Үтір

 

  • 30. Сұраулық мағынасы бар бірыңғай сөз тіркестері ерекше интонациямен айтылмаса, араларына үтір қойылады: Желдің суылы ма, оқтың зуылы ма – құлағымды жанай әлдене ысқырып өтіп жатады (С.Мұқанов).
  • 31. Егер деп-тен кейінгі етістік төл сөздің айтылуынан соң болатын істі білдірсе, деп-тен кейін үтір қойылады:
  • Тұр! – деп, біреу қаттырақ дауыспен оятты (С.Мұқанов).
  • Бірақ ондай-ондай сән табылар, ән табылмайды ғой! – деп, шімірікпей күлді де, жастарға қарай бұрылды (М.Әуезов).

Бір сағаттан кейін сыртқа шығарсың, Сикорскийдің конторына кел, – деп,

кейін қарай бет алды (Ғ.Мүсірепов).

 

Ескерту: Төл сөз бен автор сөзін байланыстырып тұрған деп етістігінен кейін төл сөзге қатысты етістік келсе (деп сұрады, деп ойлады, деп үн қатты, деп айғайлады, деп сыбырлады т.б.), деп-тен кейін үтір қойылмайды. Мысалы:

Абай Асылбайдан:

– Қалада не хабар бар? – деп сұрады (М.Әуезов).

«Егер Амантай аман болса, кескіні маған ұқсайды, мен інісі едім дейін», – деп ойлады ол (С.Мұқанов).

 

  • 32. Төл сөзден кейін де етістігінің десе, дегенмен, дегенде, деген соң, дегенше, дегеннен кейін, деді де тұлғалары тұрса, бұлардан соң үтір қойылады. Бұлардан кейінгі сөздер автор сөзі болмай, төл сөз болса, қос нүкте қойылады. Мысалы: Бозторғайды аяған жұрт: «Бұ бишара неге төмен қарай ұмтылмайды, неге жоғарылай береді?» – десе, біреу: «Төмендесе-ақ қағып

түспей ме тұрымтай, соны біліп жоғарылап барады», – дейді.

Балалар:

– Айдағанға көне ме ол, ата? – десе: – Неге көнбейді? – дейді Ораз

(С.Мұқанов).

Әшірбек сонда да азсынып:

  • Неге ақырын? дегенде:
  • Қатты көмір, деді Әкім (Ғ.Мұстафин).
  • 33. Төл сөзден кейінгі де етістігі деді, деп еді, дейді, деген еді сияқты тиянақты тұлғаларда тұрса, одан кейінгі автор сөзі өз алдына тиянақты не бағыныңқы сөйлемдер болса, араларына үтір қойылады: Менің есебімді бер! – деді ол, Кенжетай ұсталып кеткесін (С.Мұқанов).

— А… Мен өзім де солай шығар деп ойлап ем… – деді де, Быков өз жөніне кетті

(Т.Мүсірепов).

  • Алма, сен жақсы салдың еске! – деді Жанат, есіне жаңа түскендей

(Ғ.Мұстафин).

  • 34. Цифр немесе әріптер арқылы санамаланып айтылған сөйлемдерден кейін нүкте, нүктелі үтір, кейде үтір қойылады.
  • 35. Жанды, жансыз заттарға қарата айтылған сөздер (қаратпалар) сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен ажыратылады. Қаратпа сөз сөйлемнің басында тұрса, үтір оның соңынан, ортасында тұрса, екі жағынан, соңында тұрса, одан бұрын қойылады: Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат. Жүрегім, нені сезесің! Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел (Абай). Тыңда, дала, Жамбылды (Жамбыл). Тыныштал! Тынышталшы, Абайжан! (М.Әуезов).
  • 36. Қаратпа сөздің алдында өз анықтауыштары болса, олар қаратпа сөзден тыныс белгісімен бөлінбейді. Қаратпа сөз анықтауыштарымен тұтасып, сөйлемнің басқа мүшелерінен үтірмен ажыратылады:

Пернеге бауыр басқан кәрі бармақ,

Арынын домбыраның шыңға самғат! (Жамбыл)

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

 

Сөйлеймін десең өзің біл (Абай)

  • 37. Қаратпа сөзбен қатар келген одағайдан кейін үтір қойылады: Уа, Горький, халық ырысы – күнді сүйдің (Жамбыл). Уәу, жігіттер! Сендердін өлең жазамын деп қырқысқан таласың тіпті жақсы (М.Әуезов). Күннен күнге, уа, халқым, құлаш жаздың өріске (Жамбыл).
  • 38. Қаратпа сөзбен қатар келген о деген одағайдан кейін де үтір қойылады: О, күн-ау, төге түсші сәулеңді сен (Жамбыл). О, Жасаған! – деді Савельич күңірене сөйлеп (А.С.Пушкин). О, жалғыз сенерім – Жантығым! О, сиқыр, тағы келдің бе қасыма? (Ғ.Мүсірепов). Есіл өлкесінің құнарлылығы туралы талай әңгімелер естіп ем, рас екен!.. О, Есіл!.. (С.Мұқанов)
  • 39. Қаратпа сөз сияқты, бірақ нақты біреуге арналып айтылмаған, жалпылық-белгісіздік немесе одағайлық мағынасы бар сөздер сөйлем ішінде үтірмен бөлінеді. Олар да күрделі, шылаулы болып келе береді: Менің айтқаным да, естігенім де осы ғана емес пе еді, сығыр-ау! Жандарым-ау, не білгендерің бар? Әй, кәпір, содан қосылған жау болды. Айналайын құдай-ау, айнымаған Тоғжан! Жә, әлгі қайда жоқ боп кетті, батыр-ау! (М.Әуезов). Солай ма еді, аңқау басым? (С.Мұқанов). Бар болғыр, жай болушы ма еді? (Ғ.Мүсірепов). Көптен ұйқы көрмей сергелдең болып жүрген байғұс басым, сол мезгілде ұйқы қысып қалғымаймын ба? Таң атқан соң қарасам, көзін ашпағыр, май жағылмаған етігім өкпелеп қашып кетіпті (Ертегіден).
  • 40. Қыстырма сөздер (жалаң және күрделі) сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді. Қыстырма сөз сөйлемнің басында келсе, үтір одан кейін, ортасында келсе, екі жағынан, соңында келсе, алдынан қойылады:

Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған (М.Әуезов). Ұмытпасам, курста бізге берілетін сабақтардың саны он (С.Мұқанов). Түнеугүні, әлі есімде, ауылдағы құс фермасына бардық. Жалған шығар бұл, кім біледі.

  • 41. Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері көбінесе мыналар:

а) Автордың түрліше сезімін: қуанышын, қайғырғанын, өкінішін, сенімін, күмәндануын т.б. білдіретін сөздер: амал қанша, несін айтасың, бәсе, әрине, рас, сірә, тегі, тегінде, асылы, бәлкім, шамасы, айтпақшы, мүмкін, бақытымызға қарай, соры қайнағанда т.б.:

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ (Абай). Бәсе, осы сөз менің құлағыма бір тиген еді (М.Әуезов). Көл, тегі, «Дос» болып сол кісінің ныспымен аталып кеткен болу керек. Амал нешік, келдім (С.Мұқанов).

ә) Айтылған ойдың кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер:

…айтуынша, …айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, менің байқауымша, менің аңғаруымша, біздінше, сеніңше, оныңша, оларша, …ойынша, әлі есімде, шынымды айтайын, ұмытпасам т.б. Мысалдар: Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп ат салысқан сияқтысыз (М.Әуезов). Горькийше, бүкіл азаматтық ақыл-ой мен көркемдікке жол салушы да, мәдениетті құрушы да, әлемді жаңғыртушы да – еңбек.

 

б) Ойдың желісін, ретін (бастамасын, түйінін) білдіретін сөздер: біріншіден, екіншіден,… әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, ақырында, әйтеуір, керісінше, мысалы, негізінен, негізінде, сонсын, сосын, бір жағынан, екінші жағынан,…, бір сөзбен айтқанда, былайша айтқанда, сайып келгенде т.б.

Мысалдар: Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз… Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз… Үшінші, орысты айттыңыз (М.Әуезов). Өз балаларына сонша қатал ол мені кісі баласы көре ме, әлде әке-шешесі жоқ жетім деп аяй ма, әйтеуір, бұған дейін жекіп көрген жоқ еді. Мысалы, Омбының сол кездегі зор үйі – Омбы темір жолының басқармасы – Қызылжарда жоқ (С.Мұқанов). Сөйтіп, ол Кішкене Кентай атанып кетті (М.Ғабдуллин).

в) Тыңдаушының назарын аудару үшін айтылатын сөздер: айталық, өздеріңізге мәлім, көріп отырсыз, шынында, міне, әне, қане, байқаймын, байқайсыз ба т.б. Мысалдар: Шынында, бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні айырылуға тура келетіні анық сезілуші еді (М.Горький). Байқаймын, ол мені танитын адамға ұқсайды (М.Иманжанов). Бұған, айталық, тағы да екі литр су құямыз. Қасыңдамын, міне, келдім.

  • 42. Не, немесе, қалай, ендеше, осы сияқты сөздер де сөйлем мүшесі болмай, айтушының (автордың) белгілі бір сезіміне байланысты қолданылғанда, қыстырма сөз ретінде үтірмен бөлінеді. Мысалы: Не, бәрің осы баланы мүйіздей бересіңдері (Ғ.Сыланов). Бүгін қойды кеш сауып болған ба, немене, ымырт жабылып қалыпты. Арысыңды, ендеше, арыстан жеді. Қалай, құлағың ашылды ма? (М.Әуезов)
  • 43. Сөйлемдегі сөздермен синтаксистік байланысы жоқ қыстырма сөйлемдер көбінесе үтірмен бөлінеді: Ұмытып барады екем, жуырда елінен Әміржан келіп қалды. Сол ниетпен кірсем, неге екенін кім білсін, мені елеген адам болған жоқ (С.Мұқанов). Осы кезде, Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айғайлады (М.Әуезов).
  • 44. Екі қыстырма сөз қатар келгенде, араларына үтір қойылады: Рас, менің байқауымша, сіздің халық – ақын халық. Қысқасы, мүмкін, осы дұрыс та болар.
  • 45. Сөйлемнің ортасында иә, жоқ сөздері екі жағынан үтірге алынады: Осы, ілім дегенің кітаптың бетінде ғана ма, жоқ, мына жер бетінде де бірдеңе қалды ма? – деді Шығанақ (Ғ.Мұстафин).
  • 46. Қарамастан, қоспағанда, есептемегенде деген сөздерге аяқталатын тіркестер де үтірмен бөлінеді: Аяғының ауырғанына қарамастан, ол шапшаң жүріп отырды. Кешігіп қалған екеуді қоспағанда, жорыққа аттанатын шаңғышылар саны он алты. Жорыққа аттанатын шаңғышылар саны, кешігіп қалған екеуді қоспағанда, он алты.
  • 47. Оңашаланған мүшемен келетін мысалы, айталық, шынында сияқты қыстырма сөзден кейін үтір қойылмайды: Көктемде жыл құстарының алды, мысалы қаз бен үйрек, келе бастайды. Географиялық атаулар, айталық тау аттары, бас әріппен жазылады.

 

  • 48. Қыстырма сөзбен келген оңашаланған мүше жақша ішінде тұрса, қыстырмадан кейін үтір қойылады.
  • 49. Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен айтылатын мынадай сөздер сөйлемнің басында не жай сөйлем ішінде үтір арқылы бөлінбейді: ал, тіпті, дегенмен, алайда, бірақ, сонымен қатар, сондай-ақ, әсіресе, тек.

Мысалдар: Ырғызбай ішінде әсіресе осы Қарашоқыға қызығушылар көп болатын. Тек не бұйырсаң да, тезінен бұйырғайсың. Абай бірақ қайындап кетті (М.Әуезов). Дегенмен мен жаңылмаппын. Мен оған күлімсірей қараймын. Ал ол өзінің келешегіне күлімсірей қарайды (М.Иманжанов). Ал Әмір болса, сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі болып келеді (М.Әуезов). Ол тіпті көшелі кісі боп қапты (С.Мұқанов).

Ал, бірақ, алайда,  дегенмен,  сонымен қатар, сондай-ақ деген сөздер жалғаулық шылау ретінде екі бірыңғай мүшенің немесе екі жай сөйлемнің арасында келсе, алдарынан үтір қойылады (§105-ты қараңыз).

Е с к е р т у. Бұл сөздер сөйлем басында келіп, олардан кейін қаратпа, қыстырма сөздер тұрса, екеуінің араларына үтір қойылады, бірақ ол үтір бұл сөздерге байланысты қойылған тыныс белгісі емес, қаратпа не қыстырма сөздің екі жағынан койылған үтірдің біреуі болып саналады: Ал, Абай аға, осы билік байлау ғой (М.Әуезов). Дегенмен, шынымды айтайын, сізді танымай тұрмын. Бірақ, апа, осы екі балаңды адам етем (М.Әуезов).

 

  • 50. Ол – ол ма, бұл – бұл ма, ол – ол болмасын деген сияқты тіркестер, қыстырма ретінде үтірмен бөлінеді: Ол – ол ма, әңгіме одан да ұлғая түсті.
  • 51. Сөйлем мүшелерімен синтаксистік байланысы жоқ, өз алдына жеке сөйлем сияқты қыстырма конструкциялардың да екі жағынан үтір қойылады. Ол конструкциялар көбінесе қасында, ішінде, басы … болып деген тәрізді сөздердің қатысуымен жасалады, оларды алып тастағаннан сөйлем мағынасы ойсырамайды.

Мысалы: Бір топ адам, басы Жомарт болып, егінге қарай беттеді. Газиктің рулін өзі ұстап, қасында Жақып бар, Жомарт келеді (Ғ.Мұстафин). Осы мақсатпен 1913 жылы патша әкімдері ел ішіндегі бір топ ақынды, ішінде Жамбыл да бар, Алматыға айдап әкелді («Қазақ әдебиеті»).

  • 52. Одағайлар көбінесе сөйлем басында келеді де, үтірмен бөлінеді.

Е, Ойке апаны білмеуші ме ең? Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кім? (М.Әуезов). Тәй, қылжақты қоя тұр (С.Мұқанов). Апырау, сіздің ауыл Майқұдыққа қонбаушы еді ғой (Ғ.Мүсірепов). Уа, ата, мына таудың басын қырау шалғалы неше жыл болды. Әй, сен не айтып келесің!

Егер одағайлар сөйлем ортасында келсе, екі жағынан үтір қойылады, соңында тұрса, үтір одан бұрын қойылады:

Жүрегім, ойбай соқпа енді… Бүгінгі дос – ертең жау,

 

Мен не қылдым, япырмау?! (Абай)

  • 53. О деген одағайдан кейін үтір қойылады: О, жауыз Қодар! О, шіркін, шіркін! (Ғ.Мүсірепов). О деген одағайды ықшамдалған о (ол) есімдігімен шатастырмау керек: әңгіменің о жақ, бұл жағы; о не дегенің; о заман да, бұ заман.
  • 54. Одағайлар көбінесе қаратпа сөзбен қатар қолданылады. Мұндайда одағай мен қаратпаның өз араларына да үтір қойылады: Ей, аққу, сәлем деші жолыққанда (С.Сейфуллин). Пай-пай, бала-ай, сабырың-ақ соңымнан қалмады- ау (Ғ.Мұстафин). Сыналар, ей, жігіттер, келді кезің (Абай).
  • 55. Бірнеше одағай қатар келгенде әрқайсысы үтірмен бөлінеді: Уа, шіркін, ән деп осыны айт! А, астапыралда, солай ма еді? – деп Балбалаға қарай қалды. Япырау, әттегенай, атын сұрамаппын ғой! (М.Әуезов).
  • 56. Одағай тәріздес бәсе, жә, қош, қой, құп (болады), жай, бәлем, жарайды (осы мағынадағы жақсы), мақұл, болды, дұрыс, бәрекелді сияқты сөздер сөйлем ішінде жұмсалған орны мен мағынасына қарай оқшауланып келсе, өзге сөздерден үтірмен бөлінеді. Мысалдар: Қой, не де болса қалмайық енді. Жә, тоқтат, ақсақал! Бәсе, Телқара ғой… Бәлем, Бөжей де осыны сезген болар. Бәрекелді, мына қызықты қара. – Мырза, мына аттылар не? – Жай, мына жылқыға отарға шығар алдында таңба бастырайын деп ем. Соған жиылған ел,
  • деді Құнанбай (М.Әуезов). Жарайды, айтам деп әкелгенің екен. Жақсы, сынап берейін («Аяз би» ертегісінен). – Болады, оқиын, – деп мен уәде бердім.
  • 57. Иә (я), жоқ, мә сөздері де сөйлем ішінде үтірмен ажыратылады:

Ақтағаны ма? Жоқ, жай шошығаны ма? Иә, етің ыстық, ауырған жерің бар ма? (М.Әуезов). Павлуша, сен ауырып жүрген шығарсың ? – Жоқ, денім сау.

  • Сен жатып ұйықтасаң етті. – Иә, қазір жатам (М.Горький). Мә, мынаны қарай тұр (С.Шәймерденов).
  • 58. Оңашаланған айқындауыш мүшелер сөйлемнің басқа мүшелерінен көбінесе үтірмен бөлінеді. Мысалы: Абай былтыр боқырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға кеткенде, дәл осы қоныстан, Есенбайдан, кеткен болатын. Ұлжан енесіне бағана, Абай ұйықтап жатқанда, бар жайды айтқан (М.Әуезов).
  • 59. Жалғаулықсыз келген дара бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады. Бірыңғай мүшелердің санынан үтір санының біреуі кем болады.

Әр ел тұс-тұсындағы Ақбайтал, Көлденең, Жігітек, Шатқалаң, Бөкенші сияқты асу-асуларға қарай беттеді. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын (М.Әуезов). Оля Иванцова салмақты, ауыр мінезді, үндемейтін қыз еді (А.Фадеев).

  • 60. Жалғаулықсыз келген күрделі (жайылмалы) бірыңғай мүшелердің араларына да үтір қойылады:

Боржабай орта ғана бойлы, жуантық денелі, дөңгелек бетті, қалың ерінді, жасаураған кішірек қоңыр көзді, ұйысқан қысқа қара жирен сақалды, таңқита басқан сирек мұртты, домалақтау мұрынды, қоңыр өңді кісі еді (С.Мұқанов). Бірнеше орындық, көйлек-көншек салатын комод, оның үстінде кішкентай айна,

 

киім-кешек салынған сандық, қабырғада ілулі сағат, бұрышта екі бұрқан – міне, бар мүлік осы (С.Мұқанов).

  • 60. Бірыңғай мүшелердің алдыңғыларының жалғаулары түсіп қалып айтылуы мүмкін. Ол күнде де араларына үтір қойылады: Бөкенші, Борсақ Қызықшоқы, Қыдыр, Көлқайнарға жаппа тігіп қонды да, көшпей отырып алды (М.Әуезов). Жамбыл айтыс, жырларында өз заманындағы ақындардың көбінен озық екенін танытады. Ақын, драматург, жазушылар өз шығармаларында шындық өмірді суреттейді.
  • 61. Егер алдыңғы сын есім тікелей зат есімнің сынын білдірмей, өзінен кейінгі тұтас тіркестің сынын білдіретін болса, араларына үтір қойылмайды. Мысалы: Мен жап-жаңа алтын сағат сатып алдым. Мұнда жап-жаңа деген сын есім алтын сағат деген тіркесті анықтап тұр. Ауылымызда қуатты су электр станциясы салынды. Мұнда да әңгіме жалпы станция емес, электр станциясы туралы. Электр станциясы дегеннің анықтауышы – су.
  • 62. Бірыңғай емес анықтауыштардың алдыңғылары өзі анықтайтын сөздің сыны емес, келесі анықтауыштың құрамындағы басқа сөздің сыны болып кететін қауіп болса, араларына үтір қойылады. Мысалы: Төңіректің бәрі де бірінен-бірі биік, қарағай жамылған ақ бас шыңдар (Ғ.Сыланов). – Неғып тұрсың! – Шабайын деп ем Кімді? Әлгі, Кенжетайды ұратын төрені (С.Мұқанов). Мұнда да әлгі деген сөзден кейін қойылған үтір ол сөздің Кенжетай деген емес, төре деген сөзге қатысты екенін көрсетеді.
  • 63. Да шылауы етістіктен болған екі бірыңғай баяндауыштың арасында қайталамай келсе, да-дан кейін үтір қойылады. Мысалы: Таныды да, таң болды. Жабыларсың, таларсың да, жерсің! Бұның балдызына үйленген жандарал төрені сүйетін де, сүйейтін (М.Әуезов). Сайра да, зарла, қызыл тіл (Абай).
  • 64 Да жалғаулығы әр бірыңғай мүшеден кейін қайталап келсе, үтір қойылады: Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да (Абай). Жер де, көк те тұп- тұнық, қап-қара (С.Мұқанов). Бала қыран алғыр да келеді, албырт та келеді (Ғ.Мүсірепов).
  • 65. Не, немесе, я, яки, әрі, әлде жалғаулықтары әр бірыңғай мүшенің алдынан қайталап келгенде, бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады. Мысалы: Теріскейден соққан желдің екпіні әрі күшті, әрі суық (С.Мұқанов). Я алшымнан, я тәйкемнен түсетін күннің есігі бүгін ашылғандай (Ғ.Мүсірепов). Айтып тұрғаның әлде шын, әлде өтірік. Ендеше әрі сұлу, әрі ірі, әрі жорға бурыл атты мініп жүру қандай тамаша! (С. Мұқанов).
  • 66. Бір сөз бірдей не әр түрлі тұлғада қайталап айтылса, араларына үтір қойылады. Олар қатар да, араларына сөз салып та келе береді: Лаула, жан, костёрден от, лаула, лаула! Келіңдер, кел, балалар, от жағуға! Жүйткиді поезд, жүйткиді! (Н.Байғанин). Жантық-ай, бері келші, бері (Ғ.Мүсірепов). Малға апарып салсам, сиыр екеш, сиыр да мұрнын шүйіріп жемейтін («Аяз би» ертегісінен). Ол үйінде отырса, отырсын. Солай болса, болсыншы. Молдадан

 

оқымасаң, оқымай-ақ қой, шырағым (С.Мұқанов). Бұларды дефиспен жазылатын қос сөздермен шатастырмау керек.

  • 67. Екі бірыңғай мүшенің арасында келетін бірақ, дегенмен, алайда, сонда да деген жалғаулықтар мен сондай-ақ, сонымен бірге деген тіркестердің алдынан үтір қойылады. Мысалы: Абай өлеңдерінде, сондай-ақ публицистикалық әңгімелерінде баланы тәрбиелеу деген мәселеге үлкен мән берді.
  • 68. Бірыңғай мүшелердің әрқайсысынан кейін сұраулық шылаулары, болсын деген сияқты сөздер қайталап келе береді, мұндайда бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады: Тал-терегі болсын, тау қайыңы – қисықша қызылқайың болсын – барлығы да көктеп жайнап тұр (М.Әуезов). Желдің бе, қасқырлардың ба – әлдененің ұлыған үні жер-көкке сыймай тұрған сияқтанады (С.Мұқанов).
  • 69. Үн жоқ, түн жоқ; ұзын арқан, кең тұсау; бір сырлы, сегіз қырлы; апы кіріп, күпі шығып; алты аласы, бес бересі; күн демей, түн демей; о жак, бұ жағы сияқты күрделі қос сөздердің арасына, бірыңғай мүшелерге қойылғандай, үтір қойылады. Мысалы: Ол бір сырлы, сегіз қырлы жігіт еді. Қос салт атты үн жоқ, түн жоқ жүріп келеді. Ол әңгіменің о жақ, бұ жағынан бір шығып отыр.
  • 70. Бір мезгілде немесе бір-біріне ұласа болған істі білдіретін, салаласа құрмаласқан жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады: Итбай мен Горбунов дойбы ойнап отыр еді, терезеден айғай шықты (С.Мұқанов). Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман (Абай). Тас еді, шаң еді, азап еді, кір еді, енді, міне, мыс болып жүріп кетті, күміс болып кейін оралады (Ғ. Мүсірепов).
  • 71. Мағына жағынан іліктес болғанмен, азды-көпті бөлектеніп тұратын, көбінесе өз ішінде үтірлері бар жай сөйлемдердің арасына нүктелі үтір қойылады. Мысалы: Сүйінбай: «Кедей жұртының тілін жақсы ұғын; өзіңнің әдемі жырыңмен тек халқыңа ғана қызмет ет; шыңырау құдықтың терең түбінен су алғандай, жырыңды жүрегіңнің терең қойнауынан шығар!» – деді (Жамбыл).

Қазақстан өлкесі

Нелер зауыт салынған; Неше жылғы көмбенің Тыныштығы алынған; Байлығы теуіп сыртына Жондарынан жарылған; Отан үшін кажеттің

Бар керегі табылған (Н.Байғанин).

  • 72. Ал, бірақ, дегенмен, алайда, өйткені, сондықтан деген жалғаулықтар сөйлем басында келіп, олардан кейін оқшау сөздердің бірі тұрса, жалғаулықтардан сон үтір қойылады. Бірақ ол жалғаулыққа байланысты қойылған үтір болмайды, оқшау сөздің алдынан қойылған үтір болады. Мысалы: Бірақ, шынында, олай емес-ті, Сережка адастырмайтын (А.Фадеев). Ал, шырақ, әңгімеңді айта бер. Дегенмен, сайып келгенде, еңбек

 

адамымен   ұғысу   да,   достасу   да,сырласу   да   оңай   орайласатыны  анық

(М.Иманжанов).

  • 73. Ал, бірақ, дегенмен, алайда жалғаулықтары қатар келгенде, өз араларына үтір қойылады: Ал, бірақ «білімсізбін» деп өзіңізді өзіңіз әдейілеп кемітуіңізге жол болсын (М.Иманжанов). Бірақ, дегенмен өзі қорықпайтын бала екен. Ал, дегенмен әңгімеңді айтып көр.
  • 74. Да (де, та, те), әрі, не, немесе, яки, біресе, бірде жалғаулықтары салаласқа енген жай сөйлемдердің әрқайсысында қайталап келсе де, қайталамай келсе де, жай сөйлемдердің арасына үтір қойылады. Мысалы: Біз Балқашқа баратын поезды күттік те, ол Петропавл поезымен со күні кешке Алматыға аттанды (М.Иманжанов). Күн де шықты, біз де тұрдық. Біресе себелеп жаңбыр жауады, біресе қиыршақтап қар жауады.
  • 75. Салаласқа енген жай сөйлемдер бірақ, өйткені, сондықтан, дегендей, алайда, әйтсе де, ал деген жалғаулықтармен байланысса, үтір олардан бұрын қойылады: Жарты сағаттан кейін атқа қондым, ал Савельич қала адамдарының бірі тегін берген көтерем ақсағына мінді (А.С.Пушкин). Жұрт Павелді қоршап тоқтай қалды, бірақ ол алға жарып шықты (М. Горький). Күн бұлттанып-ақ тұр еді, алайда жауа қоймады.

Ескертулер: Салаласқа енген жай сөйлемдердің арасында және жалғаулығы тұрса, үтір қойылмайды. Мысалы: Үйге берілетін тапсырмаларды оқушылар өз беттерімен орындай алатын болсын және ол жаттығулар үлкен болмасын. Бұл биенің құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және бұл бие ерте құлындайды (С.Мұқанов).

Бірақ, өйткені, сондықтан, дегенмен, алайда, әйтсе де, ал деген жалғаулықтар жеке сөйлемнің басында келсе, олардан соң үтір қойылмайды. Кейде бірақ, дегенмен, алайда жалғаулықтары жеке жай сөйлемнің ортасында келулері мүмкін. Онда да алды-артынан үтір қойылмайды. Мысалы: Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады. Бірақ жатқан қалпынан тырп етіп қозғалған жоқ (С.Мұқанов). Сондықтан да соңғы бір-екі күн бойында Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөйлете бастап еді (М.Әуезов). Анық-ақ көрген кісім. Ал сонда қайда көрдім. Сүйген қызымды қолтықтап, мен өз елімнің кең көшесінде аяғымды алшақ басамын. Алайда айналамда не болып жатқанына көзімді жұма қарайтын парықсыз, тоғышар жан мен емес (М.Иманжанов).

 

  • 76. Құрмаласқа енген алғашқы екі-үш немесе одан да көп сұраулы сөйлемдердің арасына сұрау белгісі емес, үтір қойылады: Қарт үнсіз тұрып қалған екі жас сөйлессін деді ме әлде жылқыны аралап қайтқысы келді ме, Борашқа иығын көтерді де, ылдиға қарай жорта жөнелді (М.Иманжанов). Сам жамырай бастағаны ма, жоқ, батар күннің жауын бұлты арқылы себездегені ме, әйтеуір, батыс жақта, көкжиек үстінде сарғыш мұнар сәуле бар (М.Әуезов).
  • 77. Сабақтаса құрмаласқан жай сөйлемдердің араларына, негізінен, үтір

 

қойылады. Мысалы: Сол жылы Есіл мол тасып, жаз жаңбыр да жауып, егін мен шөп тамаша көп шықты. Ойы ұнамды шыққасын, Ботагөз куанып кетті. (С.Мұқанов). Білсең, отыр (Ғ.Мүсірепов). Баймағамбет тұрып есікті ашқанда, ар жағында тыстан қайтып келе жатқан Әйгерім көрінді (М.Әуезов). Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соның жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын («Ер Төстік» ертегісінен).

  • 78. Бағыныңқы сөйлем басыңқының ортасында келсе, үтір екі жағынан қойылады. Мысалы: Абай, Әбдірахман атқа мінетін болған кезде, үйден бірге ере шықты. Оспан, Жиренше қой деген сайын, сақ-сақ күліп, иттерін өшіктірді. Ол бұл жерге, Абайды керек еткен адвокат келсе, не тергеуші начальник келсе ғана, кіретін (М.Әуезов). Көңілің, суын ішсең, ашылады (Ы.Алтынсарин).

Ескерту: Бір деген белгісіздік есімдігі мен соған жалғас келген анықтауыштың арасына үтір қойылмайды. Мысалы: Жиренше таңертең Құнанбай аулына бір әдемі тарғыл тазы ертіп келді (М.Әуезов). Осы, саған бір айтатын сөзім бар.

 

  • 79. Егер бір деген есімдік екі бірыңғай анықтауыштың арасында тұрса, ол өзінен кейінгі анықтауыштың құрамына енеді де, үтір алдынан қойылады: Баяғыда айлакер, бір қу түлкі болыпты (Ертегіден).
  • 80. Бірыңғай мүшелердің арасында қайталамайтын мен, және деген жалғаулықтар тұрса, үтір қойылмайды. Бұлар екі бірыңғай мүшенің арасында немесе бірнеше бірыңғай мүшенің ең соңғысының алдынан, я болмаса жұп-жұп болып тұрған екі бірыңғай мүшенің арасында қолданылады: Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді (М.Әуезов). Махаббат, қызық, мал мен бақ, Көрінуші еді досқа ортақ (Абай). Ол да Байжанға ауданның қазіргі және болашақтағы шаруасын білетін адам боп көрінеді (С.Мұқанов). Ырғақ – ой мен сезімнің, жан мен тәннің қосылып салар әні (Ғ. Мүсірепов).
  • 81. Да шылауы қайталамай, екі бірыңғай сын есім, үстеулерден болған мүшенің арасында келсе, үтір қойылмайды. Мысалы: Тәжік қатал да тағы табиғаттың бермесін еңбегімен еріксіз алып өскен ел. Дененің бар қозғалысы белгілі бір еңбек ырғағын тауып, тез де өнімді қимылдайды (Ғ.Мүсірепов). Қызғанышқа жеңгізген жас жүрек кінәшыл да әділетсіз (М.Әуезов). Даусы ащы да қатал, зілді де кекті шығады (Ғ.Мүсірепов).
  • 82. Әдетте шартты бағыныңқылы сабақтастың жай сөйлемдерінің арасына үтір қойылады. Ал баяндауышы шартты райдан жасалған бағыныңқы сөйлемге ерекше мән беріле айтылса, немесе басыңқыдағы іс шұғыл, күтпеген уақиғаны білдірсе, сызықша қоюға болады: Ұрса – құлашы, сыбанса – білегі, ашылса – жүрегі, түйсе – жұдырығы көз тойдырады (Ғ.Мүсірепов). Бұл сөйлем

– төрт сабақтастан құралған құрмалас. Әр сабақтастың өзі толымсыз бір бағыныңқылы, бір басыңқыдан құралған. Ол ұрса – құлашы көз тойдырады, ол сыбанса – білегі көз тойдырады…Тағы бір мысал: Көзімнің оты жарқ ете қап,

 

дуылдай жөнелген мұрнымды алақаныммен тоса қойып ем, жып-жылы бірдеме сорғалай жөнелді, байқасам – шұбырған қан! (С.Мұқанов).

  • 83. Бір мағынаны беретін, бірақ екеуі де ашық райда айтылатын күрделі етістіктің арасында келген да шылауынан кейін үтір қойылмайды. Ол етістіктер бірыңғай мүшелер болып табылмайды: олардың соңғысы өз алдына лексикалық мағынасы жоқ көмекші етістік болады да, алғашқысын көсемше тұлғасына салып айтуға келеді. Мысалы: Сол кезде сен егеуді ал да жөнел. – Сен сол кезде егеуді ала жөнел. Жат та қой, бар болғаны сол. – Жатып ал, бар болғаны сол. Шал шанасынан секіріп түсіп, жүгіре басып, жаяу жүрді де отырды. – Шал шанасынан секіріп түсіп, жүгіре басып жаяу жүріп отырды. Мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды. – Мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойыла қалды (барлық сөйлемдер «Ертегіден»). Дауыл көтерілді де, төңірек ұйытқыған қалың қар болды да кетті (С.Мұқанов). – Дауыл көтерілді де, төңірек ұйытқыған қалың қар болып кетті.
  • 84. Не, немесе, я, яки, әрі, әлде жалғаулықтары қайталанбай, екі бірыңғай мүшенің арасында тұрса, үтір қойылмайды. Мысалы: Есін жиғанын не оянғанын Асқардың өзі де білмейді (С.Мұқанов). Бұл жердің топырағы құнарлы әрі қара топырақ. Бүгін біз киноға немесе театрға барамыз. Ол жолдасының сөзін қорқынышпен әрі құмарланып тыңдады.
  • 85. Көбінесе бірыңғай мүшелерден кейін келетін тағы басқалары, тағысын тағылар, тағы сондайлар деген сөздердің толық не қысқарған түрлері келсе, бұлардан бұрын, яғни бұлардың алдынан үтір қойылады, өйткені бұл жердегі «тағы» сөзі және деген жалғаулықтың қызметін атқарады. Мысалы: В.В.Радлов, Н.Ф.Катанов, С.Е.Малов, Н.А.Баскаков, т.б. ғалымдар түркі тілдерін топтауда құнды еңбектер берді (К.Аханов). Мыналар элемент болады: оттегі, темір, күкірт, сынап, цинк, мыс, т.т.
  • 86. Мысалы деген сөз оңашаланған мүшенің кұрамында болмай, жеке кыстырма сөз ретінде келгенде, үтірмен жалғыз өзі ғана белінеді: Мысалы, таза мыс электр тогын жақсы өткізеді. Әрқайсымыз өз шаруамызбен болдық. Мен, мысалы, кітап оқып отырмын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *