Ресейдiң ұлы жүздi қосып алуына себеп болған жағдайлар. ХIХ ғасырдың екiншi жартысын- да Ресей империясында өнеркәсiп пен сауда күштi қарқынмен дамыды. Тауар өткiзудiң жаңа көзiне, арзан шикiзат пен жұмысшы күшiне деген қажет- тiлiк пайда болды. Осы жағдайға байланысты Ре- сей империясының сыртқы саясатында Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстанның алатын маңызы арта түстi.
Қытай Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстан аумағы жөнiнде бейтарап сая- сат ұстануды одан әрi жалғастырды. Тайпиндер көтерiлiсi, Азамат соғысы, сондай-ақ Шығыс Түркiстанда қайта-қайта бұрқ ете түсумен болған көте- рiлiс бұл елдiң iргесiн шайқалтып кеткен едi. Мiне, мұндай жағдайда Ресей империясының алдында Қазақстанды түпкiлiктi жаулап алу, одан әрi Орта Азия мемлекеттерiн бағындыру сияқты мәселенiң тұруы әбден заңды едi.
- Ұлы жүз қазақтарының бiр бөлiгi ресей қол астына өтуінің себептерi. ХIХ ғасырдың 20-жыл- дарының бас кезiнде Ұлы жүздiң аумағында бiртұтас хан билiгi қалмады. Сырдария өңiрiнiң қазақтары ықпалды хан Арынғазыға үлкен үмiт артқан едi. Бiрақ оны Петербургке бара жатқан жолда патша үкiметiнiң әкiмшiлiгi ұстап алып, Калуга қаласына жер аударып жiбердi. Өйткенi Ресей ондай беделдi де ықпалды қазақ хандығының болуын қаламады. Оның үстiне, бұл кезде Ресей Кiшi жүз бен Орта жүздегi хан билiгiн жоюға қызу әзiрленiп жатыр едi. Мiне, осындай жағдайда Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстан қазақтарының бiр бөлiгi Ресейдiң қол астына өте бастады. Жергiлiктi қазақ халқына Орта Азия мемлекеттерi, соның iшiнде әсiресе Қоқан мен Хиуа хандықтары жиi- жиi шабуыл жасады. Бұл аймақтардағы қазақтар Ресеймен баж салығын төлемей-ақ сауда жасауға қатты қызықты. Бұл аймақ елге ықпалы ша- малы бiрнеше сұлтанның билiгiне бөлiнген едi. Елдiң басын бiрiктiретiн, iшкi алауыздық пен айтыс-тартысты тыятын сыртқы агрессияға қарсы тұра алатын мықты күш елде болған жоқ. Патша үкiметiнiң қазақ өлкесiн бiрте-бiрте отарлай түсуiне өте қолайлы жағдай қалыптасты.
- Ұлы жүзде ресей ықпалының артуы. Хиуа және Қоқан хандықтары билеушiлерiнiң Ресейге деген көзқарасы өте нашар болды. Ортаазиялық билеушiлер Ұлы жүз қазақтары арасында орыстарға қарсы бағытталған үгiттi өршіте түстi. Оңтүстiк Қазақстанды жаулап алуды тездету және Орта Азияға қарай жақындай түсу мақсатымен Ресей империясы әскери бекiнiстер салуға кiрiстi. Ресейге қосып алынған жерлерде Аягөз, Ақтау, Ұлытау, Қапал бекiнiстерi бой көтердi. 1848 жылы Ресей империясы Ұлы жүз үшiн пристав (кiшiгiрiм әкiм) лауазымды қызметiн белгiледi. Пристав Батыс Сiбiр генерал-губер- наторына тiкелей бағындырылды. Оның мiндетi жаңадан жаулап алынған Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстан аймақтарына басшылық ету болды. Ұлы жүз аумағына неғұрлым тереңдей ену арқылы патша үкiметi бiрқатар стратегиялық маңызды мiндеттерге қол жеткiзудi көздедi. Бiрiншiден, Орта жүз бен Кiшi жүздегi хандық билiктiң жойылуына, округтiк приказ- дардың құрылуына наразы бiрқатар сұлтандар мен батырларды бейтараптандыру қажет болды. Екiншiден, патша үкiметi Қытаймен шегараны нақты белгiлеуге және өзiне тиiмдi қарым-қатынастар орнатуға мүдделi едi. Үшiншiден, патша үкiметiнiң Ұлы жүз жерiнде бекiнiстi күшейтiп, одан әрi Орта Азия мемлекеттерiнiң аумағына қарай әскери күштерiн енгiзудi көздедi.
