АҚТАЙ КЕСЕНЕСІ

АҚТАЙ КЕСЕНЕСІ — сәулет өнері ескерткіші. Сарысу өз-нің төменгі жағында, Телікөлдің маңайында, Жезқазған — Қызылорда автомоб. жолынан 40 км жерде 1928 ж. күйдірілген кірпіштен салынған сәулет ескерткіші. Кесененің композициясы 19 ғ-дағы Сарысу бойындағы сәулет ғимараттары сияқты бір-біріне жалғастыра салынған күмбезді екі бөлме түрінде. Екі бөлік те шаршы жобада, үлкені көрхана, екі белдеу түрінде қаланған және әр белдеу кемерлене шығарылған. Ортасында маңдайшасын әшекейлеген кіретін ойығы бар кіші бөлік екі деңгейде салынған. Төменгі деңгей көрханаға баратын жол есепті, жоғарғы деңгей зияратхана. Күмбез параболик. пішінде, үлкен күмбез цилиндрлік барабанның үстіне орнатылған, оның жоғарғы жағында кірпіш арасына бірге қаланған екі қатар ағаш ұштары көрінеді. Осы өңірге тән ескерткіштерде кездесетін бұл ағаштардың мәні әзір анық емес. Кесененің қас беті әр түрлі мәнерлі қалаумен және әр түрлі дәрежеде күйдірілген кірпішпен ромб түрінде әшекейленген. Шаршы тағаннан шеңбер пішіндегі күмбезге көшу кесене бұрыштарын кеміте қалау арқылы жүзеге асырылған және осы деңгейде көрхананың бұрыштары шығыңқы тікшаршы қалаумен байланған, ал әр бетінің орта тұсына арқа тектес қуыс жасалған. Кіші бөліктің кіре-беріс төменгі деңгейі таға тектес етіліп, дөңестеліп жабылған. Кіреберістің сол жағында қабырға арасына кесене төбесіне, одан әрі кіші күмбез астындағы зияратханаға апаратын баспалдақ орнатылған. Бөлмелер әктелмеген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *