АҚПАРАТ, информация (лат. informatio — түсіндіру, баяндау, хабардар ету) — 1) істің жағдайы, қандай да болмасын оқиға немесе біреудің қызметі туралы хабарлау, мәлімет беру; 2) 20 ғ-дың ортасынан бастап адам мен адам, адам мен автомат, автомат пен автомат арасындағы деректер алмасуды, жануарлар мен өсімдіктер арасындағы сигналдар алмасуды, тұқым қуушылық белгісін бір клеткадан басқа бір клеткаға, бір ағзадан (организмнен) екінші бір ағзаға жеткізуді қамтитын жалпы ғыл. ұғым; 3) кибернетиканың негізгі ұғымдарының бірі. А. үздіксіз (аналоггы) не үзілісті (дискретті) болуы мүмкін. А-ты жеткізу, қабылдау, түрлендіру және сақтаудың жалпы мәселелерімен ақпарат теориясы айналысады. А-ты зерттеуде матем. статистика әдістері де қолданылады.