АҚМОЛЛА, Муфтахетдин Камалетдинұлы Мұхамедияров (26.12. 1831, қазіргі Башқұртстан Респ. Белебей ауд. — 8.10. 1895, Миас ауд. Сарласан а.) ақын, ағартушы. Шешесі — Бибігүлсім Сәлімқызы. Әкесі қазақ, бірақ ерте қайтыс болған. А. жеті жасынан бастап тәрбиелеген өгей әкесі Камалетдиннің баласы болып кетеді. Хат таныған соң, өз бетімен оқып, өлең шығара бастайды. 1863 ж. Стерлитамак қ-ндағы медресені бітіріп, Орынбор, Троицк қ-ларында оқуын жалғастырады. Троицк қ. маңындағы Қарабалық а- нда бала оқытады. Халық оны “А.” атап кетеді. Ел ішінде зор беделге ие болып, әлеум. және ұлттық теңсіздікті әшкерелеген ол жалған жаламен 1867- 71 ж. түрмеде отырған. Ақталып шыққаннан кейін Қостанай, Қызылжар, Көкшетау қ-ларының маңындағы қазақтар арасында бала оқытады, өлең жазумен айналысады. Өзін “жәдитшілдік” ағымның бастаушысы Ш. Маржанидің шәкіртімін деп есептеп, оның ағартушылық жолын дәріптейді. Ақынның көзі тірісінде 1892 ж. “Дамулла Шиһыбеддин хазіреттің мәрсиясы” (қазақша “мәрсия” — жоқтау) деген жалғыз кітабы жарық көрген. Бұл кітап А. есімін қазақ, татар, башқұрт арасына кеңінен таратты. Ақынның бірсыпыра өлеңдері 1904 ж. “Ақмолла” деген атпен, біршама толық жинағы 1907 ж. “Мәшһүр шайыр Ақмолланың өлеңдері” деген атпен жарық көрді. Ақын өз өлеңдерінде жаңа ағымның басшысы Маржаниді мадақтады, жаңашылдықты, өнер-білімді, қоғамдық пәндер мен орыс тілін медресе жүйесіне енгізу туралы мәселелерді жырлады. А. өлеңдерінде араб, парсы, кітаби сөздер жиі кездессе де, ойы орамды, тілі бейнелі, көркем кестелі келеді. “Көктем”, “Жаз”, “Күз”, “Табиғат құбылыстары”, т.б. өлеңдері арқылы қазақ поэзиясындағы табиғат лирикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты. 1911 — 16 ж. Троицкіде шыққан сатиралық журналдың “Ақмолла” аталуы да ақынның халық арасына кең тараған шығармашылық беделінің айғағы. С. Сейфуллин 1935 ж. А өлеңдерін құрастырып, “Ақмолла” (өлең жинағы) деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Оған өзі алғы сөз жазды. 1981 ж. А-ның туғанына 150 жыл толуы салтанатпен мерекеленді. Мәскеуде оның өмірі мен шығармашылығына арналған жұртшылық өкілдерінің жиналысы өткізілді. 1986 ж. ақын өлеңдері “Күндер мен түндер” деген атпен қазақ тілінде басылды. Ақын кісі қолынан қаза тапқан. Миас қ- ның зиратында жерленген. А- ның туған ауылында мемл. мұражайы жұмыс істейді.