- Аравияның әлеуметтік-экономикалық дамуы.
- Арабтар мемлекетінің құрылуының алғы шарттары.
- Халифаттың мемлекеттік құрылысы.
- III-VI ғ.ғ. арабтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, діні, саяси тарихы.
Арабия түбегі 3 млн. шаршы шақырым жерді алып жатыр. Ежелден бұл территорияны арабтар мекендеді. Бұл аймақтың әртүрлі аудандарының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы біркелкі болған жоқ. Табиғат жағдайларына қарай оның тұрғындарын отырықшы егіншілер, көшпелі малшылар деп бөлуге болады. Аз ған бөлігінде егіншілік дамыды. Иеменнің қару жарақ шығарумен, тері өңдеумен даңқы шықты. Оңтүстік Арабияда алтын шығарылды. Иеменнің ертерек дамуына оның сауда жолында делдалдық саудамен айналысуы себеп болды. Арабиядағы көшпелі малшыларды – бедуиндер деп атады. Бедуиндер негізінен түйе өсірумен, сонымен бірге жылқы, қой, ешкі өсірумен шұғылданды. VI-VII ғасырларда бедуин тайпаларында алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау процесі жүріп жатты. Тайпа ақсүйектері қора-қора малымен, жайылымдарымен ерекшеленіп тұрды. Бұлармен қатар өздерін заңды түрде тәуелсіз деп есептейтін, бірақ мәжбүрлі түрде ақсүйектерге жұмыс істейтін тәуелді адамдар болды. Арабтарда маңызды мөлшерде құлдықта таралды. Құлдар негізінен Африкадан әкелінген шетжерліктер болды. Құл еңбегі экономикалық құрылыстың негізі болған жоқ.
Иемендегі құлиеленушілік құрылыстың дағдарысы және бедуиндердегі алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау кезеңі Арабияның сыртқы жаулап алушылардың обьектісіне айналу кезіне сәйкес келді. VI ғасырда Византия мен Иран Иемен мен Батыс Арабия арқылы өтетін сауда жолдары үшін күрес жүргізді. 572-628 жылдары Иемен Сасанидтік Иранның сатырабына айналды.
- Исламның пайда болуы. Аравияның біргуі. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы, тайпалық ақсүйектердің жерді, малды, маңызды кіріс бөлігін жеке меншікке айналдыруға ұмтылуы Арабияның саяси бірігуінің негізгі алғышарттарына айналды. Бұған оңтүстік Арабия құлиеленушілік мемлекетінің құлауы және сыртқы жауларға қарсы тұрудың қажеттілігі де әсер етті. Бірігудің орталығы егіншілікпен, сауданың, қолөнердің біршама дамыған ауданы Хиджаз болды. Хиджаздың Мекке, Таиф, Ясриб сияқты қалалары көшпелі тайпалармен тығыз байланысты болды. Меккенің географиялық орналасуы оның тұрғындарының отырықшы мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасады. Мекке тұрғындарының көп бөлігі Курейш тайпасынан тұрды. Қаланы Омейядтар руы басқарды. Тайпалық жіктелуді жеңіп, біртұтас араб мемлекетін құру бір құдайға табыну идеологиясына келіп тірелді. Аравияның әртүрлі аудандарында бір құдайға сыйынуды уағыздаушылар пайда бола бастады. Меккеде мұндай насихаттаушы Мұхаммед (570-632 ж.ж.) болды. Ислам діні 610 жылдар шамасында пайда болды. Алғашқыда ол Меккеде кең қолдауға ие болмады. Мұхаммедтің насихатын алғашқыда тек отбасы мұшелері мен бірнеше жақын туыстары ғана мойындады. Мұхаммедтің жақтастары “өздерін құдайға тапсырғандар” (муслимуна, мұсылмандар) деп атай бастады. 614 жылдан мұсылмандар саны 40-50 адамға жетіп, Мұхаммед көпшілік алдында үгіт-насихат жасай бастады. Мекке билеушілері Мұхаммедтің жақтастарын қуғындай бастады. 616 жылдың аяғы мен 617 жылдың басында кураиш руының рулары хашимит руына байкот жариялады. Ол бойынша: хашимиттермен сауда жасауға, іс жүргізуге, некеге тұруға тыйым салынды. Байкот 619 жылға дейін созылды. Осы кезде Мұхаммедті қолдаушы Абу-Талиб, сүйікті әйелі Хадиша қайтыс болды. 620 жылдан араб және иудей тайпаларының өзара қырқысынан әбден шаршаған Иасриб қаласында Мұхаммедтің үгіт-насихаттары естіле бастады. Иасриб қаласының тұрғындары Мұхаммедпен ауызша келісім жасады. Келісім бойынша: Иасрибтықтар Мұхаммедтің рухани абыройын мойындап, қалада өмір сүруіне кепілдік берді. Мұсылмандардың Меккеден Иасрибке көшуі басталды, ол 622 жылы 22 қыркүйекте Мұхаммедтің Иасрибке келуімен аяқталды. Мұхаммедтің Иасрибке келуі ислам тарихында төңкерісті оқиға болып, сол жыл хиджра (өз тайпасынан байланысты үзіп, басқадан пана табу) деп аталды да, мұсылман жыл санауының басы болды.
Иасрибке келген соң Мұхаммед дін уағыздаушы ғана емес, саяси қайраткерге айналды. Иасриб қаласы Мадина (Мадинат ан-наби –Пайғамбар қаласы) деп атала бастады. Жаңа жерде бекініп алған соң Мұхаммед меккеліктермен күрес бастады.
Ұзаққа созылған соғыстан кейін 630 жылы Мекке қаласының билеушісі Абу Суфиан Мұхаммедтің билігін мойындайды. 631 жыл ислам дінінің бүкіл Арабияға таралу жылы болды. Бұл жылы Таиф қаласының тұрғындары, Иеменнің, Орталық Арабияның және Бахрейннің әртүрлі тайпалары ислам дінін қабылдады.
- Алғашқы халифтар тұсындағы Аравия және олардың жаулап алу жорықтары.
Мұхаммедтің өлімінен кейін мемлекет билеушілері оның туыстарынан сайланып, “халиф” титулын (пайғамбардың орынбасары) алды. Сайланған халифтар төртеу болды: Абу Бакр (632-634ж.ж.), Омар (634-644ж.ж.), Осман (644-656ж.ж.), Али (656-661ж.ж.). Алғашқы халифтар жаулап алу жорықтарын жүргізді. Араб жаулап алу жорықтарына халқаралық жағдай да қолайлы болды. Византия мен Иран арасындағы ұзаққа созылған соғыс (602-628 ж.ж.) сол уақыттың екі державасының күштерін сарқыған еді. Арабтар көп әскер жинап, бір уақытта Иранмен де Византиямен де соғыс бастады.
640 жылы Палестинаны, Сирияны, Египетті (640-642 ж.ж.), одан әрі Солтүстік Африкаға, ал 649 жылы Карфагенге жетті. 634-651 жылдары Иранды түгел жаулап алды. VII ғасыр ортасында Армения мен Грузияның бір бөлігі арабтардың вассалына айналды.
VIIІ басына дейін араб жаулаушылары бағындырған елдерінде жергілікті тәртіпті сақтап қалды. Жаулап алу нәтижесінде арабтар жаңа жерлерге қоныс аударды. Олардың бір бөлігі отырықшылыққа көшіп, басқалары көшпенділер күйнде қала берді. Бірқатар жерлерде арабтану процесі жүрді. Мысалы Иракта, Сирияда және Египет пен Солтүстік Африкада арабтану процесі жүріп, олар ислам дінін, араб тілі мен жазуын қабылдады. Ал Кавказға, Иран мен Орта Азияға қоныс аударған арабтар жергілікті тұрғындармен араласып, олардың мәдениетін қабылдады.
VII ғасыр ортасында Халифатта азамат соғысы басталды. Оны Мұхаммедтің туысқан інісі және күйеу баласы Али басқарды. Алидің жақтастары өздерін шейіттер деп атады. VII ғасыр ортасында исламның үш ағымы қалыптасып болды. Олар сунидтер, шейіттер және хариджиттер.
- Омейядтар халифаты. Азамат соғысында араб феодалдық ақсүйектері жеңіске жетті. 661 жылдан 750 жылға дейін араб халифатын Омейядтар руы басқарды. Халифаттың астанасы Дамаск қаласы, Халифаттың орталық облысы Сирия болды. Сирия Азөамат соғысы салдарынан үзіліп қалған жаулап алу жорықтарын жалғастыру үшін тірек орталығы болды. VII ғасыр соңы мен VIIІ ғасыр басында арабтар Солтүстік Африкада берік тұрақтанды. 711 жылы Испанияға еніп бүкіл территориясын басып алды. Византияның астанасы Константинопольді бірнеше рет қоршауға алды, бірақ арабтар бұл жерлерде түрақтана алмады. VIIІ ғасыр басында арабтар Армения, Картли, және Картли түбегі жаулап алынды. 705-715 жылдары Орта Азиядағы соғыс қимылдарынан соң Хорезм мен Амудария аудандары жаулап алынды. 751 жылғы арабтардың Қытай әскерімен күресіндегі жеңісі халифаттың Орта Азиядағы ықпалын күшейтті.
Византия мен Иранның африкалық, азиялық провинциялары, Закавказье, Орта Азия, Испания елдері араб жаулаушылығы кезінде алғашқы феодалдану сатысында еді. Халифатта феодалдану процесі шапшаң жүрді. Жердің жоғарғы егесі –мемлекет болып есептелді. Халифатта жер иеленудің бірнеше формалары болды. Шаруашылықта анық дайындайлған салық жүйесі өмір сүрді. Салықтың түрлері: Зекет салығы – қолөнермен, саудамен және малшаруашылығымен айналысатын малшылар төледі; Джизья – мұсылман еместерден алынатын жан басы салығы; Ұшыр – мұсылмандардан алынатын жер салығы; Харадж – мұсылман еместерден алынатын жер салығы;
Саяси құрылысында бірқатар өзгерістер жасалды. Омейядтар мемлекеттік қызметке тек арабтарды алды. Барлық іс қағаздары араб тілінде жүргізілді. Араб тілі Батыс Азия, Солтүстік Африка және Испанияға дейінгі жерлерде халқаралық тіл ролін атқарды. Халифат өз теңгесін шығарды. Почта байланысы жолға қойылды. Халиф – барлық азаматтық және рухани (діни) билікке ие болып, оның билігі мұрагерлікке берілді. Өте үлкен мемлекетті басқару үшін наместниктік жүйе ұйымдастырылды.
Омейядтар Сирия мен Египеттегі ақсүйектерге арқа сүйеді. Ал оларға қарсы оппазицияға Алидің ұрпақтарымен Аббасидтер (пайғамбардың туысы Аббастың ұрпақтары) және пайғамбардың Мекке мен Мединадағы сыбайластары болды. Араб емес феодалдармен мұсылмандар да наразылық танытты.
VIIІ ғасыр ІІ ширегінде халифатта көтерілістер етек алды. 728-737 ж.ж. Мауренахрда соғдылықтар, 734-743 ж.ж. Магрибте берберлер және Испанияда, 740 жылы Куфте шейттер, 744-747 ж.ж. Қосөзенде, Батыс Иранда және Оңтүстік Аравияда хариджиттер көтеріліске шықты.
747 жылы Аббасид имамы Ибраһим ибн Мухаммад көтеріліс ұйымдастыру үшін өзінің құлы Абу Муслимді жібереді. Ол Мервке келіп өзін 7 пайғамбардың бірімін деп уағыздай бастады. Бұндай ұран Омейядтарға қарсы барлық топтарды шейіттерді, хариджиттерді біріктірді. Көтеріліс негізінен Хорасанды қамтып, көтерілісшілер ірі қалаларды бағындырды. 749 жылы Аббасид Абу-аль-Аббас-ас Сафах халиф болып жарияланды. Аббасидтер билікке келген соң көтерілісшілер Абу Муслимнің ұрандарының барлығы тек билік үшін жасалғандығын түсінді. Елде жаппай қырып-жою басталды.
5.Аббасидтер халифаты. Аббасидтер халифы билікке иран жер имеленушілерінің көмегімен келгендіктен оларды маңызды мемлекеттік билік орындарына қойды. Аббасидтердің астанасы – Бағдат қаласы болды (762 жылы салынған). Аббасидтердің Омеядтардан ерекшелігі жаулаушылық соғыстарын жүргізбеді. Халифаттың құрамынан Испания, Магрибтың бірқатар аудандары шығып кетті. Византиямен үзілмес соғыс жүргізді. Феодаллдық қатынастар одан әрі дамыды. Жер – мемлекет меншігі болды. Мемлекеттік жер иелену ірі суғару жүйелері бар Ирак пен Египетте кең қолданылды. Икталық жер бұрын мемлекетке салық төлеп тұрған жағ,дайда берілсе, енді әскери және азаматтық қызмет көрсететіндерге берілді. IX ғасырдан феодалдық жер иеленудің жаңа түрі — вакфтық жер иелену қалыптасты. Бұл жерлерді мемлекет немесе жеке меншік иелері әртүрлі мұсылман ұйымдарына, мешіттереге, мектептерге, жеке діни тұлғаларға сыйға тартты.
Халиф әскерлері бірнеше категориядан тұрды: араб тайпаларының жасағы, жалдамалылар және гулямдар. Гулямдар жасөспірім кезінен арнайы әскери тәрбиеленетін, түрік, словян, африкалық құлдардан тұратын халифтың берілген малайлары. Бірақ гулямдар аз уақыт ішінде үлкен күшке айналып, өз еріктерін халифке жеткізетін дәрежеге жетті.
Аббасидтер билікке халық көтерілісінің нәтижесінде келген еді. Бірақ бұлардың халық мүддесін ойламауы елде наразылыққа әкелді. 751 жылы Бұхарада, 755 жылы Нишапур мен Рейде, 776-778 ж.ж. Мауренахрда, 778-779 ж.ж. Гурганда көтерілістер болды. Ең ірі көтеріліс Азербайжандағы Бабек көтерілісі.
IX ғасырдың басынан Аббасидтер халифаты жеке-жеке эмираттарға бөліне бастады. Себебі: халықтардың жеке облыстардың экономикалық дамуы, этникалық құрамы, мәдениеті, тілі, діні әртүрлі болды. Мемлекеттік жер иелену есебінен ірі жер иеленушілердің күшейуі, бағынышты халықтардың тәуелсіздік күресінің өсуі араб халифатының құлауына әсер етті.