АҚНАЗАР, Хақназар (шамамен 1510/20 — 80) — хан (1538 — 80), қазақ халқын біріктіруге, мемлекеттігін нығайтуға айрықша еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, қолбасшы. Қасым ханның ұлы. Әкесінен жастай жетім қалған. А. анасы Қаныкей сұлтан- ханыммен бірге Қасым ханның қарындасы Қараүлікті паналап, Ноғайлының алты ұлы әулетін билеген Шахмамайдың қолында тұрған. А. таққа әкесі өлгеннен (1518) 20 жыл кейін отырды. Бұл екі ортада Қазақ Ордасында хан құтаймады. Біразы (Момыш, Тоғым, Ахмет хандар) сырт жауларымен шайқаста шейіт болды. Қасым хан айбынын асырған Қазақ хандығы іштей әлсіреп, сырт жаулармен күресте ірі-ірі сәтсіздіктерге ұшырады. Батысында Ноғайлы, шығысында Моғолстан, солт-нде Сібір (Көшім хан), оңт-нде өзбек хандықтарының қысымында болды. Осындай кезеңде билікті қолына алған А елінің еңсесін көтеріп, сыртқы жағдайларды Қазақ Ордасының мүддесіне пайдалана білді. Қасым ханның ісін ілгері жалғастырып, Ноғай ордасының бір бөлігін қазақ хандығына қосты. Мемл. шекарасын Еділ мен Жайыққа жеткізді. Башқұрт халқының Ресейге мойынсұнбаған бөлігі де Қазақ Ордасының құрамына кірді. Орыс патшасы Иван Грозный А-ды құдіретті әмірші ретінде танып, елшілер жіберіп тұрды. А. Сібір хандығымен күрестің нәтижесінде Орта жүздің шетте жүрген руларын оңт-ке топтастырды. Ойраттарға (1554) күйрете соққы берді.
Моғолстан ханы Абд әр-Рашид ұлы Абд әл-Ләтиф сұлтанды жеңіп (1555), Ұлы жүз руларының көпшілігін қосып алды. Моғолдар шебі Тәңіртаудан әрі ысырылды. Түркістан, Сығанақ, Сауран, Сайрам, Тараз қ-н қайтарып алды. Қырғыздардың бір бөлігі А-ды хан деп таныды. Бұдан соң Шайбани ұрпақтарымен саяси-дипломат. тәсілдермен де, қарудың күшімен де шешуші ұрыстар бастады. Бұхар ханы Абдолла мен Ташкент уәлаятының әмірі Баба сұлтанның алауыздығын пайдаланып, Ташкентті қосып алуды көздеп жүрген А. жорықта қаза тапты. А-дан Дінмұхамед, Мұңғытай, Бозғыл есімді балалар қалған. Дінмұхамед біраз уақыт Ташкентті және Хиуаны билеген.