Ресей Iле сыртындағы өлкеде бiржолата бекiнiп қалуға тырыс- ты. Қазақтар империяның әскери күштерiнiң iлгерi жылжуына қатты қарсылық көрсеттi. Мәселен, дулат тайпасының қазақтары әскери экспедицияға түгелдей қарсы шықты. Патша үкiметi елдегi ықпалды билеушi топты сатып алу әдiсiне көштi. Олардың жер дауына байланысты мәселелерi iшiнара шешiлдi. Шен-шекпендер, ордендер, айырым белгiлерi таратылды. Сондай-ақ ақша және бағалы сыйлықтар түрiнде әртүрлi материалдық көтермелеу шаралары қолданылды. 1854 жылы Верный бекiнiсi бой көтердi. Сол жылы онда орыстар- дың 500 солдаты мен офицерi орналасты. Келесi жылы Сiбiрден 400-ге жуық шаруа отбасы көшiрiп әкелiндi. Ұлы жүз приставының кеңесi де осында орналасты. Уақыт өте келе бұл бекiнiс Жетiсуды әскери күштердiң отарлап алуының негiзгi тiрегiне айналды.
- Қоқанға қарсы әскери науқанның басталуы. Ресей империясының Ұлы жүздiң және Солтүстiк Қырғызстанның шегарасы аймағында 1859 жылы салған Қастек бекiнiсi осы өлкедегi стратегиялық маңызы күштi орынға айналды. Ресейдiң Шу аңғары арқылы басталған әскери iс-қи- мылдары әскери бекiнiстерді басып алуға бағытталды.
1860 жылы полковник Циммерман бастаған әскер Шу аңғарына келiп кiрдi. Қоқан хандығының Тоқмақ және Пiшпек бекiнiстерiн басып алды. Пiшпек Қоқан ханды- ғының негiзгi орталықтарының бiрi болатын. Ташкентте жалпы саны 20 мың адамға жететiн әскер құрылды, оның 40 зеңбiрегi болды. Қоқан әскерi Ташкенттi қорғап тұрды. Ал полковник Колпаковскийдiң Верный маңындағы әскерінде бiр мыңға жуық адам болды.
1860 жылы қазанда Ұзынағаш бекiнiсi түбiнде шешушi шайқас өттi. Қоқандықтар әскер саны жағынан әлдеқайда басым бола тұрса да тас- талқан болып жеңiлдi.
Қоқан хандығының адам саны аз орыс әскерінен ойсырай жеңiлуiнiң өзiндiк себептерi бар болатын. Ресей әскері қару-жарағы жағынан қоқандықтардан жақсы жарақтандырылған едi. Көп жылдар бойы соғыс қимылдарын жүргiзiп, мол тәжiрибе жинақ- тады. Тұрақты әрi жауынгерлiк қабiлетi күш- тi орыс әскеріне қарсы қоқандықтардың нашар қаруланған, әскери әзiрлiгi жеткiлiксiз, әртүрлi халықтардың өкiлдерiнен құралған халық жасағы қарсы тұрған едi.
1864 жылы Ресей әскерлерi Меркi әскери бекiнiсiн қарсылықсыз басып алды, одан кейiн Әулиеата, Шымкент, Түркiстан қалаларына шабуыл жасады.
Қазақстанның оңтүстiгiнде жаңадан құрылған Түркiстан аймағының әскери губернаторы генерал-майор Черняев Қоқан мен Бұхар хандарының Ташкентке ие болу үшiн жүргiзiлген өзара шиеленiстi күресiн пайдалана білді. 1865 жылы Ташкентті Ресей әскері басып алды.
- Сырдария әскери шебiнiң құрылуы. Патша үкiметi әскерлерiнiң Ұлы жүз аумағына қарай iлгерi жылжуы Орынбор жағынан да орын алды. 1833 жылы Орынбор өлкесiнiң әскери губернаторы болып В.А. Перовский тағайындалды. 1834 жылы Маңғыстауда Новоалександровский қамалының негiзi қаланды. 1847 жылы Ресей әскерлерi Сырдария өзе- нiнiң сағасын басып алып, онда Райым қамалын, ал 1848 жылы Қазалы бекiнiсiн салу қолға алынды.
Ресей 1853 жылы Қоқанның iрi бекiнiсi Ақмешiттi басып алғаннан кейiн, Сырдария бекiнiс шебi пайда болды. Ол өңiрде тұратын қазақтар патша үкiметiнiң билiгiн мойындады.
- Ресейдiң Орта Азия мемлекеттерi аумағында соғыс қимылдарын одан әрi жалғастыруы. ХIХ ғасырдың 60-жылдарының екiншi жарты- сынан бастап орыс әскерлерiнiң соғыс қимылдары толығымен Орта Азия мемлекеттерiнiң – Хиуа, Қоқан және Бұхар хандықтарының аумағына ауысты. Қатарынан бiрнеше рет есеңгiрей соққы алып, жеңiлiске ұшырағаннан кейiн Қоқан хандығы біржолата жойылды. 1866 жылдың көктемiнде орыс әскерлерi Бұхар хандығының едәуiр бөлiгiн басып алды. Ол аумақтар Түркiстан генерал-губернаторлығының құрамына енгiзiлдi. Бұхар хандығының солтүстiк жағында тұратын қазақтар өзбектермен бiрге Ресей мемлекетiнiң бодандығын қабылдады. 1873 жылы Ресей әскери экспедициялық корпусы Хиуа хандығының астанасын да басып алды.
1865 жылы Ресей әскери министрiнiң бұйрығымен Түркiстан аймағы құрылды. Ол Орынбор генерал-губернаторына бағындырылды. 1867 жылы орталығы Ташкент қаласында орналасқан Түркiстан генерал- губернаторлығын құру туралы жарлық шықты.
- Ресей империясының Қазақстанды басып алуының салдары. Патша үкiметi әскерлерiнiң Ұлы жүздiң аумағында жүргiзген соғыс қимылдары Қазақстанның Ресей империясына толық қосылып бiтуiмен аяқталды. Ресейдiң әскери iс-қимылдарының барысында қазақтар Орта Азия хан- дықтарының езгiсiнен азат етiлдi. Сонымен қатар патша үкiметiнiң Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстан аумағына экспансиясы басталды. Сөйтiп, бiр езгi екiншi езгiмен алмастырылды. Мұның өзi қазақтардың кезектi қарулы көтерiлiстерге шығуына себеп болды. Аумағы орасан зор елдi басқару үшiн патша үкiметi Қазақстанға жаңадан қосымша әскери күштер жiберуге мәжбүрлен, Ресей әскерлерi Түркiстан қаласына жасаған шабуыл кезiнде қала қатты қирады. Патша үкiметiнiң әскерлерi онымен де қоймай, бүкiл мұсылман қауымының қасиеттi жәдiгерi Қожа Ахмет Ясауи кесенесiн зеңбiрекпен атқылады. Генерал өзiнiң осы iс-әрекетiмен Ресейдiң қол астына жаңадан қараған халықтың арасында үрей туғызуды, сөйтiп, оларға орыс қару- ының күшiне «құрмет» бiлдiрудi үйретпек болды. Ресей солдаттарының шектен шыққан жүгенсіздігі Шымкент, Әулиеата және Сайрам қалаларын басып алу кезiнде орын алды. Шоқан Уәлихановтың және бiрқатар прогресшiл орыс офицерлерiнiң генерал Черняевтен бөлiнiп кетуiнiң себебi осы жағдай едi.
Түркiстан мен Шымкент басып алынғаннан кейiн Орынбор және Сiбiр шептерi бiр-бiрiмен жалғасты. Қазақстанды Ресей империясының құрамына қосып алудың ұзаққа созылған күрделi әскери-отаршылдық үрдiсi осылай аяқталды. Қазақстанның оңтүстiк-шығыс және оңтүстiк аймақтарын әскер күшiмен қосып алу патша үкiметiнiң бұдан былайғы соғыс қимылдарын Орта Азия мемлекеттерiнiң аумағында одан әрi жалғастыра түсуiне кең жол ашты.
Оңтүстiк өңiрдi жаулап алумен қазақтың дәстүрлi сотының жүйесiне өзгерiстер енгiзiлдi. Халық соты дiни қайраткерлердiң, яғни қазылардың ықпалында болатын. Қазыларды сайлау, ең алдымен, оның шариғатты (мұсылмандық құқықты) қаншалықты бiлу дәрежесiне байланысты едi. Дiнбасыларының өлке халқына ықпалын шектеу үшiн патша үкiметi қазыларды сайлап қою тәртiбiн енгiздi.
Өлкенiң Ресей империясының құрамына өтуi алым-салықты күшей- тiп жiбердi. Бүкiл жиналған алым-салық былайша бөлiндi: үштен бiрi аза- маттық өкiмет билiгiн ұстауға, ал үштен екi бөлiгi таза әскери мақсаттарға жұмсалды.
1867 жылы Жетiсу казактарының әскерлерi құрылды. Жетiсу өлкесiне қоныс аударған әрбiр ер адамға 30 десятинадан жер телiмi берiлдi. Олар 15 жылға әскери қызмет атқару мiндетiнен босатылды. Сондай-ақ олардың әрқайсысы 100 сом мөлшерiнде ақшалай қарыз алып отырды. Алым-салықтар мөлшерi арттырылды, ерiксiз жұмыстың алуан түрi енгiзiлдi. Ондай отаршылдық езгiге наразы болған қазақ руларының бiр бөлiгi көршi уездер мен мемлекеттердiң аумағына көшiп кеттi. Патша үкiметiнiң соғыс қимылдары салдарынан көптеген қалалар қирады, әлемдiк деңгейдегi мәдени ескерткiштерге айтарлықтай зақым келтiрiлдi.