ХVIII ғасырдың басындағы жоңғар шапқыншылығы. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

 ХVIII ғасырдың 20-жылдарының бас кезiнде жоңғарлардың Қазақ жеріне кезектi iрi жорық жасауына қолайлы жағдай қалыптасты. 1722 жылы жоңғарлармен ұзақ уақыт бойы соғыс жүргiзiп келген Қытай императоры (боғдыханы) Канси қайтыс бол- ды. Сөйтiп, жоңғарларға Қытаймен бейбiт келiсiм жасасуға мүмкіндік туды. Жоңғар билеушiлерi Едiл бойындағы қалмақтардың ханы Аюкеге елшi жiберiп, қазақтарға қарсы бiрлескен соғыс қимылдарын жүргiзу мақсатын көздедi. Ертiс бойында жақында ғана бой көтерген әскери бекiнiс желiсiн нығайтумен әуре болып жатқан Ресей Жоңғар мемлекетiне бәлендей қауiп төндiре алмайтын едi. Оның үстiне, Ресей көршi жатқан екi көшпелi мемлекеттiң өзара қарым-қатынасына байланысты бейтарап саясат ұстауға тырысты. Қазақ мемлекетiнiң де, Жоңғар хандығының да өзара шайқаста әбден әлсiреп, қансырағанын күттi. Өйткенi оған осылай болғаны тиiмдi едi. 1723 жылдың көктемiнде алдағы болатын жойқын соғысқа мықтап әзiрленген, әрi қазақ хандықтарының алтыбақан алауыз болып ыды- рап бара жатқанын пайдалана қойған Цеван-раб- тан өз әскерiнiң қалың қолын Қазақстанға қарай аттандырды. Жоңғар шапқыншылығының алғашқы соққысына ұшыраған Жетiсу мен Ертiс бойының қазақтары болды. Жоңғарлар ауылдарды өртедi, малды айдап әкеттi, бейбiт халықты аяусыз қырып салды. Өйткенi жоңғарлардың шабуылы тұтқиылдан басталған болатын. Сондықтан амалы қалмаған қазақтар малына да, үй-жайларына да, дүние-мүлiктерiне де қарай алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жау әскерiнiң сан жағынан тым басым болғанына қарамастан, қа- зақ жауынгерлерi тегеурінді қарсылық көрсеттi. Жау қолына ешкiмнiң де берiлгiсi келмедi. Әр қазақ өзiмнiң туған жерiмдi, туған-туыстарым мен жақындарымды жауыз дұшпаннан қорғауға мiндеттiмiн деп ұқты. Жауынгерлер шегiне түсiп, қорғаныс соғыстарын жүргiздi. Олар әйелдердi, балаларды, қарттарды жаудың өкшелеп қууынан құтқару үшiн қырғын соғыс салды. Ташкент қаласының тұрғындары қазақ әскери жасақтарының басшылығымен қаланы жаудан бiр ай бойы дерлiк қорғады. Жоңғарлар Ташкенттен кейiн Сайрам, Түркiстан сияқты басқа да қалаларды басып алды. Жаудың жойқын соғыс қимылдарын жүр- гiзуi нәтижесiнде Қазақстанның шөлдi және таулы аймақтарынан өзге бүкiл аумағы iс жүзiнде жоңғарлардың қолына қарады. Салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанның батысындағы алыс аймақтар ғана аман қалды. Бұл тарихи оқиға Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» дастанында былайша суреттеледі:

 

Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл,

Қазақ, қалмақ атысқан, мұны да біл.

Қалмақтың бастаушысы – Суан Раптан,

Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл.

Шеп құрып соғысыпты қазақ, қалмақ,

Қорқаққа оңай емес шепке бармақ.

Бабаңның бес баласы садаққа ұшып,

Бұл соғыста қазаққа түсті салмақ.

Қазақты ол ұрыста қалмақ алды,

Үш есенің екеуін қырып салды.

Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойында,

Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.

Осы жол – бар қазаққа белгілі жол,

«Ақтабан шұбырынды» дегенің сол.

Жаяу жүріп табаны аппақ болып,

Қорлық көріп қазақтың шұбырғаны ол.

 

Бұл кезең (1723–1727 жылдар) қазақ тарихында «Ақтабан шұбы- рынды, Алқакөл сұлама» деген атпен аталады. Оның қазақ халқына ти- гiзген зардабы, қайғы-қасiретi, аштығы мен қайыршылық халге душар етуi өте ауыр болды. Мыңдаған адам қырылды немесе тұтқын ретiнде айдалып кеттi. Жүздеген, мыңдаған ауыл қатты күйзелiске ұшырады. Мал-мүлiк талан-таражға түстi, сауда байланысы үзiлдi, бiр кезде гүлденiп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар қырғыннан аман қалу үшiн елдiң батыс аймақтарына қа- рай жылжып, Жайық бойына дейiн жеттi. Қазақтардың жаппай қоныс аударуы Ресей империясын және оның қол астындағыларды – башқұрттар мен қалмақтардың едәуiр мазасын қашырды. Патша үкiметi бiрқатар кешендi шаралар қабылдады: ше- гара күзетi күшейтiлдi, жаңадан әскери бекiнiстер салу шаралары қолға алынды. Қазақтардың едәуiр бөлiгi Орта Азия мемле- кеттерiнiң аумағына қарай ойысты. Мәселен, Сыр- дария өзенiнен өтiп кеткен Орта жүз руларының көпшiлiгi Самарқан қаласының төңiрегiне, ал Кiшi жүз қазақтарының едәуiр бөлiгi Хиуа мен Бұхар хандықтарына көшiп кеттi. Жоңғар шабуылының өрт-жалыны өзбектердi де, қырғыздарды да, қарақалпақтарды да шарпығанымен, ең ауыр соққы қазақтарға тиді. Қазақ халқының басынан кешірген сол бір орасан ауыр қайғы-қасі- реттің символы «Елім-ай» атты зарлы жыр болды:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді…

Ақтамбердінің мына өлеңі де халық жадында сақталған:

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан,

Жалынды жүрек қан қайнап.

Ел-жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап.

Батырлардың Отан қорғаудағы ерлік істерін Үмбетей, Тәтіғара, Бұқар, Көтеш т.б. жыраулар жазып қалдырды.

Қазақтардың жеңiлу себептерi және оның салдары. Қазақтардың жеңiлiп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болуының бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, қазақ жүздерi бытыраңқы едi, Қазақ хандығының басшылығында ауызбiршілік болмады. Екiншiден, жоңғарлар бұл шабуылға өте тыңғылықты әрi мұқият әзiрленген едi. Оның үстiне, шабуылдың басталатын уақытында ауылдар бiр-бiрiнен алыс, қыстаудан көктеуге көшiп шығар абыр-сабыр кез болатын. Үшiншiден, қазақтар қатты жұтқа ұшыраған-ды. Жорыққа мiнетiн жөнi түзу ат жетiспедi. Төртiн- шiден, аймақта қалыптасқан осындай геоаяси жағдайды жоңғарлар дұрыс әрi мұқият ескере бiлдi. Қытаймен бейбiт келiсiм жасасты. Бесiншiден, шабуылдың тұтқиылдан жасалу факторы да қазақ- тарға қолайсыз әсер еттi. Алтыншыдан, жоңғарлар жақсы қаруланған болатын, әрi соғыс қимылдарын қалай жүргiзудiң мол тәжiрибесiне де қанық едi.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қазақ қоғамына тигiзген зардабы орасан зор бол- ды. Далалықтардың көшi-қон бағыттары өзгерiске ұшырады. Қазақтар шұрайлы мал жайылымдарынан айырылды. Жетiсудағы және Қазақстанның оңтүстiк аймақтарындағы бiр кезде гүлденiп тұратын жасыл жазиралар ендi қараусыз қаңырап бос жатты. Көршiлес мемлекеттермен сауда-саттық байланысы да уақытша үзiлiп қалды.

Ең ауыр қайғы-қасiрет туған-туыстар мен жақын жандардың қаза- сы болды. Шәкәрiм Құдайбердiұлының келтiрген деректерi бойынша, қазақтардың үштен екi бөлiгi қырғынға ұшыраған. Бірқатары құлдыққа сатылып кеткен. Халық ашаршылыққа душар болды. Өлмей аман қалу үшiн қайыңның сөлiн iшкен. «Қайың сауған» деген сөз содан қалған. Осы қиыншылықтардан тiрi қалғандар басқыншыларға шектен тыс ауыр алым- салық төлеп тұрған. Қазақ халқы елдiң әртүрлi алыс аймақтарына, тiптi шегаралас жатқан шет мемлекеттерге де тарап, босып кеттi. Қазақтардың батысқа қарай жаппай ағылуы қарақалпақтармен, түрiкмендермен, өзбектермен, башқұрттармен және қалмақтармен жерге таласқан дау- дамайларға алып барды. Қазақтардың Орал казактарымен де, Батыс Сiбiрдегi орыстармен де өзара қарым-қатынастарын шиеленiстiрiп жiбердi. Мiне, мұның бәрi әбден әлсiреп, қожыраған Қазақ хандығын Ресей импе- риясының оңай олжа ретiнде отарлап алуымен аяқталды.

 

Оқиғаларды хронологиялық ретімен орналастыр:

 

А. Жоңғарлардың Ташкент, Сайрам, Түркістан қалаларын басып алуы. Ә. Батыр қонтайшының билік құруы.

Б. Қытай императоры Кансидің өлімі.

В. Цеван-Рабтанның қазақ жеріне әскер аттандыруы.

 

Сепаратизм – өзiнше бөлiнiп шығуға, жеке билiкке ұмтылу.

Миграция – адамдардың тұрғылықты мекенінен әртүрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшіп-қонуы.

Жұт – қыс қатты болған жылдары аштықтан, суықтан малдың қырылуы, мал өлiмi, iндет.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *