АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ — облыстың тарихына байланысты құжаттар сақталған арнаулы мекеме. 1923 ж. қыркүйекте ұйымдастырылған. Құрылған кезінде губерниялық, 1928 ж. округтік, 1931 ж. аудандық, ал 1932 ж. А. о. м. а. аталды. Алғашқы құжаттары 1917 жылдан басталады. Архивте ревкомдардың, жергілікті кеңестер атқару к-ттерінің, ерекше әскери бөлімдердің, Ақтөбе өңіріндегі азамат соғысының барысын, армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұңғыш коммуналарды, ұжымшарлар мен МТС-тарды ұйымдастыру, қазақ байларының мал-мүлкін тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру, өнеркәсіптің, құрылыс ісінің дамуы, электр ст-ларының салынуы, халық ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салалары туралы құжаттар жинақталған. Құжаттар саны 520 мыңға жуық. Шалқар мен Қобдада бөлімшелері, 9 аудандық архив бар. Архив қорларынан қажетті деректер іздеп табу үшін арнайы ғылыми-анықтамалық жүйе жасалған.