АҚПАЕВ (А к б а е в ) Жақып (7.11.1876, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. — 1934, Алматы) — қоғам кайраткері, заңгер. Санкт-Петербург ун-тінің заң ф-тін алтын медальмен бітірген (1903). 1903 — 05 ж. Омбы, 1907 — 27 ж. аздаған үзілістермен Семей, Сырдария окр., губ. соттарында қызмет атқарды. 1907 жылдан Орыс геогр. қоғамы Семей бөлімшесінің мүшесі, 1917 ж. “Шора-и исламдағы” қазақ өкілі болды, “Алаш” партиясын және Алашорда үкіметін құруға белсене қатысты, Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Ұлт азаттығы мен теңдігі жолындағы саяси күресі оны 20 ғ- дың басындағы қазақ зиялыларының халыққа ең ықпалды рухани жетекшілерінің бірі дәрежесіне көтерді. Ұлтына сіңірген еңбегін жоғары бағалаған Қарқаралы уезі қазақ к-ті А-тың құрметіне тегін оқытатын “Якуб (Жақып) медресесін” ашты (1.10.1917). А. саяси, таптық күреске, қоғамдық құрылыстың алмасуына тек қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қарады. Қазақ халқының тәуелсіз ел болуы үшін күресті. Сондықтан да Ресейдегі төрт өкімет: патша (1905 — 17), Уақытша өкімет (1917), Колчак (1918 — 19) және Кеңестер (1920 — 34) тарапынан да үздіксіз қуғын-сүргін көрді. 1919 ж. шілдеде ақ қазақтардың далалық соты оны атуға үкім шығарды. Қарқаралы, Кереку, Семей, Омбы, Алматы түрмелеріне қамалып, әлденеше рет (1908, 1910, 1929) жер аударылды. Қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескер ақыры қызыл қырғынның құрбаны болды. А. Казақстан Жоғарғы Сотының 28.02.1958 ж. шешімімен ақталды.