Адам анатомиясы – адам организмнің пішіні мен құрылысы, шығу тегі мен дамуы туралы ғылым. Анатомия дененің ағзалары мен бөліктерінің пішінін, құрылысын, орналасуын және топографиялық арақатынасын жас, жыныс, жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып жүйелі түрде баяндайды. Ол эмбриология, салыстырмалы анатомия және антропологияның мәліметтерін кеңінен қолданады, қоршаған орта мен әлеуметтік факторлардың, еңбектің, спорттың адам организмі құрылысына әсерлерін анықтайды. Жасқа байланысты анатомия болашақ мамандарды балалар мен жасөспірімдер организмінің құрылыс ерекшеліктерін ескеруді мақсат етеді.
Анатомия пән ретінде медициналық білімнің фундаментін құрады, оны игермеген студент профилді пәндерді оқуы мүмкін емес. Себебі олар медициналық білімнің негізін құрады. Анатомия қазіргі адам құрылысын оқытумен бірге, адам организмінің тарихы қалыптасуын да зерттейді. Анатомия пәнінің бағдарламасы адам денесінің құрылысын, оны құрушы жүйелер, ағзалар және тіндерді білу макро-микроскопиялық анатомия, физиология, биология негізінде және жеке адамның, жынысттық, жастық ерекшеліктеріне сүйеніп, пренаталды дамуы мен анатомо-топографиялық арақатынасын меңгеруге бағытталады.