АҚ ТАСПА (Аstragalus brachypus) — бұршақ тұқымдасының таспа туысына жататын бұта. Сирек кездесетін өсімдік. Қазақстанда Каспий, Арал маңында, Қызылорда, Бетпақдала, Мойынқұм өңірлерінде Балқаш — Алакөл ойысында Іле Алатауындағы (Пұшық— нұра) құмды және құмды-сазды жерлерде, бұталар арасында өседі. Биікт. 60 — 100 см, жуан сабағын шашақталған қарабурыл қабық басқан. Жапырағы ұзынша келген 1 — 2 жұптан тұрады, ұз. 2 — 5 см. Гүлі қызғылт түсті, дөні қоңыр. Сәуір — маусым айларында гүлдеп, шілдеде жеміс береді. А. т. — өте пайдалы өсімдік. Сәуір айында оның құрамында 26,1% протеин, 5%-май, 12%-күл, 18%-клетчатка болады. А. т. — құнарлы мал азығы 1 га алқаптан 3,3 ц шөп жинауға болады. А. т-ны жазғытұрым және жаздың басында мал сүйсініп жейді. Өзен жағалауларын бекітіп, құм тоқтату үшін де өсіріледі.