша ортақ ақша кеңістігін орнатуы мүмкін. Мыс., Кеңестер Одағы кезінде сом пайдаланылды, яғни одақтас респ-лар бір ақша кеңістігінде болды. Кейін респ-лар тәуелсіздік алғаннан кейін олар өз ұлттық ақшаларына көшті, сөйтіп біртұтас ақша кеңістігі жойылды. Қазіргі кезде Батыс Еуропа елдері өздерінің ақша кеңістігін кеңейту мақсатында ұлттық ақшадан мемлекетаралық ақшаға көшуге бағыт алып отыр.
Ақша рыногына ақша қаражатымен тауарларды сату және сатып алу рыногының бір түрі немесе несиелік капитал рыногының бір бөлігі жатады. Ақша рыногының агентгеріне банкілер, брокерлік және дилерлік фирмалар, несие ақшаларды, валюталарды, бағалы қағаздарды сату, сатып алуға қатысушы қаржы-несие ұйымдары енеді. Ақша рыногының көмегімен кәсіпорындардың, фирмалар мен компаниялардың айналым қаражаты қамтамасыз етіледі, банкілердің кысқа мерзімдік ресурстары қалыптастырылады, мемлекет пен ұйымдар, жеке тұлғалар қысқа мерзімдік несиелер алады. Халықар. валюта-несие қатынастарының дамуына орай халықар. ақша рыногы қалыптасып, шетел валюталарымен операциялар жасалады. Ол несие айналымы операциялары үшін қазыналық және коммерциялық вексельдерді, чектерді, аккредитивтерді, депозиттік сертификаттарды, банк акцептерін және басқа есептеу жолдарын пайдаланады.
Қазақстанның ақша рыногы заңдар мен нормативті актілерге сәйкес реттеледі. Нақтылы экон. саясатты жүзеге асыру мақсатында ақша реформасы жүргізіледі.
Ақша реформасына мемл. билігі мен ақша жүйесінің толық немесе ішінара өзгеруі және ақшаның бір жүйесінің екіншісіне немесе ақшаның жаңа түріне ауыстырылуы жатады. Кеңес Одағы тұсында үш рет — 1922 — 24,1947,1960 ж.ақша реформасы болды. Жаңа экон. саясат кезінде червонецтер шығарылды. Ол алтынның 78,24 үлесінің бір мысқалына (7,74234 г), яғни ескі он сомдық шақаға тең болды. Сонымен қатар құны 1, 3, 5 сомдық қазыналық билеттер, 1 сомдық, 50, 25, 15, 10 тиындық күміс және 1, 2, 3, 5 тиындық қара шақалар шығарылды. 1947 ж. айналыстағы ақшаның 10 сомы жаңа ақшаның 1 сомына айырбасталды. Сөйтіп айналыстағы артық ақша жойылды. Ал 1960 ж.1, 3, 5, 10, 25, 50, 100 сомдық ақша билеттері және 1, 2, 3,5, 10, 15, 20 тиындар, сондай-ақ 50 тиындық және 1 сомдық күміс ақша шығарылды. 1961 жылдың 1 қаңтарынан бастап, сомның алтын бағамы таза алтынның 0,222168 г-нан 0,987412 г-на дейін арттырылды, яғни Американың 1 доллары жаңа ақшаның 90 тиынына тең болды. Қазақстанда ақша реформасы 1993 ж. жүзеге асырылып, ұлттық ақша — теңге айналысқа енгізілді. 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100, 500, 1000, 2000 теңгелік билеттер шығарылды; қ. Теңге.