Ә. Марғұланның ғылыми-шығармашылық еңбектері

 

Әлкей Хақанұлы Марғұлан (11 мамыр 1904, Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 12 қаңтар 1985, Алматы қаласы) – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы. Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі А.Е.Ферсман мен профессор С.И.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының (1926–27) жұмысына қатысты. Экспедиция кезiнде Ә.Н.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасады. Әлкей 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. 1929 ж. Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап‚ орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады. Марғұлан Сырдария, Шу, Талас өзендерi бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргiзiп, соның негiзiнде «Көне қазақ жерiнiң қалалары мен құрылыс өнерiнiң тарихы» аталатын монографиясын (1950) жариялады. Кемел Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бiрге Орталық Қазақстанда жүргiзген археология қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгi мәдениетi» (Древняя литература Центрального Казахстана, 1966) атты ғылыми-зертханалық еңбегiн жазып‚ кiтаптың редакциясын басқарды. Марғұлан «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi» атты еңбегiнде (1959) қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрiн дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серiлерге тоқталып, олардың сөз өнерiндегi орнын айқындады. Еңбектегi ғылыми тұжырымдар танымдық тереңдiгiмен ерекшеленедi, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйiнбай, Жамбыл, Нұрпейiс, Иса секiлдi ақындар шығармашылығы талданады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *