АРДАҚТЫ АҚЫН

Ақын Құралай Омардың өлеңдерін сезімсіз, терең ойсыз оқу мүмкін емес. Ойы өрелі, тілі өрнекті ақын қазақ поэзиясындағы лирикалық өлең жанрын жан-жақты толықтыра түсiп, көркемдiгiн арттырды. ХХІ ғасыр басында әдебиет майданына келген ақындар үшін заман, қоғам тақырыптары аздық ете бастағаны сөзсіз. Оқырмандар рухани қажеттіліктен жаңа ақындарды оқыды, іздеді. Солардың ішінде өзгеше өлең жазып алғаш көзге түскендердің бірі – Құралай Омар дер едім.  «Аппақ қар болу арманым, бірақ, келмейді табандарға тапталғым» деп жырлаған Құралайдың мөлдіреген поэзиясы оқыр­манын жер бетінен көкке қалықтатып ұшырып алып кетеді. Кеңістікте таза, ақынның аппақ өлеңімен бірге өмір сүресің. Бойыңа қуат, көзіңе нұр, жүрегіңе жылылық береді. Жер бетіне сұлулық көру үшін ораласың. 


Құралай ақын белгілі бір құбы­лысты, іс-әрекетті бейнелей суреттеп, өзгеше атау, әр берген (перифраз) өз буынындағы санаулы ақындардың бірі. Алаулаған шынайы, пәк сезімін таза күйінде қағазға түсіре білді. Ақынның өлеңге адалдығы, жырларын бәрінен биік қоятыны өлеңінің әр шумағынан байқалып тұрады. Әрине, қазақта «өлең­ге адалмын» деп жырлаған жүз­деген ақын бар. Бірақ, оқырман мен уақыт хас талантты өздері ажыратып береді. Құралай секілді тілін жүректің ырқына көндіре білген, өнерге шын жанашыр ақындар ғана әдебиет тарихында қалатыны ежелден белгілі. Өлеңін сәбише өбектеп»Көшті таңдар түннен тауып жалғасын, Жалғыздықты жар етейін, тек қана,Сәби жырым жетімсіреп қалмасын» деп жырлаған Құралай «Өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деген Қасым Аманжолов атамызды еске түсіреді. 
Ақын тілі – жүрек! Құралай жүрегінің лүпілі, үні, сазы, тебіренісі жырға арқау болған. Жүректегі сезімі поэзиясында САҒЫНЫШ атты аруға айналған. Оқырман өлеңнен Сағыныш атты арудың көз жасын көріп, мұңын естігендей болады. Жүректің көзін ашып,  өз тілінде сөйлеуіне ерік берген Құралайдың өлеңдері сентиментальді жандарға ауыр тиеді. Ол өзін өлеңдерінде ақ қарға теңейді.
Түссізденіп барамын ба, Жер-Ана?
Қар сияқты едім ғой (сұрағым).
Ақ мамықты қашты, тағы, жел ала
Дәл мен сынды таппады ол тұрағын.
Болмысындағы жақсы қасиеттерін ақ қар арқылы жеткізе біледі. Кейде ақ қарды басқа мәнде де қолданып отырады. Мысалы, «Алланың қардай ақ сенімін арқалап» деген тіркестен мүлде басқа мағынаны байқаймыз. «Сағыну мен аңсауды сап-сары деп жүр едім, Ақ түсте де зарығу бар екенін ұқтым мен» деген жолдарды оқып отырып «ақ түс» ұғымын кеңіте түскенін байқадым. 
Сөз бе еді…
Сағынышқа (көріп көпті),
Аппақ қарда еріп кетті,
Төзбеді.
Жүрек көзі қалай көрді, ақын солай жазған секілді. Дәстүрлі өлеңде кездесетін троппен немесе басқа да теорияға бағынатын дүниелермен са­­лыстыруға келмейді. Ақын өлең­дерінде таптаурын тіркестердің жоқ­тығы, сөздердің жаңа реңк (оттенок) беруі оның өзгешелігінің айғағы. Та­биғаттың тылсым күшіне жан бітіріп тілдесетін ақын жүрегі барлық пендеге бұйырмаған. Жақсы  өлең оқығанда осы сөзімнің шындыққа біртабан жақын екеніне илана түсемін. Әсіресе, шалқар шабытты Құралай ақынның  өлеңдері поэзияның биік өнер екенін ұғындыра түседі.
Мақаламыздың басында Құралай жырларында таптаурын тіркестер, жаттанды сөздер жоқ дедік. Сол сөзімізге тағы бір мысал: Махаббат лирикасы жанрында жазылған өлеңдерде жиі қол­данысқа түсетін күз мезгілі көбінесе сағыныш, қоштасу, жабығуды ғана береді. Ал, Құралайдың жырындағы күзді оқып көріңіз:
Жанарыңнан жаз күтіп ем,
Күз бе едің?
Жүрегіме үңілмедің, жүзбедің.
Аса айырмашылық жоқ секілді, бі­рақ, бар. Бұл күзде қыстың салқыны бар.
Ақынның тағы бір өлеңінде «Күз секілді сүйкімдісіз, қымбатсыз» деген тіркес бар. Екі түрлі күз. Бірінші күз салқын, екінші сүйкімді күз. Ақынның екі күзі бір-біріне қарама-қайшы. Ол оның не нәрсені қандай күйде көреді солай жазатынының айғағы. 
Құралай өлеңдеріне пікір білдірген танымал журналист Қайнар Олжай ағамыз «бұрын кейіпкерін «сіз» дейтін еді, қазір «сен» дейтін болыпты» дегені бар. Иә, ақын өлеңдеріндегі «Сіз», «Сен» сөздерінің қолданылуы сюжетке құрылған секілді. Мен қателесуім мүмкін, бірақ, сөздердің жазылу тәртібі, мәні, уақыты соны көрсетіп тұр.
Пустое вы сердечным ты
Она обмолвясь заменила,
И все счастливые мечты
В душе влюбленной возбудила.
Пушкин
Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің өлеңін оқып шайырдың «Сенді»  «Сіз­ден» биік қойғанын байқаймыз. Пуш­­киннің ұғымында «Сен» сөзі жақын адамға ғана айтылады. Ақын сүйікті адамын жанына жақын тартқысы келеді, алыс емес екендігін «Сен» деп айту арқылы білдіргісі келеді.
Читая «Гамлета»2
И как будто по ошибке
Я сказала: «Ты…»
Озарила тень улыбки
Милые черты.
От подобных оговорок
Всякий вспыхнет взор…
Я люблю тебя, как сорок
Ласковых сестер.
Анна Ахматова
Талантты ақын Анна Ахматованың  өлеңінде де «Сен» жақсы көру мағы­насында жазылған. Байқамай «Сен» деп қалған ақын жақындықтың, ғашық­тықтың отына оранады. Ал, Құралай Омар өлеңдеріндегі «Сен» сөзі  «Сізден» төмен орын алады. Ақын өткенді еске алғанда немесе жақсы сәттерді еске түсірген кезде «Сіз» деп жазады. 
Көрінермін жұмбақ тым,
Қиял – теңіз, тереңіне шым баттым…
Өзіңізді аңсадым.
Сіз – мөлдір мұңсыз, тәп-тәтті қиял,                 тәтті арман,
Сағынышымсыз, елесіңізге сыр                 ақтарған.
Ал, үмітсіздік меңдеген кезде, торығу мен ренішті сәттерде немесе осы шақты жазғанда кейіпкерін «Сен» деп жазады. 
Сен болып ізгі арманым бүгін,
Бейнеңді елес қылып мүлде.
Сезім де бізді арбады, бүрін – 
ағаштың теңестіріп гүлге.
Ақынның «Сен болып ізгі арма­ным бүгін» деген өлең жолынан оның реалистің көңіл-күйін кешіп, ар­манындағы адам мен өзінің екі бөлек екенін ұғынғанын байқаймыз. Бірақ, ол бүгінгіні жазып тұрып та өткен шағында ойша жүргенін өзі байқамай қалған кездері бар. 
Сіз де маған күн сияқты болғансыз.
Қауқары жоқ қар боп мен де ерігем,
Сізден Күн болмаған көңілде.
Сосын…
Сосын барлығынан жерігем…
Өкпелімін сізге және өмірге.
«Сіз де маған күн сияқты болғансыз». – деп «өттің», «кеттің» деген сыңай танытқанымен, кейіпкерді «Сіз» деу арқылы оның әлі биік екенін, күн екенін, сөнбес үміті бар екенін білдіріп қойғандай. Бұл жолдар жоғарыда мысалға келтірілген Анна Ахматова өлеңіндегі «Байқамай «сен» деп қойдым» деген тармақпен үндес келетін секілді. 
Нәзік жүректі, көреген көзді, жаны сұлу Құралай қызға алдағы уақытта да ақындық сергектік тілеймін. Ардақты ақын қыздың асқақ бейнесін әлі талай өлеңдерінен байқаймын деген ойдамын. Теңіздің тентек толқынындай  шабытының күш-қуаты таймайсын деп тілеймін.

Қуаныш ҚОЖАБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *