Негізгі препараттар (І-топ): изониазид, рифампицин, пиразинамид, этамбутол, стрептомицин — әсері жоғары, жеңіл қабылданады, бірақ туберкулез микобактериясына тұрақтылық тез пайда болады.
Қосымша препараттары (ll-топ): этионамид, протионамид, канамицин, циклосерин, натрий пара-аминосалицилаты (ПАСҚ, аминацин), тиоацетазон — белсенділігі төмен, улылығы жоғары, микобактериялардың негізгі препараттарға тұрақты болғанда немесе оларды қабылдай алмаған жағдайда қолданылады. Тұрақтылықтың даму жылдамдығын төмендету үшін 2-3 препаратты қиыстырады.
Изониазид (изоникотин қышқылының гидразиді (ГИНҚ), тубазид)- тек туберкулез микобактериясына әсер ететін синтетикалық препарат, туберкулезге қарсы дәрілердің ішінде әсері жоғары болып табылады.
Әсер ету механизмі: ауыр металл иондарымен хелатты кешен түзіп, микобактерияның тынысын тежейді. Жасуша жанында және жасуша ішінде орналасқан микобактерияларға бактериостатикалық немесе бактерицидті әсер көрсетеді. АІЖ-да жақсы сіңіріліп, ағзаның барлық ұлпаларына өтеді, сонымен қатар гематоэнцефальды кедергіден өтіп, қандағы терапевті концентрациясы 6 сағаттан 24 сағатқа дейін сақталады. Изониазид туберкулездің барлық түрінде сонымен бірге алдын алу үшін қолданылады.
Жанама әсері: нейроуытты (шеткерілік неврит болуы мүмкін- алдын алу үшін В6 дәрумені тағайындалады), бас ауыру, бас айналу, жүрек тұсының ауыруы, лоқсу, құсу, терінің аллергиялық реакциялары, эйфория, ұйқысыздық, кейде психоз, дәрілік гепатит, ерлерде гинекомастия, ал әйелдерде меноррагия байқалады.
Қолдануға қарсы көрсеткіші: эпилепсия және тырысу ұстамасына бейімділік, бұрын полиомиелитпен ауырған жағдай, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуы, айқын атеросклероз, ал флебитте көк тамырға енгізуге болмайды.