Алтын Орданың ыдырауы, Ақ Орданың әлсіреуі барысында Қазақстанның солтүстік–батысында Ноғай Ордасы мемлекеттік бірлестігі құрылды. Орданың алғашқы алып жатқан жері Еділ мен Жайық өзендерінің жазық алқабы болды. Ноғайлар солтүстік- шығысында Батыс Сібір ойпатына дейін, солтүстік-батысында Қазан қаласына, ал оңтүстік-батысында Арал мен Каспий теңізіне дейін көшіп-қонып жүрген.Орданың орталығы Жайық бойындағы Сарайшық қаласы болған.
Қаланың іргесі Х ғасырда қаланған. Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қаласы Кавказ бен Қырымды Қарақорым, Қытаймен байланыстырған. Қала ХІІІ-ХV ғасырларда дәуірленген. Кейін Алтын Орда күйреп, қала әлсірегнімен Ноғай Ордасының астанасына айналып, қайта көркейді. Қасым хан тұсында Қазақ хандығының біраз жылдар бойы астанасы болды. 1580 жылы Дон, Еділ казактарының Жайық бойына шапқыншылық жасу салдарынан Сарайшық қаласы біржолата қирады. Сарайшықта Алтын Орданың, қазақ және ноғай хандары жерленген.