Яһудилік қазіргі илаһи (хақ) діндердің ең ескісі, бірақ тұтынатын халқының саны ең азы. Қазір яһудилер 18-20 миллион шамасында. Оның 4,4 миллионы Израильде, 6 миллионы АҚШ-та және Еуропа мен әлемнің түкпір-түкпіріне таралған.
Қазіргі яһудилерді «яһуда»(иуда) атауымен бірге, «исраил», «ибрани» деп те атап, бұл атаулардың барлығы бір халыққа берілген. Яһудилік ескі монотеистік дін болумен бірге, өз алдына бөлек сенім, ғибадат жүйесі бар ұлттық дін болып ерекшеленеді. Исраиль ұлдарының нанымы бойынша басқа бір ұлттағы адам яһуди дініне кіре алмайды, оларға кіруге тыйым салынған. Яһудилік діні тек исраиль ұлдарының, яғни еврейлердің ұлттық діні болып табылады.
Тарихы. Исраиль ұлдарының арғы аталары Ибраһим пайғамбар болып табылады. Ибраһимнің Сара және Сараның мысырлық күңі Хажер (қазақша Ажар) атты екі әйелі болған. Ибраһимнің Сарадан Ысқақ (Исхақ), Хажерден Исмаил атты ұлдары туылды. Ибраһим пайғамбардың Ысқақ атты баласынан Яқуб (Жақып) пайғамбар дүниеге келеді. Ал Яқуптың лақап аты Исраиль болып, бүгінгі еврейлер сол пайғамбардың ұрпақтарымыз деп есептеп, өздерін «Исраиль ұлдары» деп атайды. Бүгінгі Исраиль (Израиль) республикасының аты да сол Яқуб пайғамбардың лақап атымен аталады. Сонымен бірге Еврейлердің «Яһуда» деп аталуы, Яқуб пайғамбардың ұлының бірінің аты Яһуда немесе Иуда есімімен байланысты.
Исраиль ұлдарының ең ұлық пайғамбары хз. Мұса, Исраиль ұлдарын Мысырдағы құлдықтан құтқарып, Сина түбегіндегі Тих даласына орналастырып, кейіннен олар Сирия мен Палестина аймақтарына қоныс аударады. Сол жерде өздері бір мемлекет құрып, б.д.д. 933-ші жылы ол мемлекет Исраиль, Яһуда атты екі мемлекетке бөлініп кетеді. Хз. Мұсаның әкелген дінінен алыстаған Исраиль мемлекетін Асур (Ассирия) патшалығы шауып, біржолата жойып жібереді. Ал Яһуда мемлекетін Вавилон мемлекеті басып алып, жер аударуынан кейін яһудилер, жер-жерге таралып кетті. Алайда одан кейін де бастары біріккендерімен мықты мемлекет құра алмады.
Кітаптары. Бүгінгі күнгі яһудилердің қасиетті жазбалары Танах, Талмут деген екі негізгі бөлімнен тұрады. Христиандардың «ескі өсиет» деп атайтын Танах, 1-Тора, 2-Невиим, 3-Китувим деген үш бөлімнен құралады. Тораның арабшасы «Тәурат» деп аталады. Тора да өз ішінен: 1-Теквин, 2-Хуруч (шығу), 3-Левилилер, 4-Сандар, 5-Тесние деп аталатын бөлімдерден тұрады. Тораның түп нұсқа тілі ибранише болып, онда әлемнің жаратылысынан бастап, яһудилердің Мысырға қоныс аударуы, хз. Мұсаның өліміне дейінгі созылған замандағы оқиғаларды қамтиды.
Сенімдері. Яһудилік дініндегі сенімнің негізі тәңірінің барлығы мен бірлігін мойындау болып табылады. Құдайларының аты «Яхве» немесе «Элохим», ол біреу тарапынан жаратылмаған, әуелгісі мен соны шексіз, әлемнің жаратушысы және бұл дүниенің иесі. Олардың сенімдері бойынша құдайдың сүйген ұлты яһудилер, бұл жайында Мұса пайғамбар мен Исраиль ұлдары тәңірімен Синада серттескен. Сондай-ақ, яһудилер періштелерге, ахирет күніне, тағдыр мен қазаға, құтқарушы мәсіхтің келетініне сенеді.
Бүгінгі яһудиліктегі сенім негіздерін яһуди философы Рабби Моше бен Маймон (1135-1204) былай құрастырған: Құдай (Яхве) барлық нәрсенің жаратушысы; Яхве біреу; Құдайдың денесі жоқ, оны суреттеу мүмкін емес; Құдайдың әуелгісі мен соңы шексіз; Біз тек Яхвеге дұға жасап, оған жалбарынуымызға тиіспіз; Пайғамбардың барлық сөздері дұрыс; Хз. Мұса — пайғамбардың ең ұлысы; Қолымыздағы Тора, Яхве тарапынан Мұса пайғамбарға түсірілген кітап және қазірге дейін өзгертілмеген; Дініміз илаһи (Яхве тарапынан жіберілген) бір дін; Құдай адамдардың барлық әрекеттері мен ойларын біледі; Құдайдың бұйрықтарын орындағандар сыйлыққа бөленеді, ал орындамағандар жазаланады; Құдай құтқарушы мәсіх түсіреді; Рухымыз өлмейді. Құдай қалағанын өлтіріп, қалағанын тірілтеді.
Тағы яһудилерде, 10 әмір өте маңызды. Бұл әмірлерді Мұса пайғамбарға Тур тауында Яхве құдайдың өзі берген: Сені Мысыр өлкесіндегі тұтқындықтан шығарған құдайың Яхве – менмін; Қолдан бұт жасап, оларға табынбайсың; Құдай Яхвенің есімін бос жерде атамайсың; Сенбі күнін қасиетті күн деп санап және қасиетті екені әрдайым есіңде болсын. Аптаның алты күнінде жұмыс істеп, сенбі күні демаласың; Әке-шешеңді құрметтейсің; Адам өлтірмейсің; Зинақорлық жасамайсың; Ұрлық жасамайсың; Көршіңе жалған куә болмайсың; Ешкімнің затына, мүлкіне адамдарына жаман көзбен қарап, ашкөздік жасамайсың.
Яһудилер осы сенім мен адамгершілік негіздеріне қоса, мистикалық өмірге мән береді. Бір-бірімен пікірталас жасағанды ұнатады. Олар көбінесе саяси, экономикалық жұмыстармен айналысады.
Ғибадаттары. Яһудилер құлшылықтарын синагогта да (Бет ха Кнесет), үйде де жасай береді. Синагогта оралма қағазға жазылған Тәурат жазбалары сақталатын «Арон ха-кодеш» деп аталатын Құдыс (Иерусалим) жақтан орын тепкен бөлме болады. Сондай-ақ, жеті қолды шырағдан (менора) мен «Давид (Дәуіт) патшаның мөрі» деп аталатын алты бұрышты жұлдызша (қазір Израиль республикасының байрағында бейнеленген) белгілер, яһуди ғибадатханасында болатын белгілердің бірі болып табылады.
Яһудилер үйлерінің кіре беріс есігіне «мезуза» деп аталатын Тәурат үзінділері жазылған оралма қағаздар асулы тұрады. Үйлеріне кіріп-шығатын яһудилер, сол Тәурат үзінділерін сүйіп тұрады.
Олар синагогтарда Тәурат (Тора) жазбаларынан дауыстап оқиды, құлшылықты жүздерін Құдысқа (Иерусалим) қаратып жасайды және ғибадаттарды тек ер адамдар ғана жасай алады.
Яһудилердің ғибадаттарында белгілі тәртіп, не жүйе жоқ. Олар ғибадатханаларында қалағанынша діни өлеңдер оқиды немесе бір-бірімен сұхбаттасады. Сондай-ақ құдайға дұға жасау, ең маңызды құлшылықтарының бірі саналады.
Яһудилердің ғибадаттары, күндік және апталық ғибадат болып екіге бөлінеді. Олар күндік ғибадаттарын таңертең, түсте және кешке жасайды, ал апталық құлшылықтарын сенбі күні (саббат) синагогта жасайды.
Яһуди діни мейрамдары:
Рош ха Шана. Яһуди күнтізбесінде жыл басы есептелетін бұл мейрам, Тишри (яһудише ай аты) айының 1-2-інші күндері тойланады. Яһудилердің сенімі бойынша Рош ха Шана әлем мен адам тағдырының қайта жазылатын күні. Олар осы күні құлшылық жасаумен, тәубе етумен айналысады.
Иом Киппур. Рош ха Шананың алғашқы күнінен бастап, он күнге созылатын бұл қасиетті мейрам, яһудилердің сенімі бойынша құдайдың бір жылдық бағдарламасы бекітілетін уақыт. Сондықтан яһудилер бір жылда құдайдың адамға ауыр тағдыр жазбауы үшін, осы күндері құлшылық жасаумен айналысады.
Песах. Яһудилердің Мысырдан шыққанын еске алу мақсатында тойланатын бұл мейрам, көкек айының 15-інен бастап, 8 күн бойы жалғасады. Бұл мейрамның бір ерекшелігі яһудилер ашытқы қосылған тағам жемейді.
Шавуат. Яхвенің он әмір мен Тәуратты Мұса пайғамбарға берген күні. Бұл мейрам яһуди айы шиван айының 6-ыншы жұлдызынан бастап екі күн бойы тойланады.
Суккат. Суккат мейрамы яһудилердің Мысырдан шыққаннан кейін 40 жыл шөл далада өмір сүргенін еске түсіру мақсатында тойланатын мейрам. Бұл мейрам кезінде яһудилер Иерусалимге зияратқа барады.
Конфессиялары мен ағымдары. Иудаизмнің көп ғасырлық тарихында жікшілдік, секталар, бағыттар, қозғалыстар пайда болды. Бүгінгі уақытта, ғалымдардың пікірінше, мынадай иудаизм бағыттары қалыптасқан: Олар – караим, хасидизм, реформаторлық, консерваторлық, ортодоксальдық. ХІІ-ХІІІ ғасырларда еврей діни ойшылдарының арасында Каббала философиялық көзқарастар жүйесі тарала бастады. Каббалистердің қасиетті кітабы – «Зогар» («Шұғыла»). Каббала Иудаизмнің мистикалық ағымы ретінде ХI ғасырдың басында толықтай қалыптасқан. Оның негізгі қағидаттары 1300 жылы Испанияда шыққан «Зогар кітабында» мазмұндалған. «Зогар» – Құдай қасиетін, адам жанын, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін танытатын талмуд идеясын дамыта түседі.
Зогар бойынша, «Торада Жаратушы Иенің дүниені жаратудағы құпиялы жоспары» мазмұндалған. Яғни, Торадағы әрбір сөз бен әрбір белгі құпиялы сырды білдіреді. Сондықтан, Каббала ілімі бойынша Тораны өз мазмұнында, яғни дұрыс зерделеп оқымау әлемді бүлдіру мен құртуға алып келуі мүмкін. Каббаланың ықпалымен діни-философиялық яһудилік әдебиет (сенім иелерінің өмірін ұсақ-түйегіне дейін реттейтін “Шулхан Арух” атты ХVI ғасырда Иосиф Каро жасаған этикалық- құқықтық жинақ) пайда болған.
Иудаизмнің 4 негізгі конфессиясы бар. Негізгі конфессия – ортодоксальдық иудаизм. Ол өзінің тамыр-бастауын Иудаизм дін ретінде пайда болған кезеңнен алады. Ортодокстар өз ішінде бейортодокстар мен ХаБад хасид қозғалысына бөлінеді. Ортодокстар Талмудта жазылған ережелерді қатаң сақтайды. Бейортодокстар сионизм мен қазіргі заманғы мәдениетті танымайды, синагогаға сенбі күні бару үшін көлік пайдалануға рұқсат бермейді. ХаБад хасидтері сионизмді және қазіргі заман мәдениетін таниды, еврейлерді Тораның барлық өсиеттерін қатаң сақтауға шақырады.
Караимшылдық – б.д. VIII ғасырында Иракта пайда болған. Караимдықтар Израильде, Польшада, Литвада, Украинада қоныстанған. «Караим» сөзі «оқитын», «оқушы» деген мағынаны береді. Караимшылдықтың негізгі ерекшелігі – Талмудтың киелілігі мен әулиелігін мойындаудан бас тартуынан көрінеді.
Хасидизм – XVIII ғасырдың басында Польшада пайда болған. Хасидтер еврейлер жүрген жерлердің барлығында да бар. «Хасид» сөзі «тәлімді», «тәртіпті», «үлгілі» деген мағынаны білдіреді. Хасидтер өздеріне берілгендерден көздеріне жас алған күйлерінде шынайы түрде сыйынып, табынуларын, мінәжат етулерін талап етеді.
Реформистік иудаизм – XIX ғасырдың басында Германияда пайда болған. Бұл конфессияның өкілдері мен жақтаушылары, яғни қолдаушылары еврейлер тұратын елдердің барлығында да бар. Ондағы басты ерекшелік – салт-дәстүр мен ырымға негізделген реформа. Егер ортодоксальдық иудаизмде раввиндер (дінбасылар) Құдайға құлшылық ету мен табыну кезінде айрықша ғибадат киімін кисе, бұл Иудаизмде оның өкілдері Құдайға құлшылықты азаматтық киімде де атқара береді. Егер ортодоксальдық дінде раввиндер Құдайға сыйынуды иврит (еврей тілі) бойынша орындаса, бұл конфессияда жүрген еврей өзі қоныстанған елдің тілінде жүзеге асырады. Егер ортодоксальдық иудаизмде әйелдер ерлерден бөлек жерде құлшылық жасауға міндетті болса, бұл конфессиядағы әйелдердің ерлермен бір ғимарат ішінде ғибадат етеуге мүмкіндігі бар. Реформистік иудаизм – дін ілімінің либералды түрі, онда Талмуд ережелері мен дәстүрлеріне мән аз беріледі. Бастысы – рәсімдерді сақтау емес, қоғамдық белсенділік. Алайда, барлық реформистік иудаизмнің діни жүйесі қатаң бір құдайға сенуге негізделген.
Ал жалпы алғанда, қазіргі заманғы Иудаизм негізгі үш ағымға бөлінеді. Олар: ортодоксальдық, реформалық және консервативтік. Мәселен, қазіргі заман Иудаизмінің үшінші тармағы – ортодоксальдық және либералды бағыттар арасында аралық орынға ие консервативтік ағым. Иудаист-консерваторлар еврей мерекелерін сақтайды және негізгі дәстүрлерді ұстанады. Сондай-ақ, олар заңды қазіргі заман мәдениетімен және философиясымен байланыстырып, жаңаша байқап түсіндіруге тырысады, олар Талмуд-ақылгөйлер Тораны өмірмен қалай байланыстыру керектігін ақылдасатын дамушы жүйе деп есептейді.