АҚША — жалпыға бірдей балама ретінде барлық басқа тауарлардың құнын көрсететін ерекше тауар. А. барлық тауар өндірушілер, сатушылар, тұтынушылар арасындағы экон. байланысты қамтамасыз етеді. А. тауар өндірісі мен тауар айырбасының тарихи дамуы нәтижесінде пайда болды. Алғашқы кезде бір еңбек өнімі екінші еңбек өніміне тікелей айырбасталды. Кейінірек айырбас сауда дамуының барысында құнның жай формасының орнына құнның толық және жайылыңқы формасы келді. Одан әрі өндіріс пен айырбастың дамуы нәтижесінде тауарлар арасынан бір тауар бөлініп шығып, баска тауарлар осы тауарға айырбасталды. Сөйтіп құнның толық және жайылыңқы формасы құнның жалпылық формасына орын берді. Құнның ең жоғарғы ақша формасындағы жалпыға бірдей балама рөлі бір тауардың еншісіне тиді, яғни ерекше тауар түрі — ақша пайда болды. Осы кезде әр түрлі тайпалар мен халықтар арасында ақша ретінде ішкі және сыртқы сауда-саттықтың басты заттары болып табылатын тауарлар бөлініп шықты. Ақша рөлін кейбір халықтарда (гректер, римдіктер, славяндар, монғолдар, т.б.) мал, ертедегі Русьте, Скаңдинавияда — аң терісі, Қытайда — шай, Абиссинияда — тұз атқарды. Қазақстанда ішкі сауда-саттық жүргізу үшін жалпыға бірдей балама ретінде тоқты немесе саулық қой пайдаланылды. Бертін келе тауар өндірісі мен тауар айырбасының дамуы және халықтар арасындағы қарым-қатынастың ұлғаюы нәтижесінде ақша рөлі түрлі металдарға ауыса бастады. Өйткені металл (әсіресе, алтын, күміс) өзінің табиғи қасиетінің арқасында ақша рөлін атқаруға өте қолайлы болды. Алтын мен күмістің жалпыға бірдей балама рөлін атқаруына байланысты құнның жалпылық формасы ақша формасымен айырбасталды. Ол кез келген тауарға айырбасталды.
Тарихы. Б.з.б. 3 ғ-дағы хуннулар ақша орнына күміс пышақты пайдаланып келсе, б.з. 1 ғ-нда салық есебіне алтын, күміс құймаларды алып тұрған. Ақ ғұндар бір бетіне пехлеви, екінші бетіне эфталит (түркі-руни) жазуы бар теңгелер (б.з. 5 — 6 ғ.) жасап, сауда айналымына кіргізген. Қазақ елі (казақ халқын құраған негізгі тайпалар) баба түркілер Ұлы Жібек жолына орналасқандықтан ақша жасау, оны айналымға енгізуді өмір қажеттілігі деп тым ерте қолға алған. 6-8 ғ-да билеуші рулардың таңбасы қашалған, ру рәмізін бейнелеген теңгелер құя бастаған. Сырдарияның орта алабында өмір сүрген тайпалардың қола теңгелері, 6-8 ғ-дың 1-жартысына дейінгі аралықта қолданылған. Бұл теңгелерде Ашиде әулетінің рәмізі болған арыстан бейнеленген. Мұндай теңгелерді Суяб, Тараз қ-ларындағы арнаулы шеберханаларда құйған. Сонымен қатар Отырар маңындағы қалаларда да түрлі теңгелер жасалған. Біріншісі, сәл ұмтылып, секіргелі тұрған арыстан бейнеленген мыс теңгелер; екінші бетінде садақ және шаршы түрінде түркілердің тайпалық таңбасы (дүниенің төрт бұрышын мегзеген рәміз) бейнелеген. Екіншісі, үшбұрыш таңбалы (түркінің ана әулетінің таңбасы) теңгелер. Мұнда соғды жазуымен жазылған сөздерді бедері өшкендіктен ғалымдар күні бүгінге дейін оқи алмай келеді. Бұлардың да бір бетіне арыстан бейнесі салынған.
Б.з. 704 — 766 ж. Таразда құйылып, айналымға енген теңгелердің бетінде “Түргеш қаған теңгесі” немесе “Түркінің көк ханының теңгесі” деген анықтама жазулар бар. Бұл — тайпалық дәрежедегі теңге емес, бүкіл мемл. дәулетін, мүлкін, ел ырысын куәландыратын кепілдеме. Осы сияқты 6 — 8 ғ. аралығына жататын мыс, қола, күміс теңгелер Суяб, Ақбешім қ-ларында да шығарылып тұрған. Испиджаб қ-нда арнайы теңге сарайы болған.
Бұдан кейінгі кезеңде Қарахан әулеті билік құрған тұста Қазақстан және Орта Азияда сауданың күшті дамуына байланысты ақша шығару, ақша айналымы да кең етек алды. Әсіресе, мыс, күміс ақшалар көптеп шығарылды. Соның ішінде Тараз, Испиджаб теңгелері ел экон-сында ерекше міндет атқарды. 12 ғ-дың 2- жартысы — 13 ғ-дың басында Отырарда шыққан Мұхаммед ибн Текештің теңгелері Қазақстан жеріндегі сауда-саттықта ерекше міндет атқарды. Ол дәуірдегі мыс, күміс, алтын ақшалар өзінің салмағы бойынша алтынмен бағаланып, сауда айналымына енді. Монғол жаугершілігінің алғашқы кезінде (1220 — 50) Қазақ жерінде жалпы сауда қатынасы құлдырап кетті. Соның салдарынан ақша қатынасы да тоқтады. Ақыры монғол билеушілерінің бас пайдасы үшін, халықтан купчур салық жинап, хан қазынасын толтыру үшін 1251 жылғы Құрылтай шешімімен алтын динарлар шығарыла бастады. Бұл теңгелердің құрамында алтын 50 — 60% қана болды. Алтын мөлшерінің көп болмауы оның құнын сол кездегі нақты сауда тауарының кұнымен жақындастыру еді. Салмағы мол алтын ақшалармен қымбат тауарларды мол мөлшерде сатып алса, салмағы аз, майда алтын ақшалармен ұсақ тауарларды сатып алатын етіп ақшаны айналымға түсіріп тұрған. Ұсақ саудаға арналған сыртына күміс жалатқан мыс теңгелердің салмағы 6 — 8 грамм болды. Бетінде “Мөнгү хани” (хан теңгесі) деген жазуы болды.
Бұл ақша 13 жыл бойы үзбей шығарылды. Қазақстанның оңт. және батыс аудандарына осы Отырар ақшасы мол тарады. Сол заманда Отырар ақшасымен деңгейлес Ақмалықта шығарылған теңгелер де ғалымдардың назарын аударып отыр.
1271 ж. Масудбек реформасы ақша айналымында жаңа кезең ашты. Бұл реформа бойынша алтынды ақша орнына қолдану мүлдем тоқгатылып, салмағы 2 грамм, тазалығы 78 -81% күміс-ақшалар айналымға кіргізілді. Бұл күміс ақшаларды Қазақстанның Тараз, Кенже қ-ларында шыңдау 227 әдісімен әзірлеп, 1271 жылдан 14 ғ-дың басқы кезеңіне дейін айналымда болды.
1321 ж. жүргізген Кебек хан реформасының да үлкен маңызы болды. Ол бүкіл мемл. атынан “Кебек хан теңгесін” айналымға енгізді. Ақшаның салмағы 8 грамм. Күмістен шыңдап жасаған. “Кебек хан теңгесі” Қазақстанның Испиджаб, Тараз, Отырар, Сығанақ қ-ларында әзірленді. Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек, Наурызбек, Қызыр хандардың атынан шығарылған Алтын Орда теңгелері Жетісу — Түркістаннан Еділ жағалауына дейін кең тарады.
Бұдан кейін 1428 ж. енгізген Ұлықбектің ақша реформасы Орта Азия және Қазақстан жеріндегі халықтар арасында кеңінен белгілі болды.16 ғ-да Отырардың мыс теңгелері, Иасының (Түркістанның) күміс теңгелері Оңт. Қазақстан жерінде сауда айналымында өз міндетін атқарып келді. 16 ғ-дың соңы —17 ғ-дың басында Қазақ хандарының атымен өндірілген мыс ақшалар болды. Бұл ақшалардың дизайндық шеберлігі жоғары дәрежеде болғанымен Қазақ хандығында сауда ісін бір жолға қоюда, халықтың басын біріктіруде үлкен міндет атқарды. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 ж. ҚР-ның жаңа ақшасы шы- ғарылды; қ. Теңге.
А. әр алуан қызмет атқарады: тауарлар мен әр түрлі қызметтердің құнын көрсетеді, айналым құралы, төлем құралы ретінде пайдаланылады, сол сияқты қор жинау және сақтау құралының рөлін атқарады. А. өнімді шығаруға кеткен шығынды өлшеуге, еңбекті сан және сапа жағынан бақылауға мүмкіндік береді. А. белгісіне алтын, күміс А- лар орнына айналымда пайдаланылатын, бірақ құны жоқ банкноттар, қағаз ақшалар, құны толықпаған металл теңгелер, т.б. жатады. А. кағаз А. және құнды қағаз түрінде шығарылады. А. шығару ісін орталық банктер жүргізеді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға қызмет ететін және өзінің көлемі жағынан банкноттық есеп айырысудан әлдеқайда көп болып келетін депозиттік-чектік эмиссияны коммерциялық банктер шығарады. Әр елде ақша шығару жүйесі сол елдің заңына сәйкес қалыптасады, ол банкнот шығару тәртібін, эмиссия мөлшерін, оны қамтамасыз етудің нормасы мен әдістерін анықтайды. ҚР-нда ақша шығару, олардың айналымын ұйымдастыру және оны айналымнан шығару ісін тек Қазақстан Ұлттык банкі жүзеге асырады (қ. Теңге). Қазақстан Ұлттық банкі бакноттар мен тиындардың қажетті мөлшерін анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етеді, қолдағы ақша қаражатын сақтау, инкассациялау тәртібін белгілейді. Ұлттық банктің ақша шығаратын банкнот фабрикасы бар.
Өндірісті дамыту мақсатында пайдаланылатын ақшаның, яғни қаржының бастапқы түріне ақша капиталы жатады. Ол орта ғасырда сауда және өсімқорлық капиталдар түрінде пайда болды. Өнеркәсіп капиталының ауыспалы айналымның бірінші сатысында А. капиталы өндіріс құрал-жабдықтары мен жұмыс күшін сатып алуға жұмсалады. Өндіріс процесінде тауар өндіріліп, ол өткізілгеннен кейін өнеркәсіп капиталы тағы да А. капиталына айналады. Сөйтіп өндіріс процесінде капиталдың бір түрі оның екінші түріне тұрақты айналып отырады, осының көмегімен қосымша құнның мөлшері де өсіп отырады. Капиталдың ауыспалы айналымы процесінде босаған ақша капиталы қарыз капиталына айналуы мүмкін. Дәлірек айтқанда, А. — қосымша құн әкелетін ақша түріндегі капитал. Ол өнеркәсіптік капиталдың бір түрі болып табылады.
А-ны пайдалану процесінде ақшаға табыну — ақша фетишизмі (фран,fetiche— сиқыр) пайда болады. А. фетишизмі — тауарлы шаруашылықтың табиғатынан туатын объективтік құбылыс. Алтынның жалпыға бірдей балама рөлін атқаратыны сияқты, ақшаның өз жаратылысында кез келген затқа айырбасталатын сиқырлы қасиеті бар деп есептелінеді. А. фетишизмі нарықтық экономика жағдайында, әсіресе, ақша тапшылығы орын алып отырған кезде, өзінің шарықтау шегіне жетеді. Ақшаның кез келген тауар түріне айналу мүмкіндігі ақшалық материалдың — алтынның табиғи қасиеті деп түсіндіріледі. Тауардың барлық түрі ғана емес, адамдар арасындағы қатынас, тіпті моральдық қатынастар да ақшаға сатылады да, оған табыну процесі одан әрі күшейе түседі.