Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс

  1. Көтерiлiстiң себептерi және қозғаушы күштерi. ХIХ ғасырдың 20–30-жылдарында отаршыл өкiмет билiгi мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулi түрде шиеленiсе түстi. Кiшi жүз бен Орта жүздегi хан билiгiнiң жойылуы сұлтандардың, билердiң және батырлардың едәуiр бөлiгiнiң наразылығын туғызды. Патша үкiметi қазақ халқының ежелден қоныстанып келе жатқан жерлерiн әскери бекiнiстер салу үшiн жаппай тартып ала бастады. Патша үкiметiнiң әскери отрядтары  қазақ  ауылдарына  шабуыл  жасап,  күн  көрсетпедi. Осының бәрi байырғы жергiлiктi халықты қатты күйзелiске ұшыратты, олардың күнкөрiсiн қиындатып жiбердi. Көтерiлiстiң басты мақсаты – қазақтардың патша үкiметi тартып алған атамекен қонысын қайтарып алу, округтердi тарату, отаршылар енгiзген алым-салықтарды жою едi. Қозғаушы күш ретінде көтеріліске қатардағы қарапайым халық, сондай-ақ старшындар мен би, батырлар, тiптi сұлтандар да қатысты. Көтерілiсшiлердiң қалың қолына үш жүздiң атақты батырлары жетекшiлiк еттi.

Көтерiлiске қатысушылар негiзiнен қазақ халқы едi. Бiрақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрiкмен, тiптi по- ляктар және басқа халық өкiлдерi де болды. Олардың кейбiреулерi ханның ерекше сенiмi мен құрметiне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы Николай Губин есiмдi орыс едi. Татар Әлiм Ягудин Әскери кеңестiң мүшесi болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан өзбек Сейдаққожа Оспанов басшылық еттi. Бұлардың бәрi де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртiптi әскер құруына көмектестi және көтерiлiсшiлерге өздерiнiң жеке тәжiрибелерiн үйреттi.

  1. Кенесары Қасымұлы – қаһарман батыр, қолбасшы, дипломат, аса көрнектi тұлға, мемлекет қайраткерi. 1837 жылы Кенесары Қасымұлы жетекшілігімен көтерiлiс басталды. Ол Қазақстандағы iрi көтерiлiстердiң бiрi едi. Оған үш жүздiң қазақтары түгел қатысты. Кенесары тарих сахна- сында өзiнiң бабасы Абылай ханның iсiн жалғастырушы ретiнде көрінді. Сұлтан Кенесары 1802 жылы дүниеге келген. Ол Қасым сұлтанның баласы, Абылай ханның туған немересi едi. Көтерiлiстiң болашақ бас- шысы Кенесары бала кезiнен-ақ ат құлағында ойнаған, құралайды көзге атқан мерген болды. Ғажайып аңшылығымен, қара қылды қақ жарған әдiлдiгiмен, ерiк-жiгерi, қажымас қайратымен және жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен танылды. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын. ХIХ ғасырдың орта кезiндегi орыс зерттеушiлерiнiң бiрi Л. Мейер: «Кенесарыға көзсiз ерлiк тән едi», – деп жазды.

Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашаң жүздi, орта бойлы, жауырыны қақпақтай, нар тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзiн-өзi аса байсалды ұстай бiлетiн. Әңгiмелескен адамының пiкiрiне әрқашан мұқият назар аударатын. Қонақжай қасиетi ерекше күштi едi. Әкесi- мен және ағаларымен бiрге жүрген кездерiнде олардан қолбасшылық тәжiрибесiн едәуiр үйренiп алған болатын.

  1. Көтерiлiстiң басталуы. Көтерiлiс Кенеса- рының патша үкiметiнiң саясатын жарамсақта- на қолдаған сұлтандар мен билердiң ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шегара шебiндегi бекiнiстерге де, патша үкiметiнiң әскери жасақ- тарына да жиi-жиi шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезiнде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етiп жеңiп шықты. Олар Петропавлдан Ташкентке бет алған сауда керуенiн күзетiп бара жатқан едi.

