- 20. Нүктелі үтір санамаланып берілген құрылымдардың араларына қойылады: Шешім (орысша развязка) – шығарма сюжетінің де шешуші кезеңдерінің бірі; суреткердің өзі суреттеп отырған өмір шындығына шығарған
«үкімі»; адамдар арасындағы қарама-қарсы тайталастардың, күрделі күрестердің бітуі; түрліше тағдырлар тартысынан туған нақты нәтиже;
оқиғаға қатысушылардың ең ақырғы хал-күйі; күллі құбылыс-көріністердің соңғы сахнасы (З.Қабдолов).
- 21. Нүктелі үтір бірыңғай мүше түрінде келген, мазмұндас сөйлемдерден кейін қойылады:
- Біз Алатаудай ел едік, – Теңемек болды ойға жау;
- Біз тасыған теңіз сел едік,– Теңемек болды шөлге жау;
- Біз атып болған таң едік, – Түн етпекші болды жау;
- Біз әлемге жарық күн едік, – Өшірмекші болды жау.
Жау ма бізді бөгейтін?!
Жау ма бізді жеңетін?! (Жамбыл)
- 22. Нүктелі үтір өз ішінен үтірмен айырылған ыңғайлас мәнді құрылымдардың (сөйлемдердің) арасына қойылады.
- 23. Жайылма (күрделі) бірыңғай мүшелердің әрқайсысының (немесе бірқатарының) өз іштерінде үтір кездесетін болса, бірыңғай мүшелердің жігіне нүктелі үтір қойылады. Мысалы: Қала деген аты ғана болмаса, Н… қаласы екі қабат үлкен үйлер көшелерінде ғана бірен-саран кездесетін; өзге үйлерінің көбі бір қабат қана қарағай үйлер болатын; шет жақтарында ағаш үйден шым үй көп кездесетін; азғана жаңбыр себелеп өтсе, көшелерінен адам батпақтап жүре алмайтын; бірақ етек-жеңі мол; таусымақтау жерге жалпая салынған; Сібірде көп кездесетін үлкен бір деревня еді (С.Мұқанов).