Ұлттық бірыңғай тестілеуге тыйым салынған заттарды алып өтпек болғандар биыл оқуға түсу мүмкіндігінен айырылады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов айтты
«Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тест ережелерінің сақталуын бақылауды қатаңдаттық. Біріншіден, тест тапсырушыдан өткізу пунктіне кіру барысында тыйым салынған заттар, яғни смартфон, шпаргалка табылса, оны ҰБТ тапсыруға жібермейміз. Талапкер биыл ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Бұл, жаңа ереженің ерекшелігі», — деді ол министрліктің Facebook-парақшасында өткен онлайн-брифинг барысында. Сонымен қатар орталық басшысы осы жылдың 25 тамызына дейін ҰБТ өткізілген аудиториялардан түсірілген бейнежазбалардың барлығы қаралатындығын және талдау жасалатындығын айтты. «Егер, ережені бұзу фактісі анықталса, онда ҰБТ нәтижесін және грант беру конкурсының нәтижесін жоюға мүмкіндік алып отырмыз. Сондықтан барлық ҰБТ тапсырушыларды өз біліміне сенуге, тыйым салынған заттарды әкелмеуді өтінеміз», — деді Дидар Смағұлов.