Кенесары өзiнiң адамдарын 1837 жылы Батыс Сiбiр генерал-губернаторына жiберiп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекiнiсi мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды, қазақ жерiнiң тұтастығын қалпына келтiрудi талап еттi. Генерал- губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткiзiп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Сiбiрге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл әрекеті Ке- несары сұлтанның ашу-ызасын келтiрiп, көтерiлiстi бастап кетуін тездеттi. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына күйрете соққы берiп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрiсiн тартып алды. Кенесары жасақтарының белсендi әскери iс-қимылы 1838 жылдың жазында басталды. Ол Ақмола бекiнiсiне таяу iрi  елдi  мекендi  алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жiбердi. Ақмола бекiнiсi мықты қор- ғалатын. Бекiнiстiң төңiрегiне терең ор қазылып, оған жете берiс жер- лерге күштi кедергi-тосқауылдар қойылған еді. Ақмола бекiнiсiн аға сұлтан Қ. Құдаймендiұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң ата бастады. Оның сарбаздары бекiнiстi өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекiнiс өртке оранды. Кенесарының даңқты батырларының бiрi Басықара бекiнiстiң iшкi жағына баса-көктеп кiрiп барып, сұрапыл ұрыс салды. Осы шайқаста Басықара батыр мен 255 жауынгер ерлiкпен қаза тапты. Бекiнiске Ағыбай, иман, Бұқарбай батыр- лардың сарбаздары басып кiрдi.

  1. Қазақ хандығының қалпына келтiрiлуi. 1841 жылдың қыргүйек айында үш жүздiң өкiл- дерi бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтiп, Қазақ хандығы қалпына келтiрiлдi. Патша үкiметi бұл жайсыз хабарды өте өкiнiш сезiмiмен естiп-бiлдi. Ендiгi жерде Ке- несары бастаған көтерiлiс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық күрестi табысты жүргiзу үшiн Кенесары хан бiр орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзi басқарды. Хан- ның жанынан жоғарғы кеңесшi орган – өзiне барынша адал берiлген батырлар, билер мен сұлтандардан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзiнiң сенiмдi адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Олар сот iсiмен, шаруашылық мәселелерiмен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери iстермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкiмет билiгi берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлiнiп, тиiмдi пайдаланылуын бақылады, халықтың көңiл күйiн де қадағалады. Хан билiгi қызметiнiң оңды нәти- желерi ретiнде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен ба- рымта алу жойылды.
  1. Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты. Кенесары ең ал- дымен алым-салық төлеудiң тәртiбiн ретке келтiрдi. Мал өсiрушiлер – зекет, ал егiншiлер – ұшыр төлейтiн болды.

Патша әскерлерiмен соғысты одан әрi жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет еттi. Сондықтан алым-салықтың қосымша түрi енгiзiлдi: халықтан киiм-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерiн жинау қолға алынды.

Көтерiлiске деп жиналған астықты патша үкiметi жиi-жиi тәркiлеп кетiп жүрдi. Тәуекел етiп, көтерiлiсшiлерге астық апарып сатқандар жазалаушы әскердiң қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақ- тардың егiншiлiкпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердiң сауда керуендерiнен алынатын баж салығы едәуiр табыс беретiнiн ескерген Кенесары оларды тонауға тыйым салды. Сауда керуендерiнiң толық қорғалуын қамтамасыз еттi. Керуен басыларын жеке өзi қабылдап та отырды. Баж салығынан түскен қаржыға Орта Азия базарынан қару- жарақтар мен оқ-дәрi сатып алынды.

  1. Қарулы күштердiң құрылуы. Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрi жауынгерлiк қабiлетi күштi тұрақты әскер жасақтай алды. Кенесары әскерi жүздiктер мен мыңдықтарға бөлiндi. Ерлiгiмен ерекше көзге түскен сарбаздардың қатарынан жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындалды. Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден iрiктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгiсi бойынша хан өз әскерлерiне ерекше айырым белгiлерiн енгiздi.

Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әске- ри өнердiң амал-тәсiлдерiн меңгерудi талап еттi. Көтерiлiсшiлердi әскери өнерге үйретумен орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжiрибелi солдаттары айналысты. Хан армияда қатаң тәртiп орната бiлдi. Әскери тәртiптi бұзғандар қатаң жазаланды, қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды.

Кенесары барлаушылардың қызметiн де шебер пайдаланды. Олар кө- терiлiс басшысына патша әскерлерiнiң қашан және қайда бет алатынын алдын ала хабарлап отырды. Кенесары әскерiнiң тыл қызметi де жолға қо- йылды. Ол көтерiлiсшiлердi азық-түлiкпен, жемшөппен қамтамасыз еттi.

  1. Патша үкiметiнiң жазалау әрекеттерi. Отаршылдыққа қарсы күреске қазақтардың үш жүзiнiң бәрi бiрдей белсене қатысуы патша үкiметiнiң зәресiн ұшырды. Сондықтан да ол көтерiлiсшiлерге қарсы неғұрлым батыл әрекеттер ұйымдастыруға көштi.

Ресей императоры Кенесары бастаған көтерiлiстi басу мәселе- сiн ұдайы ерекше бақылауда ұстады. Ол қазақ ханына қарсы жорық ұйымдастыру жөнiнде жарлық шығарды. Ханның басына 3 мың сом мөлшерiнде сыйлық жарияланды. Көтерiлiсшiлерге қарсы старшина Лебедев басқарған жазалаушы отряд жiберiлдi. 1843 жылы сұлтандар  А. Жантөрин мен Б. Айшуақұлы бастаған екiншi әскер жабдықталды. Онымен бiр мезгiлде Омбыдан, Петропавлдан, Қарқаралыдан да әскер- лер шықты. Патша үкiметiнiң әскерлерi жергiлiктi жер жағдайын нашар бiлдi. Оның үстiне, дала сарбаздарына қарсы ұрыс жүргiзудiң ерекше әдiсi қажет едi. Мұның бәрi де патша үкiметi жазалаушы әскерiнiң сiлесiн қатырды. Туған өлкенiң жер жағдайын жақсы бiлетiн Кенесары жауға қарсы шабуылды одан әрi үдеттi. 1844 жылы Кенесары хан Тобыл өзенiнiң жоғарғы ағысында А. Жантөрин сұлтанның әскерiне күйрете соққы бердi. Кескiлескен шайқаста сұлтанның 44 адамы қаза тапты. Бұл кезде Дуниковскийдiң әскери тобы таяу маңда болған едi. Бiрақ оның ұрысқа араласуға батылы жетпедi. Кенесарының негiзгi әскери күштерi 1844 жылдың тамызында Ека- терина станицасына шабуыл жасады. Бекiнiстiң маңындағы елдi мекендi өртеп жiбердi, 40 адамды тұтқынға алды, қыруар малды айдап әкеттi. Соны- мен қатар мылтық, пистолет, қылыш, найза сияқты көптеген қару-жарақ түрлерiн олжалады. Арнайы жiберiлген жазалаушы отряд Кенесарының ауылына жете алған жоқ. Үкiмет басындағыларды абыржушылық пен үрей биледi.

  1. Кенесары әскерлерiнiң ұлы жүз аумағына қарай шегiнуi. Кенесары Сарыарқаны тастап, көтерiлiс орталығын Жетiсу жерiне қарай ауыс- тыруға мәжбүр болды. Сiбiрдегi өкiмет билiгi Омбыдан елеулi әскер кү- шiн зеңбiректерiмен қоса Жетiсуға жедел түрде жiбердi. Азық-түлiктiң тапшылығы Кенесарыны егiншiлiкпен айналысуға мәжбүр еттi. Күшi басым патша үкiметiнiң қысым жасауымен Кенесары Iле өзенiнiң оң жақ бетiне өтiп, одан әрі Алатаудың етегiне көшiп барды. Ал патша үкiметi оған Кiшi жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетiн жолды кесiп тастады. Ұлы жүздiң Сұраншы, Байсейiт, Тайшыбек сияқты ба- тырлары көтеріліске қолдау көрсеттi. Көтерiлiсшiлердiң сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуiр күшейттi.

Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлады. Бiрақ оның бұл әрекетiн Қытай үкiметi қолдамады. Ресей империясымен қарым-қатынасымызды бүлдiрiп аламыз деген қауiппен Кенесарының өтiнiшiн қанағаттандырудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Қазақтардың арасында беделi күштi әрi жауынгер ханды қабылдаудың  ешқандай  да  қажетi жоқ деп ойлады. Оның үстiне, бұл кезде Қытайдың өзi де қазақтармен дiнi бiр ұйғыр және дүнгендердiң көтерiлiстерiнен мазасы кетiп, қатты алаңдаулы еді.

  1. Көтерiлiсшiлердiң Қырғыз аумағындағы қимылдары. Көтері- лісшiлер қырғыз жерiне жақын келдi. Бұл кезде қырғыздар Қоқан хандығының ықпалында болатын. Хан солтүстiк қырғыз руларын билеушi манаптардың өзiне бағынуын талап еттi. Бұл талаптар патша үкiметiмен және Қоқан хандығымен одан әрi күрес жүргiзу үшiн күш бiрiктiру қажеттiгiнен туған едi. Хан қырғыздарға арнаған үндеуiнде  былай деп жазды: «Менiң мұнда келгендегі мақсатым, сендермен жау- ласу, қан төгiсу емес, қайта қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, оларды күшейту болып табылады».

    Қырғыздарда Шыңғысхан ұрпақтарына бағыну дәстүрi қалыптаспаған едi. Сондықтан да олардың ханға бағынуы, сөйтiп, өздерiнiң тәуелсiздiгiнен айырылуы, әрине, қырғыз ақсүйектерiнiң ойына кiрiп те шықпағаны әбден табиғи нәрсе едi. Оның үстiне, қырғыздар Абылай ханның қырғыз аумағына жасаған жорықтарын да ұмыта қойған жоқ болатын. Қырғыздар патша үкiметiнiң Сiбiр әкiмшiлiгi та- рапынан едәуiр қолдау табатынын да сездi. Омбыдан жіберілген Вишневский қырғыздарды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауға айдап салды. Қырғыз манаптары iрi тайпа өкiлдерiн құрылтай жиналы- сына шақырды. Ықпалы күштi Орман манап бар- лық қырғыздардың билеушiсi болып тағайындалды. Құрылтайға жиналған манаптар Кенесары ханның ұсынысын қабылдаудан ашықтан-ашық бас тартты.

     

    1847 жылғы сәуiрде Кенесары он мыңдай қолмен Қырғызстанның жерiне басып кiрдi. Қырғыздармен шайқас Ыстықкөл мен Шу өзенiнiң жоғарғы ағысы аралығында Кекiлiк сеңгiр тауының қойнауында өттi.

    1. Көтерiлiстiң жеңiлу себептерi мен салдары, тарихи маңызы. Та- ныс емес таулы шатқал арасында қазақтар абайсызда қоршауда қалып қойды. Соңғы шайқас қарсаңында өткiзiлген әскери кеңесте Кенесары ханның серiктерi қоршауды бұзып өтiп, ханның аман құтылуы туралы ұсыныс жасады. Бiрақ хан ол ұсыныстан бiржолата бас тартты. Кенесары хан өз батырларын қоршауда қалдырып, жеке өзi

    қашып құтылуды ар санады.

    Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздiң ықпалды биi Сыпатай жасақтарының кенеттен шегiнiп кетуi көтерiлiсшiлердiң жағдайын қиындатып жiбердi. Тоқмаққа таяу жерде Кенесары 30-дан астам сұл- танымен және азғана сарбазымен күшi басым қар- сыласымен ерлiкпен шайқасып, тұтқынға түстi.

    Көтерiлiсшiлердiң шағын тобы қоршауды бұзып шығып қашып құтылды. Қырғыз манаптары қолға түскен ханды, сұлтандар мен сарбаздарды өлiм жазасына кесті. Тұтқындағы хан манаптарды күш бiрiктiрiп, Қо- қан хандығы мен Ресей империясына қарсы күреске шақырды. Бiрақ қырғыздар ханның сөзiне құлақ аспады. Кенесары мен оның iнiсi Нау- рызбай Қасымұлы қаза тапты.

    Кенесарының және оның жақын серiктерiнiң көзiн жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрi де патша үкiметiнiң наградаларымен мара- патталды. Халықтың сүйiктi ханының ерлігін ақын Нысанбай Жаман- құлұлы «Кенесары–Наурызбай» дастанында зор шабытпен жырға қосты. Нысанбай жырау қос батырдың ерлігін:

    «Кенесары, Наурызбай Атағы шықты аңқылдап, Жауды үркітіп, қашырды, Ақ алмастай жарқылдап, Зәресін алды дұшпанның, Найзағайдай шартылдап», –

    деп жырлады.

    Әкесi Кенесарының бастаған iсiн оның ұлы Сыздық сұлтан мен оған шын берiлген батыр- лар жалғастырды. Ханның қазасы үшiн кек алу мақсатымен қазақтар Қырғызстан аумағына бiрнеше рет әскери жорық жасады.

    Қазақтардың Кенесары хан бастаған ұлт- азаттық көтерiлiсі осылайша жеңiлiс тапты. Кенесары ханның жасақтары Ресейдiң жақсы қаруланған әрi күштi дайындықтан өткен тұрақ- ты әскерiне қарсы тұра алмады. Оның үстiне, Кенесары бiрнеше бағытта – патша үкiметiне, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргiздi. Мұның өзi оның негiзгi күштерiн едәуiр шашыратты. Сұлтандар мен рубасыларының арасында ауызбiрлiк болмады. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерiлiс қазақ халқының патша үкiметiне қарсы жаппай қатысқан бұқаралық соғыстарының бiрi болды. Көтерiлiстiң жеңi- лiске ұшырауы патша үкiметiнiң қырғыз жерлерiн,

    Жетiсу аумағын және Оңтүстiк Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхар, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғы- шарттары жасалды. Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есiнде талантты әскери қол- басшы, аса көрнектi мемлекет қайраткерi ретiнде қалды. Хан билiгi iс жүзiнде жойылған жағдайдың өзiнде ол қазақтың үш жүзiнiң басын бiрiктiрiп, қазақ мемлекеттiлiгiн қайта қалпына келтiрдi. Көптеген зерттеушiлер Кенесарының Абылай заманындағы егемендi мемлекеттiлiктi қалпына келтiру үшiн жасаған әрекеттерiн жоғары бағалады. Оған патша үкiметi әкiмшiлiгiнiң өкiлдерi де құр- метпен қарады, ресейлiк ғалымдар Кенесарыны «бүлiкшiл сұлтан», «Қырғыз (қазақ. – авт.) даласының Митридаты (антика- лық дәуірдегі патша)» деп атап, оның iс-әрекеттерiне оң баға бердi.

    Кенесары Қасымұлының өмiрi мен қызметi болашақ ұрпаққа өшпес өнеге. Қазақтың жүрек жұтқан батыр перзенттерiнiң бiрнеше ұрпағы мен ХХ ғасырдың бас кезiндегi ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшiлерi одан үлгi алып өстi. Кенесары Қасымұлының Астана қа- ласында тамаша ескерткiшi, оның есiмiмен аталатын үлкен көше бар.

    Кенесары қазақ халқын бостандық пен тәуелсiздiк жолындағы күреске жұмылдырды. Кенесары көтерiлiсi табысқа жетпесе де, оның ұлы iстерi халық есiнде мәңгi сақталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *