АҚ ТҮЛКІ (Alopex lagopus) — ит тұқымдасына жататын жыртқыш аң. А. т-лер Солт. Америка мен Еуразияның орманды тундрасында, тундрада және Солт. Мұзды мұхиттың аралдары мен Командор, Алеут, Прибылов аралдарында таралған. Дене тұрқы 45 — 75 см, құйрығы 25 — 52 см, салм. 2 — 9 кг. Сыртқы пішіні қызыл түлкіге ұқсас, бірақ тұмсығы мен құлағы қысқа келеді. Терісінің түсіне қарай ақ және көгілдір болып бөлінеді. А. т. жылына 2 рет түлейді. Қыста жүні ұзын, қалың, жұмсақ және біркелкі ақ, ал жазда ақсары бурыл болады. Көгілдір түлкі түлемейді. Ақпан — наурызда ұйығып, 52 күннен кейін 3 — 15, кейде 22 күшік табады. Күшігін баулып жетілдіргенше інінен ешқайда кетпейді. Күз, қыс айларында тамақ іздеп кезіп жүреді. Тамақ талғамайды. Олар, көбіне, тышқан тәрізді кеміргіштер — леммингілермен және тоқалтістермен, құстармен қоректенеді. Қолда бағылып та көбейтіледі. А. т. — терісі өте бағалы аң, сол үшін ауланады.