МАҒЖАН ЖӘНЕ «ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ»

 

МЕРГЕН ГҮЛЖАН

Филология бөлімінің студенті,

Ж.Мусин атындағы Көкшетау  жоғары

қазақ педагогикалық колледжі.

Ақмола облысы, Көкшетау қаласы

 

 Мағжан Жұмабаев – біздің рухани өлкеміздегі қиырдан көзге түсетін, көрген көз сүйінетін биік шындарыздың бірі де бірегейі. Жазушының«Шолпанның күнәсі» әңгімесі жанры жағынан бұл – психологиялық әңгіме. Жан әлемінің құпия сырларын тереңнен саралайды. Әңгіменің бас кейіпкері Шолпан – әртүрлі сыртқы жағдайлардың және ішкі толқыныстардың нәтижесінде үнемі өзгеріп отыратын образ. Жазушы сол өзгерістерді жан диалектикасын жіті қадағалау жолымен көрсетеді. Осының арқасында бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгершілік өреге көтеріліп, адамның құлықтылығы, бас бостандығы проблемаларына ойысады [1, 37].

«Шолпанның күнәсі» әңгімесінде әйел психологиясының көрінісі ғана емес, ұлттық психологияның белгілерін де көре аламыз. Әңгімеде түрлі мәселелердің синтезі сабақтасып жатқанына дәлел – әйел тағдыры, отбасы, отбасы құндылықтары, ұрпақ жалғастыру, ұлтымызға тән таным-түсінік сияқты өзара байланысты ұғымдар бір-бірімен тамырласып, бір ғана Шолпанның бейнесі, ішкі сезімі арқылы берілуінде. Осылайша ұлтымызға тән мінез бен болмыс, таным мен пайым шағын әңгіменің негізгі арқауына, мазмұнына айналған. Шығарманың мазмұнына терең үңілсек автордың ұлттық психологизмді танытпақ болған бірнеше маңызды тұстарын көре аламыз.

Біріншіден, дәстүрлі қазақ отбасыларында ер мен әйелдің қарым-қатынасы өте сыпайы болып, сыйластық пен түсіністікке құрылған. Бұл арқылы ерлі-зайыптылар отбасы берекесі мен бірлігін сақтап отырған. Алдымен, тұрақтылыққа себеп болатын нәрсе – ер мен әйелдің өздерінің міндеттері мен отбасыдағы алатын орнын дәл анық білуі. Қазақи тәрбие арқылы берілетін бұл қасиеттер дәстүрлі қазақ отбасысының баянды, үлгілі әрі биік рухты ұрпақ өсіруіне оң әсерін тигізген. Әңгімедегі ер-зайыптылардың жібектей жұмсақ қарым-қатынасы шығарманың алғашқы бөлімінде шебер суреттелген.

Шолпан кім? Ол өз теңіне қосылған бақытты әйел емес пе еді?! Мал орнына сатылып, сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен дараланып, өзінің  сүйгеніне тиген Шолпан бастапқы кезде махаббат буымен бала керек қылмады. «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады» – деп ойлайтын еді [2, 117].

Күн шығыстан ақ жібектей таң атып келе жатқан мезгілде, өзге адам сәждеге құлап, маңдайын топыраққа бұлғап, тасқа ұрып тәңірден бақытты тұрмыс, өшпес байлық, кетпес бақыт тілесе, ал, Шолпан күрсіне-күрсіне жаратқанға «бала бере көрме» деп жалынып еді. Затында баланы жек көргендіктен емес, ерімен арасындағы жібектей нәзік махаббат жібі үзілмеу үшін, сол ізгі махаббатқа басқа бір жан келіп, тап бас салмау үшін бала болмауын тілеп еді.

Жас жүректің ұйытқыған жалау тілегі қабыл болды ма? Иә, қабыл болды, өйткені Шолпан бала сүйген жоқ. Арада 3-4 жыл өтсе де, сүйген жары Сәрсенбайға  өзге еркектер сияқты түрлі арам ойлар да келген емес. Өз сыры өзінде жатыр ма кім білсін?! Бірақ, көрші балаларының қылықтарын, іс-әрекеттерін айтып, мәз болып келетін Сәрсенбайдың жүзін көргенде Шолпан өткен ойына қатты өкініп, жүрегі қан жылайтын. Осы түннен былай қарай Шолпанның бар тілегі бала болды. Талай түндерде өкініштен көзден ғана емес, жүректен де ыстық жас төкті. Күн сайын сәждеге кұлап, тек бір-ақ тілек тіледі.Ол өмірінің мәніне айналған бала ғана болатын.Тәспиғын санап «сұхбаналлах» айтты. Бірақ, бола болмады[2, 119].

 Шолпан өзінің бұл жолға түсу себебі, тек бала үшін екендігін ешкімге айтқан жоқ. Тіпті жанынан  жақын жары Сәрсенбай да білмеді. Ауыл-аймақ Шолпанға: «пірәдар келін, пірәдар жеңге, пірәдар абысынымыз» деп те ат қойды. Үлкен де, құрбы да, бала-шаға да күлді. Бірақ, Шолпан жүрегіндегі жараны ешкімге айтқан жоқ. Теңіз терең емес, адамның жаны терең деген осы емес пе?! Не керек, жақын-жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болып, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, Тәңірден медеу сұрады. Бірақ та бала болмады. Бала, бала… сол бала үшін қандай ессіздік істемеді есті Шолпан?!

Автор ішкі монолог арқылы Шолпанның жан дүниесін шебер бейнелеген. Шынында да, бұл – ішкі ой. Сыртқа ол танығысыз өзгеріп шығады. Әңгіменің «Шолпанның күнәсі» деп аталуының өзінде терең мағына жатыр. Бұл жерде кінә мен күнә деген ұғымдарды ажыратуымыз керек. Кінә мен күнә синонимдер емес, екеуі екі жағдайда белгілі болатын дүниетанымдық ұғымдар, олардың басты айырмашылығы сонда, кінә – адам мен адамға қатысты болса, күнә –адам мен жаратушыға қатысты.

Ал, осыдан Шолпан күнә жасады ма, кінә жасады ма деген сұрақ пайда болады. Шолпанның күнәсі – құдайдан бала берме деп дұға етуі. Бұл– Алла бұйрығына, табиғат заңына қарсы әрекет. Шолпанның күнәлі болуына біріншіден, отбасылық өмірдің бал күндерін қимау ниетінен болса, екіншіден, Сәрсенбайдың бала сүюге ықылассыздығы әсер етті. Дұрысы, «Баласыз өмір – бос өмір» деген сөзді басқа талай адамдардан естіді, бірақ, жаны сүйген жарынан естіген жоқ. Шолпанға құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті болғандай…Демек, Шолпан күнәлі болды. Үш жылдан соң қана Шолпан өз күнәсін түсінеді, тәубесіне келеді. Күнәсін мойындаған Шолпан Алланың рақметінен де құр қалмады.

Екіншіден, Шолпан қазақтың ұлттық танымына сай әрбір әйелдің өмірінің мәні ана атану екенін түсінген парасатты келіншек ретінде сипатталады. Себебі, Шолпан сәби сүю бақыты, ана атану деген сияқты сезімнің өмірде терең мағынасы барын білді, оны өмірлік ұстанымы етті.

Мағжан өзін Шолпан бейнесін ашуда жан диалектикасының сұңғыла білгірі мен шебер суреткері есебінде көрсете білді. Шешім кейіпкердің ішінде піседі және бір қызығы еркінен тыс жүзеге асады. Былай қарағанда Шолпанның өзгеруіне сырт жағдай себепші көрінеді. Әрине, күйеуі Сәрсенбайдың көрші балаларының тәтті қылықтарын күле сөйлеп, ұзақ әңгіме ғып айтуы Шолпанға қатты әсер етеді. Неге, неліктен оған күйеуінің жайбарақат әңгімесі шаншу болып қадалады? Негізгі мәселе мынада: Шолпан өзінің бақыт туралы бұрынғы түсінігі тайыз, сорақы екенін кенет түсініп қиналады. Яғни, өзінің нағыз ішкі жан дүниесін енді қана түсінеді. Шолпан өмірінің мәні де сәні де перзент сүю, ана атану екеніне көзі жетті. Өйткені, кез келген әйел үшін АНА атанудан артық бақыт жоқ.

Қорыта келгенде, «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде ұлттық психологизмді пайдалана отырып, жазушы Шолпанның бейнесі арқылы отбасындағы қазақәйелініңсан қырлы бейнесін көрсетті. Оны оқырманға толық жеткізу үшін автор Шолпанды түрлі қасиеттермен мүсіндеген. Дәлірек айтсақ, отбасы бірлігін сақтаған, құдай қосқан қосағының бақытын ойлаған, ұрпақ жалғастыру қамына терең мән берген қазақи болмысты әйелдің бейнесін толық сипаттай білген.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. – Алматы: Жазушы, 1987. – 37-б.
  2. Жұмабаев М. Шығармалары, І-ІІ том.–Алматы: Жазушы, 1996. – 117-119 бб.

 

 

 

 

Один комментарий к “МАҒЖАН ЖӘНЕ «ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ»”

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *