АҚ ОРДА

АҚ ОРДА — 14 ғ-дың 1- ширегінде Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының үлкен ұлы Орда Ежен, оның інілері Шайбан, ШингкүрТұқа- Темір ұлыстары негізінде құрылған мемлекет. 1226 — 1309 ж. А. О-да Орда Ежен (122647/50), Күнқыран (1250/5180), Қоныша (1289 — 1301), Баян (1301 — 09) билік құрды. Астанасы алғашында Шығыс Қазақстанда, Ертіс өз-нің жоғарғы ағысы бойында, Алакөл маңында болды. 13 ғ-дың 2- жартысы мен 14 ғ-дың басында Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалардың экон., мәдени, геосаяси жағынан қайта өркендеуінің және Хайду мен Дуваның Баян ханмен Шығыс Қазақстанда территория үшін талас-тартысының нәтижесінде ұлыс орталығы Сыр бойына көшірілді. 1309 — 15 ж. А. О-да Сасы Бұқа хан билік құрған. Оның ұлы Ерзен (Ибисан) тұсында (1315 — 20) Сыр бойындағы қалаларда көптеген медресе, мешіт, ханака, ғимараттар салынды. Бұл кезде А. О. әлі де Алтын Орданың құрамында еді. А. О. алғаш рет Ерзеннің ұлы Мүбәрәк Қожа хан тұсында өзінің саяси тәуелсіздігін сақтауға ұмтылды. 1327 — 29 ж. оның өзі соқтырған теңгелер айналымда болды. Мүбәрәк Қожа ханның дербестікке ұмтылуы Өзбек хан (1312 — 42) тарапынан қарсылыққа ұшырап, нәтижесінде ол А. О-дан кетуге мәжбүр болды. 1344 ж. Жәнібек ханның (1342 — 57) жарлығымен А. О. тағына Мүбәрәк Қожаның інісі, Ерзен ханның баласы Шымтай хан отырды. Алтын Ордадағы “дүрбелең жылдар” (1359 — 79) Шымтай хан тұсында басталды. 1361 ж. Алтын Орда әмірлері 17 жыл бойы А. О-да билік құрып отырған Шымтайға Алтын Орданың Сарайдағы тағын ұсынды. Бірақ ол Алтын Орда ісіне араласудан бас тартты. Өріс хан (Ұрұс хан, Орыс хан) тұсында А. О. дербес хандыққа айналды. Өріс хан Алтын Орда тағына да отырды. 14 ғ-дың 70-жылдарында Әмір Темірдің бірнеше жорығынан (1370 — 1405) соң, А. О. әлсіреді. Өріс ханның ұлдары Тоқтақия (1375), Темір Мәлік (1375) хандықты күшейте алмады. 1376 ж. А. О-ға Әмір Темірдін қолдауымен Тоқтамыс хан келіп, 1380 жылдан бастап бүкіл Жошы Ұлысын уақытша болса да қайта біріктірді. 14 ғ. 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың 1-жартысында Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы күресте Өріс ханның ұлы Құйыршық Мауераннахр әмірінің жағында болды. Ол Ақсақ Темірдің жеңісінен соң, Шығыс Дешті Қыпшақта билік жүргізді. 1419-22 ж. Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектің қолдауымен А. О-дағы билік басына келді. 1422 — 26 ж. Алтын Орда тағына отырды. 1428 ж. Барақ хан Ноғай мырзаларымен болған ұрыста қаза тапты. Барақ ханнан кейін А. О-да Ежен әулеті құлады да, Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси билік шайбанилар әулетіне (1428 — 69) көшті. А. О. — Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, керей, үйсін, найман, қарлұқ, арғын, т.б.) негізінде құрылған алғашқы мемл. болды. Тарихнамада Ақ Орда, Көк Орда терминдеріне, олардың орналасуына байланысты әлі шешімін таппаған пікірлер көп.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *