АҚТАС МЕШІТІ — сәулет өнері ескерткіші. Қазіргі Қызылорда обл. Жаңақорған ауд. Бесарық ст-ның батысында 7 — 8 км қашықтықта, Сырдария өз-нің жағалауында 1884 ж. салынған. Мешіттің тұрған маңында қазақтардың тұрақты мекен жайлары болғанға ұқсайды (16 — 19 ғ.). Пішіні төрт бұрышты етіп салынған күмбезді мешіттің биікт. 10 — 12 м. Қасбеті шығыс жақта. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады. Қабырғалары сәндік өрнектермен әшекейленген. Кіре беріс жағында 3 биік, сәнді аркасы бар, ортаңғы аркадан мешітке кіретін есік жасалған. Солт. және оңт. жақтағы қабырғасына әшекейлі терезелер орнатылған; солт-тегі терезенің астыңғы жағында және бір есік бар. Мешіттің михрабы батыс жақтағы қабырғаның орта тұсында орналасқан. Солт. іргесіне жүргізілген қазба жұмысы барысында төрт бұрышты шағын бөлмелердің іргесі ашылды. Осыған қарағанда мешіт жанында медресе болған секілді. 1982 ж. респ. маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемл. қорғауына алынған. 1984 ж. мешітті қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.