Біртұтас халық жасағының ұйымдастырылуы

Халық жасағы. Қазақ қоғамында кәсіби және тұрақты әскер болмады. Ел басына қауіп-қатер төнген кезде, дұшпанның шабуылына тойтарыс беру үшін халық жасағы құрылды. Халық жасағы ру-тайпалық негізде ұйымдастырылды. Хан мен сұлтандар төлең- гіттерден тұратын шағын қарулы сарбаз ұстады. Әрбір ер кісі жауынгер болуға міндетті еді. Бұл туралы Қазақстанда XIX ғасырдың басында бол- ған зерттеуші Я. Гавердовский былай деп жазды: «Қырғыздарда (қазақтарда) әскери өнер қасиетті саналып, онымен бүкіл халық айналысты. Қару ұстай алатындардың барлығы өзімен бірге қылыш, кем дегенде пышақ алып жүруі, ал ел шетіне жау тигенде халық жасағы құрамына қосылуы тиіс болды». Көшпелілер көп және қуатты әскер жасақ- тай алды. Жекелеген рулардың күш құрылымдары қысқа мерзімде бүкілхалықтық жасақ жиналатын
жерге келіп жетіп, ірі әскер құрамына қосылды. Ірі әскери құраманы даңқты батырлар басқарған. Бүкілхалықтық әскери жасаққа хан қолбасшылық етті. Әр жауынгердің алыс жорықтарға арналған екі немесе одан да көп аты болды. Бірін атты шайқасқа дайындаса, екіншісін өзі мінген, қалғандарымен азық-түлігін және қару-жарағының бір бөлігін алып жүрген. Әрбір жасақтың ұраны арғы ата-бабасының руындағы қасиетті саналатын тұлғаның есімімен аталды. Жалпы қазақтың ұраны «алаш» – түркі тілдес халықтар мен қазақ халқының мифологиялық арғы атасының есімін білдірді. Ұрандар жауынгерлерге рух пен күш-жігер, жеңіске деген сенім берді.
Әскери жасақ жоғары жауынгерлік рухымен ерекшеленді. Туысқан руластардан құралған жасақ сарбаздары ұрыс алаңын тастап кетуді немесе қашуды еш уақытта ойламады. Далалықтар сатқындық пен қорқақтықты жек көрді, ондай- ларды қатал жазалады. Қазақ даласы жау шабуылына жиі ұшырап отырды. Өздері туып-өскен кең-байтақ даланың әр сүйем жерін қорғап қалу жолында оқтын-оқтын күреске шығуға тура келді. Қазақтар шайқаста ерлігімен көзге түскен қатардағы жауынгерлер мен қолбасшыларды «батыр» атаған. Батыр атағы халық тарапынан жеке тұлғаларға қан майданда ерліктің ерен үлгісін көрсеткендерге ғана берілді. Бұл атақ мұрагерлікке қалдырылмады. Батыр атағын хан-сұлтандар да, билер мен қарапайым халық та ала алатын. XVIII–XIX ғасырларда Әбіл- қайыр, Абылай мен Кенесары хандар да батыр атанды. XVIII ғасырдағы қазақ қоғамында халық- тың құрметіне бөленген батырлар көп болды. Бұл қазақтардың жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген азаттық күресіне байланысты еді. Басқыншыларға қарсы күресте Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары, Олжабай, Тайлақ, Байымбет және т.б. батырлардың даңқы шықты. Ерлігімен айрықша танылған батырлар Түр- кістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерлену құрметіне  ие  болды.  Қазақ  халқы  балаларына әйгілі батырлардың есімдерін берген.

Халық жасағының қару-жарағы мен жауынгерлік қабілеті. Көш- пелілер өздерінің қару-жарағы болуын мәртебе санаған. Қазақтардың қару-жарағы алыс және жақын қашықтықтағы қоян-қолтық ұрыстарға арналды. Алыс қашықтықтағы ұрыстарда жебелі садақ қолданылды. Қоян-қолтық ұрыста жауға соққы беру үшін болаттан соғылған, қайқы қылышты, ұшы үшкір өткір селебені, болаттан шыңдалған екі жүзді сапыны пайдаланған. Қазақ жауынгерлері қарсыласын ұшын темірден істіктеп жасаған найзамен және жебесі үшкір қырлы етіп болаттан құйылған ұзын сапты сүңгімен жайратқан. Қазақтар шоқпар мен гүрзі, сойыл, айбалтаны қару ретінде ұстайтын. Мүмкіндігі неғұрлым мол жауынгерлер үстіне болат сымнан тоқылған сауыт, басына темір дулыға киетін. Қазақ жасағы түгелдей дерлік атты әскерден тұрды. Даланың әрбір тұрғыны Отанға қауіп төнгенде, елін қорғау үшін қару-жарағын асынып атқа қонды. Жорыққа шығар алдында сардарлар әскери кеңес шақырып, алда тұрған шайқастың мәселесін жан- жақты талқылаған.
Далалықтарға шыдамдылық пен төзімділік, батылдық пен ержүректік қасиеттер тән еді. Қазақ даласында әйелдер де жауынгерлік қабілеті жағынан ер кісілерден қалыспаған. Бұған Ресей зерттеушісі Ф. Назаровтың мына сөзі айқын дәлел: «Қырғыздар (қазақтар) әсіресе атқа мықты, өйткені балалары төрт жасқа келер-келместен, оларды атқа мінгізіп үйретеді. Бұлар- дың әйелдері де атқа мықты, қолдарына сойыл алып жауға шапқанда, еркектерге бергісіз».
Жаңа заманның белгілі ағылшын ғалымы Д. Флэтчер де қазақ жауынгерлерінің ерлігі жайлы таңдана жазған: «Олар өлімнен қорық- пайды, жау қолына түскеннен гөрі қолына қару ұстап ақырғы демі шыққанша шайқасып өлгенді ерлік санайды».
3. Жауға соққы беруді ұйымдастыру. Сыртқы жауларға қарсы тұру үшiн қазақтарға ұлт болып күш-жiгерiн бiрiктiру өте қажет болды.
Осы мақсатпен 1710 жылы қазақ халқының беделдi өкiлдерi жиынға шақырылды. Қазақ ақсүйектерiнiң құрылтайы Қарақұмда өткiзiлдi. Онда Бөгенбай батыр бастаған бүкiлқазақтық жауынгерлiк жасақ құру жөнiнде шешiм қабылданды. Жоңғар басқыншыларына тойтарыс беруді ұйымдастырушылардың бірі Әбілқайыр хан болды. Қазақ жасақтары жауды шығысқа ығыстырып тастады. Қазақ әскерлері мен жоңғар әскерлерінің арасында кескілескен қанды шайқастар болды. Біріккен, орталық басшылықтың болмауы себепті қазақ жасақтары жеңіліп қалды. Жоңғарлар Қазақстан жеріне кіре бастады. Жоңғар шабуылының салдарынан қазақтардың басына түскен аса ауыр жағдай оларды қалайда күш бiрiктiруге мәжбүр еттi. Осылай ету қажеттiгiн үш жүздiң өкiлдерi түгел түсiндi.
Әбiлқайыр хан 1723 жылы 20 мың жауынгерi бар жасақты бастап, жоңғарлардың қандас одақтасы Едiл бойындағы қалмақтарға қарсы бiрнеше жеңiстi жорық жасады. Өз тылын осылайша қауiпсiз еткен ол қалың қолын бастап, Сырдария бойына қарай бет алды. 1724 жылдың көктемiнде Қазақ хандығының астанасы Түркiстан қаласына жетiп, оны тiкелей шабуылмен азат еттi. Қаланы бiр жыл бойы өз қолында ұстап тұрды. Бiрақ жаудың еселенген көп күшiнiң тегеурiндi қысымымен қаланы тастап шықты. Әбiлқайыр хан құрамында 50 мың жауынгерi бар бiрлескен қазақ- қарақалпақ әскерiнiң қолбасшысы болды. Сөйтiп, жоңғарларға қарсы бiрнеше сәттi жорық жасады. Осы кезде оның ұйымдастырушылық таланты, iрi әскери қолбасшы ретiндегi қабiлетi, жеке өз басының қаһарман ерлiгi айқын танылды. Жауға неғұрлым жылдам әрi күйрете соққы берудi ұйымдастыру қажеттiгi бүкiл қазақтың күш-жiгерiн бiрiктiрудi талап еттi. Осы мақсатпен 1726 жылдың күзiнде Ордабасы тауында (қазiргi Шымкент қаласының батыс жағында) Бүкiлқазақтық құрылтай өткізілді. Оған қазақтың хандары, үш жүздiң сұлтандары, билерi, батырлары келдi. Қазақтар бiр-бiрiне барынша берiлген, адал болуға осы Ордаба- сыда ант берiстi. Құрылтайға қатысушылардың бiрауыздан ұйғаруымен Әбiлқайыр хан бүкiлқазақтық әскери жасақтың бас қолбасшысы болып сайланды. Құрылтай жиналысының шешiмдерi қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресiнде өте маңызды рөл атқарды. Қазақ қоғамының бүкiл күш-жiгерiн нақты iс жүзiнде бiрiктiру қолға алынды. Әрбiр ру өзiнiң жауынгерлiк жасақтарын құрып, бүкiлқазақтық үлкен жасаққа қосылуды қасиеттi мiндетiмiз деп бiлдi.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *