АҚША Сейітқұлұлы

АҚША Сейітқұлұлы (1573 — 1659) — Қоқан ханы. Сыр бойында дүниеге келген. Атақты Әйтеке Байбекұлының атасы. Әлім тайпасының құрамындағы төртқара руынан. Әкесі Сейітқұл 1590 — 1620 ж. Самарқан мен Бұқара аймағындағы 40 мың үйлі қазақ, 35 мың үйлі қарақалпақ, 100 мың үйлі өзбек жұртын біріктіріп, солардың ханы болған. 1622 ж. өзбек ханы Иманқұл Түркістан маңындағы қарақалпақтарға шабуыл жасады. Қарақалпақтарға А- ның інісі Жалаңтөс баһадүр өз жасағымен көмекке аттанады. Жалаңтөстен қаймыққан Иманқұл бітім жасауға мәжбүр болды. Қоқан мен Самарқанды сыйға тартып, екеуінің де әмірі етіп Жалаңтөсті жариялады. Осы кезде өзге елдерге жорыққа аттанбақ болған Жалаңтөс Қоқанның билігін туған ағасы А-ға берді. А. шамамен 1622 — 35 ж. Қоқан ханының тағында отырды. Кейбір деректерде оны Қоқан әмірі деп атайды. А. інісі Жалаңтөс баһадүр бастаған жорықгарға қатыспаған. Алайда оның жорықтарына әскер дайындау, жол шығындарымен жабдықтау, қару-жарақпен қамтамасыз ету жұмыстарына белсене араласқан. Сонымен бірге Қоқан қ. мен сол төңіректегі уәлаяттарды басқаруда әділ басшы ретінде кеңінен танылып, құрметке бөленген. Кейін 1635 ж. Қоқан билігін Жалаңтөстің өзіне берді. А-ның қабірі Өзбекстанның Науаи обл., Нұрата ауд-ның жерінде. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *