- Ұлы дала тұрғындарының шаруашылығы мен үй кәсібі. Далалықтар үшін малдың орны ерекше. Ол көлік, азық, үй әбзелдері, киім, аяқкиім т.б. болды. Ол туралы далалық тұрмыстың білгірі Ш. Уәлиханов былай деп жазды: «Көшпелі адам малмен ішіп-жеп, киінеді, ол үшін мал өз тыныштығынан да бағалы. Қырғыздардағы (қазақтардағы – авт.) амандасу да: мал-жан аман ба? деген сөзден басталады».
Қазақ халқының малшаруашылығы өнімдері күнделікті өмірде кеңінен қолданылды. Мәселен, мал терісінен киім-кешек, аяқкиім, түрлі ыдыстар т.б. даярлаған. Сүйек пен ағаштан күнделікті тіршілікке қа- жетті, тұтынатын барлық заттарын жасаған. Жүннен және одан алынған материал – киізден киім, аяқкиім, кілем және басқа да тұрмыстық зат- тар әзірлеген. Жылқының жалынан мықты арқан, малдың мүйізінен тарақтар жасалған.
Мал өнімдері мен шикізатты өңдеу және қайта өңдеуден өткізу жеке отбасылық сипатта жүргізілді. Қазақтар күнделікті тұрмыс үшін қажеттінің бар- лығын өздері даярлаған. Қалдықсыз өнім өндіру олардың жоғары экологиялық және эстетикалық мәдениетін білдіреді. Далалықтар үшін мал өнімінің қандай да бір бөлігін керексіз етіп тастау ауыр күнә саналған. Сондықтан оларда артық және қажет емес дүниелер болмаған. Барлық мал өнімдері, тіпті оның қалдықтары да ішкі қолданыс пен өндіріске пайдаланылған.
- Ағаш бұйымдар. Ағаштан жасалған бұ- йымдар тұрмыста кеңінен қолданылған. Бұл материал өте қолжетімді әрі бұйым даярлауға, сондай-ақ тасымалдау үшін де жеңіл еді. Мате- риал ретінде қатты ағаштар: қайың, қараағаш, үйеңкі қолданылды. Ағаштан киіз үйдің негізін жасайтын шеберлерді үйші деп атаған. Шеберлер музыкалық аспаптар – домбыра, қобыз, сыбызғы және түрлі еңбек құралдары: айыр, тырма, күрек т.б. жасаған. Күнделікті тұрмыста қайыңнан ойылған тегене, тостаған, қымыз құятын ожау, үлкен ағаш астаулар мен ет салатын табақтар кеңінен пайдаланылған. Бұл бұйымдар ғажайып ою-өрнекпен безендірілген.
- Ұсталық және зергерлік өнер. Темір өңдеу- мен айналысатын мамандарды далалықтар ұста деп атаған. Олар шаруашылыққа қажетті түрлі бұйымдар, қару-жарақ, ат әбзелдерін дайындап, әсемдеп-көркемдеп отырған. Ер-тұрман әбзелдері: тоқым, құйысқан, жүген, өмілдірік, тартпа, айыл, таралғы, қамшы жасау- мен негізінен ершілер айналысқан. Зергерлер білезік, сырға, шолпы, жүзік, алқа, сақина, қаптырма, шашбау бұйымдарын жасаған. Қазақ зергерлері сәндік әшекейлерді әзірлеуде нақыштау, дәнекерлеу, шеку сияқты түрлі әдістерді меңгерген. Негізінен күміс пайда- ланылған. Күміс жамандықтан сақтайтын таза ме- талл деп есептелінген. Шеберлер мен зергерлердің қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алатын- дай өте керемет жасалған.
- Тері өңдеу. Далалықтар тұрмысында аса кең таралған материалдардың бірі тері еді. Қазақтар үй малының өңделген терілерінен киім-кешек, ыдыс, белдік, аяқкиім, үй іші жиһаздық затта- рын даярлаған. Оларды дайындау технологиясы ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы қалыптасқан. Тері өңдеу үшін алдын ала оның еті мен майы сыдырылған. Сосын оны кептіріп, іш жағынан ашыған сүт және ұнмен өңдеген. Одан кейін тұзды суға салып, бірнеше күнге осылай қалдырған. Тұзға қаныққан соң қайта кептірген және қалған шел қабатын пышақпен сыдырып тазалаған.
-
Кейін механикалық және арнайы өңдеу арқылы те- ріні жұмсақ, иілгіш, шымыр, су өткізбейтін күйге жеткізген. Қолмен ұқсатып, табиғи бояулармен бояған. Илеген теріден негізінен киім-кешек, тон, ішіктер өндірілген. Жылқы мен түйе терісінен саба, торсық, кісе (ерлерге арналған белдік), ат әбзелдерін т.б. дайын- даған. Тері өңдеумен негізінен ерлер айналысқан.
- Киіз басу. Киіз басу – қазақ халқы арасында кең таралған өнер. Киіз басумен айналысқан көшпелілер оның технологиясын барынша меңгеріп, өнер дәрежесіне жеткізген. Көшпелі өмірге қолайлы бұйымдардың бір- қатары киізден дайындалған. Киізден сырт киім, байпақ тіккен. Үйдің жабуы мен ішкі жасау-жиһаздарын, өзге де тұрмысқа қажетті заттарды әзірлеуге қолданған.
Киіз басумен негізінен әйелдер айналысты. Тазартылып өңделген жүнді шиге жаю, ыстық су себу, домалату, білекпен басу т.б. жұмыстар арқылы киіз қалпына келтірілген. Дайын киізден туырлық, үзік, түндік, текемет, сырмақ т.б. бұйымдар жасалған.
- Кілем тоқу. Дәстүрлі үй мүлкінің бірі кілем тоқылу ерекшелігі мен ою-өрнектеріне қарай түкті және түксіз (тықыр) кілем болып бөлінеді. Кілем қарапайым құрылғы өрмек арқылы тоқылды. Ұлттық ою-өрнек салынып, қолдан тоқылған кілем өте сапалы бұйым болып саналды.
Қазақ шеберлері кілеммен қатар, алаша, сырмақ, қоржындар да жасаған. Кілем төсеніш ретінде және әсемдік үшін қолданылған.
XVIII ғасырдағы кілем тоқу ісі туралы көптеген деректерді кездестіруге болады. Мәселен, Георги қазақтардың киіз үйіндегі кілемдер туралы былай көрсетеді: «Үйге киіздер немесе кілемдер төселеді…»
Далалықтарда айтарлықтай дамыған кілем тоқу ісі
жайлы А. гейнс: «Қой жүнінен жасалған киізден бөлек, жіп те иіреді, оларды түрлі түске бояп, ұзын маталар тоқиды; бұндай тоқымалар кілем орнына, ал кейде күймелі арбаның, жолым үйдің қоршауын даярлауға және онда шымылдық құруға қолданылады», – деп жазған. Қыздар кішкентай кезінен бастап кілем тоқу өнерін үйренген. Әдетте тоқылған кілемдер болашақта ұзатылатын қыздың жасауына қосылған. Дәстүрлі қазақ қоғамында кілемдерді өте қажет кезде, қиын жағдайда ғана сатылымға шығарған. Кілем даярлаудың өте күрделілігіне байланысты асар жасалып отырған. Оның мәні кілем тоқитын үйдің иесі ауылдастар мен туысқандарын көмекке шақырған. Олар іскер шебердің бақылауымен кілем тоқыған. Бұл тек ұжымдасқан еңбек түрі ғана емес, сонымен қатар өнердің осы түріне өзге әйелдерді әсіресе жастарды үйретудің әдісі болатын.
- ұлттық ою-өрнек. Далалықтарда ең саны көп әрі кең таралғаны ұсақ мал еді. Сондықтан да көшпелілердің негізгі ою түрі қошқардың мүйізіне ұқсатылып «қошқармүйіз» аталуы тегін
емес. Қазақтар әдемі ою-өрнекке ерекше мән бер- ген. Ою-өрнек далалықтарда байлық пен еркіндікті, дербестікті және молшылықты білдіретін.
Ою-өрнек кез келген бұйымдарға немесе тұрмыстық
заттарға: ер-тоқым көрпешесіне, киімге, баскиімге, әйелдердің әшекейіне, аяқкиімге, ыдыс-аяққа, кілем, қоржындарға салынған. Музыкалық аспаптар, зер- герлік бұйымдар, жиһаз, киіз үй жабдықтары, қару-
жарақтар, бесік пен сандық, қамшы т.б. тұрмыстық заттар өрнектермен безендірілген.
Қазақ ою-өрнектерінде алуан түрлер мен сарындар: жан-жануарлар- дың (зооморфты), космогониялық, өсімдіктің бейнесі, геометриялық т.б. нақыштар кездеседі. Аса кең таралған ою-өрнек түрлері: қошқармүйіз, түйемойын, мүйіз, қосмүйіз, сыңармүйіз т.б. Жануарларға байланысты қазмойын, өркеш, өрмекші және өсімдік тектес жапырақ, гүл қауыздары, үшжапырақ өрнек түрлері де кең таралған.
Қазақ халқы ою-өрнек түсін таңдауға ерекше мән берген. Көк түс аспанның, қызыл – от пен күннің, ақ – тазалықтың, қуаныш пен бақыттың, сары – парасаттың, жасыл – көктемнің, жастықтың белгісі саналған.
- Қазақтардың қысқы және жазғы тұрғын үйлерi. Қазақтар жаз кезiнде киiз үйлерде тұрды. Киiз үй кей жағдайларда қысқы баспанасы да бол-
ды. Мұндай кезде ол үйдi бiрнеше қабат киiзбен қымтап, iргесiн қармен бастырып тастайтын. Ал елдiң оңтүстiктегi жылы аймақтарында киiз үйде қысы-жазы бiрдей тұра беруге болатын. Немiс ғалымы Ф. фон Шварц бы- лай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтардың қысы-жазы бiрдей тұра беретiн бiрден-бiр баспанасы киiз үй болып табылады. Киiз үй адамның қашаннан бергi ойлап тапқан ең ғажайып практикалық өнер табысының бiрi екенiнде дау жоқ». Киiз үйдiң ағаштан жасалатын бөлiктерiн арнаулы шеберлер – үйшiлер, ал киiзден жасалатын жабдықтарын киiз басатын әйелдер әзiрлейтiн. Үйдiң бау-шуларын құрастыру, тiгу мен жығу да әйелдердiң үлесiне тиетiн.
Қазақтардың төбесi шошақ қалмақы үйлерi де болды. Бiрақ олар өте сирек пайдаланылды. Киiз үйдiң iшiндегi ең құрметтi орын болып төр саналды. Төрге ең сыйлы адамдар мен қадiрлi қонақтар шығарыла- ды. Үйге бас сұққан қонақ қандай дiн ұстанатынына, қай ұлттың өкiлi екенiне қарамастан, сол үй иесiнiң сенiмдi қорғауында болатын.
Қазақтар қыста тұратын баспанасын қыстау деп атады. Қыстау топырағы құнарлы жерлерге салынды. Оған жақын жерде әдетте рулық зират орналастырылды. Қыстаудың маңында егiстiк және шабындық жерлер болды. Далалықтар қыстауды адам өлiмi көбейiп кеткен немесе мал қырылып, жұт болған кездерi ғана тастап кететiн. Қыстау әртүрлi құрылыс материалдарынан: тастан, ағаштан, шымнан және шикi ке- сектен салынатын.
Қазақтар төбесi шатырмен жабылатын үй салуды үйрендi. Үйдiң iшiне қазан асылатын, әрi үйдi жылытатын пеш орнатылды. Терезенiң көздерi малдың тақыр қарнымен керiп тасталды. Қысқы баспана екi бөлiктен тұрды. Олардың арасында пеш болды. Оның бiр жағы кiреберiстегi ауыз үй, екiншi жағы адамдар тұратын төр үй деп аталды. Төр үйдегi жер еденнiң үстiне нар – ағаштан салынған аласа орын жасалды. Ауқатты қазақтардың үйiндегi бөлмелердiң саны 3–4-ке дейiн жеттi. Ағаштан қиып салынатын, ағаш едендерi бар үйлер де пайда бола бастады. Әдетте ондай үйлердi орыс ұсталары салатын. Қазақтар киiз үй мен қысқы тұрғын үйдiң iшiн қамыс пен қураған ағаш және тезек жағып жылытатын. Қазақтарда өсiп тұрған ағашты кесуге қатаң тыйым салынатын.