Қола дәуірінде Қазақстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған. Оның көнесі –Андронов мәдениеті (б.з.б.ХVІІІ-ХІІғғ.). Ал б.з.б. ХІІ-VІІІғғ.,яғни соңғы қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптасты. Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің ең көп таралған және жақсы зерттелген аймағы – Орталық Қазақстан. Ә.Х.Марғұланның кезеңдеуі бойынша Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері екі мәдениетке — Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне жатады.
Беғазы-Дәндібай мәдениеті: Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған.
Беғазы-Дәндібай мәдениетінің жерлеу орындары: үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары өте ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді.
Қабырғаларына екі қатар болып қаланған тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі, сыртқы жақтарына тастың тегіс бетін қаратып қалаған.
Беғазы-Дәндібай мәдениетінің адамды жерлеу ғұрпы: үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл — осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты.
Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ыдыс жасау ерекшеліктері:ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Құмыра өрнектері –тарақ жүзді, үзік сызықты үш бұрышты, ұштаған таяқшамен салынған және батырып салынған таға сияқты, моншақ, түйін өрнектер кездеседі.