Ойын арқылы қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары

 

 

Қазіргі таңда білім беру жүйесінің барлық сатыларының алдында тұрған көкейтесті мәселелерінің бірі білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру, жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау. Осыған сәйкес бүгінгі күн талабы — баланың ақыл-ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, заман талабына сай оны көптілді етіп тәрбиелеу.

Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және киберкеңістікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді. Ана тілі мен шет тілдерін мектепке дейінгі ерте жастан бастап үйренуге қазіргі заманғы қоғамның қызығушылықтары артқан және бұл заман талабына сай қажеттіліктерден туындайды. Мемлекеттік тіл рухани және ұлттық бірліктің негізгі басымдығымен анықталған. Оны меңгеру, мектепке дейінгі жастан басталатын қоғамдық өмірге белсене араласатын және жеке бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын әрбір Қазақстан азаматының борышы және міндеті. Көптілді баланың өзін-өзі бақылауы жақсы дамиды, олар үшінші және төртінші тілдерді тез және жеңіл үйренеді, өмірлік жағдаяттарға тез бейімделеді. Көп тілді тұлға жоғары шығармашылық қабілетке ие болатындығы ғылымда дәлелденген.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңартуға сәйкес мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі құзыреттіліктерін дамытуға және терең білім беруге, соның ішінде тілді үйрету мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады. Білім беру саласына үш тілге үйретуді енгізу қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдар міндетінің бірі болып табылады.
Сондықтан кішкентай бүлдіршіндерге балабақша қабырғасынан бастап тіл үйретудің маңызы зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен оқыту барысында бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің білім деңгейі нақты бағдарламамен берілген. Осыған орай балабақшаның алдына қойған мақсаты: 
-балалардың қазақша ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыру;

-балаларға сапалы да терең білім беру;

-балалардың ойлау дағдылары мен есте сақтау қабілеттерін жетілдіру;

-қазақ тілінде сөйлеу дәрежесін көтеру;

-қазақ тілін құрметтеуге тәрбиелеу;

Осы алға қойған мақсаттарға жету үшін балабақша ұжымы мынадай міндеттермен жұмыс жасады: 

-балалардың қазақ тіліндегі сөздік минимумын қалыптастыру;

-тәрбиелей және дамыта оқыту;

-қазақ тіліндегі дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету;

-байланыстырып сөйлеуге үйрету;

-ауызекі сөйлеудің қарапайым түрлерін меңгерту.

Заман талабына сай әр мұғалім өз сабағын жаңаша ұйымдастырып, шығармашылық ізденіспен өткізеді.Осы мақсат пен міндеттерді негізге ала отырып, өзге ұлт балаларына қазақ тілін ұтымды, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолдануға ізденеміз. Жаңа технологияны, әдіс-тәсілдерді тиімді  қолдану білім сапасын арттырады. Сондай технологияның бірі — ойын арқылы оқыту технологиясы. Оқу үрдістерінде ойын түрлерін балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес түрлендіріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау және тексеру кезінде, яғни оқу қызметінің  кез келген сәтінде оқыту әдісінің құралы ретінде пайдаланамын. Бала тек ойын ойнап қана қоймай, осы ойын арқылы білім алып, жан- жақты тұлға дамиды.

Ойындардың түрлері:

  • Дидактикалық ойындар;
  • Драматизациялық ойындар;
  • Қозғалыс ойындар;
  • Ұлттық ойындар;
  • Рөлдік ойындар;
  • Фонетикалық ойындар.

Тиімді пайдаланылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын бүлдіршіндердің зор ынтамен тыңдап берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені балабақшадағы балалардың аңсары сабақтан гөрі ойынға ауыңқырап отырады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыластана әрі сапалы орындайтын болады.

Ұйымдастырылған оқу қызметі кезінде мынадай ойындарды ойнауға болады: «Саяхат», «Сиқырлы сандық», «Ғажайып қоржын», «Не жоқ?», «Кім жоқ?», «Аудармашы», «Көңілді доп», «Кімнің дауысы?», «Жаңғырық», «Мен бастайын, сен аяқта», «Жалғастыр», «Не артық?», «Есіңде сақта», «Жеуге болады, болмайды» тағы басқа көптеген ойындар.

Сонымен қатар, балалардың тілдерін дамыту үшін әр сабақта өлең-тақпақ, жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылтпаш, сергіту сәттерін жиі пайдаланамыз. Жоспар бойынша мерекелік іс-шараларға өлеңдер, әндер жаттап, түрлі ойындар үйренеді. Сондай-ақ бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін – бұл ертегілер әлемі. Ертегілер балаларды білгір, батыл, ойшыл, еңбекқор, өнерпаз болуына ықпал етеді. Ертегілер немесе шағын көріністер бойынша қойылым көрсету үшін алдымен жүйелі түрде дайындық жұмыстарын түсіндіреміз. Содан кейін балалар өздеріне ұнаған кейіпкерлерін таңдап алады. Сонда ғана әр балаға олардың сөздерін қайталатып, жатқа үйретеміз. Ал, ертегіні сахналаған кезде балалар өздерінің қалаған кейіпкерлерінің сөзін жатқа айта отырып, мінез-құлқын, іс-әрекетін көрсетуге тырысады. Ертегі арқылы баланы адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге болады.

Қорыта келгенде, ұйымдастырылған оқу қызметі кезінде ойын түрлерін пайдалану біріншіден, балалардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден балалардың сабаққа деген қызығушылығын артыру болып табылады.

Аманбаева Мадина Асылханқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *